Четверг, Апрель 25, 2024
Басты > Жастар саясаты > Жаратылыстану факультетінің «Күз Ханзадасы мен Ханшайымы» анықталды

Жаратылыстану факультетінің «Күз Ханзадасы мен Ханшайымы» анықталды

«Келіп қапты-ау сағыныштай сары күз». Ақын жырына осылай қосқан күз мезгілінің өзіне тән ерекшелігі, әсемдігі баршамызға аян. Осындай әсемдікті университетіміздің студенттері де назардан тыс қалдырмады. Күз мезгілінің көркемдігін паш ету, мол байлығын насихаттау барысында жаратылыстану факультетінің белсенді студенттері «Алтын күз» кешін ұйымдастырды.

«Алтын күз» кешінде факультеттің «Күз Ханзадасы мен Ханшайымы» анықталды. Ол үшін студенттерден құралған топтар өздерін таныстыра білу, «Өнерің өрге жүзсін», «Сұрақ — жауап», «Қолөнер» және «Сән үлгісі» турлары бойынша бақ сынады.

Студенттер мерекелік кешке ерекше дайындалғандықтарын аңғартты. Сайысқа түскен жұптар жиналғандарға айырықша көңіл күй сыйлады. Сайыс нәтижесінде сөйлеу шеберліктерімен, өнерлерімен оқ бойы озық шыққан биология мамандығының 1-курс студенттері Қайрат Бақытжан мен Назерке Баубекқызы жұбы факультеттің «Күз Ханзадасы мен Ханшайымы» атанды.

«Ең әдемі жұп» номинациясын экология мамандығының 1-курс студенттері Еркебұлан Аманғалиев пен Нұрай Қосай иеленді. Ал «Ең өнерлі жұп» номинациясына биология мамандығының 1-курс студенттері Нарман Сағынғанов пен Гүлдана Ахметовалар лайық деп танылды. Үшінші жүлделі орынға биология мамандығының 1-курс студенттері  Мирас Мереев пен Көркемай Бихатова ие болды. Ал екінші жүлделі орынды химия  мамандығының 1-курс студенттері Есет Қарабасовпен Құралай Айдар жұбы иеленді.

Кеш соңында жүлделі орын алған жұптарға Дипломдар мен естелік сыйлықтар табыс етілді.

Мұндай шаралардың студенттердің тіл байлықтарын дамытуына, жұппен, топпен және ұжыммен жұмыс істеуге, сондай – ақ, эстетикалық талғамының және сөйлеу мәдениетінің қалыптасуына үлкен септігін тигізері сөзсіз.