Четверг, Март 28, 2024
Басты > Жаңалықтар > Университет аймақтық БАҚ өкілдерін құттықтады

Университет аймақтық БАҚ өкілдерін құттықтады

2017 жылдың 26 маусымында Байланыс және бұқаралық  ақпарат құралдары қызметкерлерінің күніне орай университеттің маркетинг орталығы мен баспасөз қызметі бөлімінің ұйымдастыруымен Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің мәжіліс залында «Бұқаралық ақпарат құралдарының білім беру саласын дамытудағы рөлі» атты аймақтық БАҚ өкілдерімен кездесу өтті.

Шараға Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің ректоры, проректорлары, «Қазақстан» РТРК АҚ Ақтөбе облыстық филиалының өкілдері, «Шамшырақ-Ақтөбе» ЖШС өкілдері, «РикаТВ» телекомпаниясының өкілдері, журналистер қауымы, БАҚ өкілдері және университетіміздің филология, педагогика факультетінің декандары мен профессор-оқытушылары құрамы қатысты.

Журналистермен өткен басқосуды университет ректоры, профессор Бауыржан Аманкелдіұлы алғысөзімен ашты. «Қадірлі қонақтар! Алдымен Сіздерді төл мерекелеріңізбен құттықтаймын! Бүгін бас қосуымыздың себебі өздеріңізбен еркін, мамыражай әңгіме-дүкен құру. Университетімізде өтіп жатқан шаралар, білім саласында болып жатқан жаңалықтар, жетістіктер халық құлағына тиіп, оқырмандарымызға жетіп жатуында сіздердің қосып жүрген үлестеріңіз зор. Қош келдіңіздер!» деді өз сөзінде.

Кездесу барысында университеттің ғылым және инновациялар жөніндегі проректоры Рахым Бекназаров ««Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын Ақтөбе облысында жүзеге асыру бойынша БАҚ-қа жобалар ұсынды. Тәрбие жұмысы және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректор К.Ж.Төребаева «Шығармашылық фестивалі» жобасы жайындағы баяндамасын жасады.

Университет проректорлары баяндамасынан соң облыстық «Ақтөбе» қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы Бауыржан Бабажанұлы, танымал журналист Ұзақбай Қауыс, журналист, ақын Ертай Ашықбаев, журналистер одағының мүшесі Болат Баймұхановтар БАҚтың қоғамдағы орны, білім саласына қосатын үлесі жайында, Жұбанов университетінің мәдениеттің қара шаңырағы екендігіне тоқтала отырып, осындай тағылымды шараның өтуіне мұрындық болған университет ректоры Бауыржан Аманкелдіұлына жылы лебіздерін білдірді.

Сондай-ақ, шарада филология факультетінің деканы Күлзат Садирова «Филолог – журналистерді дайындау мүмкіндігі» атты серіктестік бойынша ұсыныстар пакетін презентациялады.

Шара соңында университет ректоры БАҚ өкілдерін Жоғары білім саласындағы жетістіктерді сапалы насихаттауға қосқан үлестері үшін арнайы Алғыс хаттармен, ынталандыру сыйақыларымен марапаттап, ғалым Қ.Жұбанов суреті бейнеленген кілемшелерді табыс етті. Мерекелік кеште қонақтарға арналған Фуршет ұйымдастырылды. Танымдық, тағылымды басқосудан жиналғандар ерекше көңіл-күймен тарқасты.