Воскресенье, Апрель 5, 2020
Басты > БАҚ біз туралы > Көрнекті жазушы Қ.Мұхамбетқалиұлы 75 жасқа толды

Көрнекті жазушы Қ.Мұхамбетқалиұлы 75 жасқа толды

Көрнекті жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Қажығали Мұхамбетқалиұлы 75 жасқа толды. Осыған орай Құдайберген Жұбанов атындағы өңірлік мемлекеттік университетте «Талант табиғаты — тегінен» атты әдеби кеш өтті. Мерейтой иесін облыс әкімі Бердібек Сапарбаев құттықтады.

Сөз зергері Қажығали Мұхамбетқалиұлының есімі оқырманға жақсы таныс. Қазақ әдебиетінде өзіндік қолтаңбасы бар жазушының туындылары өткен ғасырдың 60-шы жылдарынан бастап танылды. Оның «Жұлдызды түндер», «Тоғай сыбдыры», «Жаңғырық», «Старые друзья», «Қайдасың сен махаббат» кітаптары жарық көрді. Туындыларының мазмұны адамдарды жақсылыққа үндейді дейді шара қонақтары.

Кеш барысында жазушының шығармалары кеңінен таныстырылды. Оның әйгілі «Тар кезең» тарихи романын оқырман қауым жақсы біледі. Онда Сырым батыр туралы, сол кездегі күрделі кезең толығымен сипатталған. Суреткер осы туындысы арқылы 2004 жылы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының иегері атанды. Бұл Тахауи Ахтановтан кейінгі мемлекеттік сыйлықты алған екінші ақтөбелік жазушы болды. Әдеби кешке қатысқан облыс әкімі Бердібек Сапарбаев мерейтой иесін құттықтап, иығына шапан жапты.

Бүгінгі кешке ақын-жазушылар мен оқырман қауым түгел жиналды. Мерейтой иесіне құрмет көрсетілді. Шараның өскелең ұрпаққа берері мол болды. Өнерпаз жастар концерттік бағдарлама дайындады.

Жұлдыз Алмасқызы

источник