Четверг, Апрель 25, 2024
Басты > Жаңалықтар > Cтуденттер сарайындағы жастар форумы

Cтуденттер сарайындағы жастар форумы

Кеше Студенттер сарайында «Мен Ақтөбені таңдаймын» жастар форумы өтті.

Жастар форумында Ақтөбедегі жоғары оқу орындарында білім алатын үлгілі студенттер облыс әкімі Бердібек Машбекұлының стипендиясын алды және оларға «Жас Ақтөбе» жастар сыйлығы тапсырылды. Салтанатты шараға жоғары оқу орындары мен колледждердің студенттері, жастар ұйымдары, белсенді студенттер мен аудандағы жастар  қатысты.  Жиында «Қазақстан КТК Одағы» жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Е.Елеукен, «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары республикалық штабының төрағасы Т.Болысов қонақ болды.

Шара барысында Студенттер сарайының кіреберіс фойесінде барлық жоғары және арнаулы орта оқу орындарының тәрбие, білім, ғылым бағытында жасалған жұмыстарының көрмесі ұйымдастырылды.

Форумды кіріспе сөзбен облыс әкімі Бердібек Сапарбаев ашты: «Әрбір ұлттың, мемлекеттің, қоғамның дамуы жастарға  байланысты. Жастарда жігер, қайрат, жаңашылдық, ізденімпаздық бар. Сондықтан әрбір мемлекет өз болашағы үшін жастарға үлкен көңіл бөледі. Ширек ғасырда Қазақстан, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жастарға қамқорлық көрсетіп келеді. Қазір жастардың арқасында Қазақстанды, қазақты бүкіл дүниежүзі біледі. Біздің жастарымыз мәдениетте, білімде, спортта, өнерде Қазақстанның атын шығарып, абыройын биіктетіп жүр. Қазіргі таңда Қазақстанда Ақтөбе жастарының алар орны бар. Қазақстанның жеткен жетістігіне Ақтөбе жастарының да қосқан үлесі зор», — деді, ол өз сөзінде.

Салтанатты жиында барлығы 285 студент облыс әкімінің стипендиясын иеленіп, оның ішінде Қ.Жұбанов атындағы  Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің үздік, белсенді 118 студенті марапатталды. Сонымен қатар облыс басшысы  университеттің әлеуметтік мәселелер және жастар саясаты департаментіне «Үздік жастар ісі жөніндегі комитет» сертификаты мен  100 000 теңге ақшалай сыйлықты табыстады.

Марапаттау шарасы мерекелік концертке ұласты.