Пятница, Март 29, 2024
Басты > Жаңалықтар > Университет студенттері су экологиясын жақсартуға үлес қоспақ

Университет студенттері су экологиясын жақсартуға үлес қоспақ

Сусыз тіршілік жоқ екені баршамызға мәлім. Қазіргі таңда жер бетіндегі экологиялық мәселелер адамзат қауымын алаңдатып отырғаны рас. Оның ішінде су қорларының ластануы өзекті болып отыр. Бұл мәселе Қазақстанға, оның ішінде Ақтөбе облысына да тән. Осы мәселеге орай, олардың шешілу жолдарына өз үлестерін қосу мақсатында Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің жаратылыстану факультетінің экология мамандығының студенттері өздерінің зерттеу жұмыстарын жүргізіп, ғылыми жобаларын ұсынды.

Университеттің жаратылыстану факультеті базасында өткен «Су экологиясы» студенттердің ғылыми жобалар сайысын «Таза мекен» әлеуметтік-экологиялық қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды. Сайыс ағынды суларды тазалаудың әдістері мен қазіргі құрылғылары және Ақтөбе облысының кәсіпорындарында тазалау қондырғыларын қолдану саласы — осы екі бағыт бойынша жүргізілді. Осы бағыттар бойынша университетіміздің экология мамандығының 2-4 курс студенттері арасынан барлығы 18 ғылыми жоба байқауға ұсынылды.

Ғылыми жобаларын қорғау барысында студенттер су ресурстарын үнемді пайдалану, ағынды суларды тазартуда технологияларды тиімді қолдана білу, қондырғыларды жаңартуға орай тың идеяларымен бөлісті.

Студенттердің ғылыми жобасын «Таза мекен» әлеуметтік-экологиялық қоғамдық бірлестігінің төраға орынбасары С.Г.Логинов, бірлестіктің жетекші-эколог мамандары және Ақтөбе облысы бойынша табиғи ресурстар мен табиғатты пайдалану мемлекеттік басқармасы басшысының орынбасары А.И.Кубенов сараптап, үздік жобаларды анықтады.

Ағынды суларды тазалаудың әдістері мен қазіргі құрылғылары бағыты бойынша «Ағызынды суларды тазартудағы өсімдіктер мен микроағзалардың рөлі» тақырыбындағы  ғылыми жобасымен экология мамандығының 2-курс студенті Нұрзада Максутова мен «Ағынды суларды биотехнологиялық әдістермен тазарту» тақырыбында мазмұнды зерттеу жасап, тың идеясын жеткізген экология мамандығының 4-курс студенті Жансая Ғұбайдоллина бірінші орынды жеңіп алды.  Ағынды суларға биологиялық тазалау жүргізу жолдарын ұсынған экология мамандығының 4-курс студенті Санама Шектыбаева жүлделі үшінші орынға лайық деп танылды.

Ақтөбе облысының кәсіпорындарында тазалау қондырғыларын қолдану бағыты бойынша бірінші орынды «Ағынды суларды тазалаудың әдістері мен қазіргі құрылғылары» тақырыбындағы ғылыми еңбегімен экология мамандығының 4-курс студенті Айдос Болатов иеленсе, екінші орынды «Мұнаймен ластанған ақаба суларды флотациялық әдіспен тазалау ерекшелігі» зерттеу жұмысымен Әділбек Тұяқов, үшінші орынды ағызынды су құрамындағы ауыр металдарды анықтау жолдарын зерттеген Жұлдыз Мұратова иеленді.

Жүлделі орын алған студенттер ұйымдастырушылар тарапынан Мақтау қағаздарымен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Сайысты ұйымдастырушылардың бірі «Таза мекен» әлеуметтік-экологиялық қоғамдық бірлестігінің өкілі Алексей Бессоновтың айтуынша, жүлделі орын алған студенттерімізбен алдағы уақытта тығыз байланыста жұмыстар атқарылып, олардың жобалары жүзеге асырылатын болады.