Вторник, Апрель 23, 2024
Басты > Жаңалықтар > Қазақтың көрнекті жазушысымен тағылымды кездесу өтті

Қазақтың көрнекті жазушысымен тағылымды кездесу өтті

Әдебиет саласында толассыз қызмет етіп, бар саналы ғұмырын қазақ әдебиетінің, тілінің өркендеуіне арнаған қазақтың көрнекті жазушысы, ҚР мемлекеттік сыйлығының иегері, Ақтөбенің киелі Байғанин топырағынан шыққан қаламгер Қажығали Мұханбетқалиұлымен кездесуге арналған «Талант табиғаты тегінен» атты әдеби кеш университетіміздің Студенттер сарайында өтті. Әдеби кеш қаламгердің 75 жасқа толған мерейтойына арналды.

Салтанатты басқосуға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев бастаған облыс зиялылары, жазушының туыстары, университетіміздің профессор-оқытушылар құрамы мен студенттер қатысты.

Әдеби кеш Қажығали Мұханбетқалиұлы жайында түсірілген шағын деректіфильммен басталды. Кешті танымал ақын Бауыржан Бабажанұлы жүргізіп отырды.

Кіріспе сөз алған мерейтой иесі: «Адамның кіндік қаны тамған жері, өскен ортасы, оны қоршаған әлемнің өзі бүкіл болмысыңа әсер ететіні сөзсіз. Сондықтан да адам туған жерін сағынады, туған жеріне асығып тұрады. Елге жиі келіп тұрамын. Жақында өткен «Ақтөбе – құтты мекен» форумы аясында туған жерге келіп, Ақтөбе топырағында туып-өскен белгілі тұлғалардың басы бірігіп, облысымызда бұрын-соңды болмаған үлкен шараның куәсі болдық. Елді сағынып келген кезде, оның үстіне мерейлі 75 жасқа толып жатқан кезде, елге сәлем беріп, халық алдында есеп беру азаматтың борышы деп санаймын», — деді өз сөзінде.

Әдеби кеште Қажығали Мұханбетқалиұлына облыс әкімі Бердібек Машбекұлы құттықтауын жеткізді: «Әрбір ұлт үшін ең негізгісі — ол әдебиет, өнер, спорт, тарих. Осылар арқылы сол ұлтты басқа мемлекет таниды. Ақтөбені, елімізді басқа мемлекеттерге танытып жүрген жерлесіміз Қажығали Мұханбетқалиұлының қаламынан туындаған шығармалары өте құнды дүниелер. Кітап арқылы адам рухани байымақ. Қолбасшы, батыр, біртуар тұлға Сырым Датұлын зерттеп, зерделеп, қалың оқырманға ұсынған Қажығали Мұханбетқалиұлының «Тар кезең» тарихи романы өсіп келе жатқан ұрпаққа өнеге»,-дей келе, облыс басшысы жазушыны мерейлі жасымен құттықтап, иығына құрметпен шапан жапты.

Сонымен қатар бұл кеште белгілі ақын, көрнекті публицист, «Адырна» журналының бас редакторы Мейірхан Ақдәулетұлы қаламгердің шығармашылығы жөнінде кеңірек тоқталды.

Кеште «Аққу» ансамблі «Тойбастар» биін билесе, университетіміздің филология факультетінің 4-курс студенті, айтыскер ақын Қайырхан Жұбаниязов арнау арнады.

Кездесу барысында студенттер жазушы шығармашылығы, өмір жолына байланысты, кездескен қызықты оқиғалар, жазушымен оқырман арасындағы байланыс жайында сұрақтар қойып, оларға тұщымды жауап алды.