Суббота, Апрель 20, 2024
Басты > Жаңалықтар > Биология пәні ағылшын тілінде жүргізілуде

Биология пәні ағылшын тілінде жүргізілуде

Қазіргі уақытта мемлекет тарапынан ерекше басымдық берілген «Үш тұғырлы тіл» бағдарламасының жүзеге асырылуына биология кафедрасының аға оқытушысы Роман Кузембаев елеулі үлес қосып келеді. Жуырда «Биология» мамандығының көптілді оқу тобының 3-курс студенттеріне ағылшын тілінде ашық сабақ өтті. Бұл шара химия, физика, математика сынды жаратылыстану пәндерімен кіріктіріліп, интерактивті сипатта жүргізілді.

Оқытушының  ағылшын тілін еркін меңгеруі,  сабақ жүргізудегі  асқан шеберлігі, дәстүрлі емес әдіс-тәсілдерді қолдануы, студенттермен етене қарым-қатынас  ұстануы, ағылшын тіліндегі мақал-мәтелдермен топта жылы ахуалды қалыптастыруы сабақтың  өте тартымды, қызықты әрі табысты болуының  басты көрсеткіштері болып табылды.

Роман Кузембаевтың осы оқу жылында бастаған оқытушылық қызметінің қысқа мерзім аралығындағы байқалған нәтижелері — топ студенттерінің ағылшын тілін үйренудегі алғашқы қадамдары қуанарлық жағдай. Студенттердің көңілді жүздерінен ағылшын тіліне деген құлшынысын, ұстаздарына деген шынайы алғысын аңғаруға болады.

Ашық сабаққа тәжірибе алу мақсатында биология кафедрасы оқытушыларынан өзге химия және химиялық технология кафедрасының өз пәндерін ағылшын тілінде жүргізетін оқытушылар, аға оқытушы Алмагүл Агишева, доцент Қарлыға Алмұратова, сонымен бірге осы кафедраның көптілді оқу тобының студенттері қатысты. Пікір алмасу, сабақ нәтижесіне баға беру ағылшын тілінде өтті.