Пятница, Апрель 19, 2024
Басты > Жаңалықтар > Кәсіби бағдар беру жұмыстары Ойыл ауданында жалғасты

Кәсіби бағдар беру жұмыстары Ойыл ауданында жалғасты

Университеттің «Кәсіби бағдар беру және дайындық курсын жүргізу» бөлімінің кезекті сапары Ойыл ауданында жалғасты. 

Болашақ мектеп бітірушілермен кездесу аудандағы Ойыл қазақ орта мектебінің акт залында өтті.  Оған аталмыш мектеп оқушыларымен бірге  Ш.Бекмұхамбетова атындағы мектеп-гимназиясы, Ж.Жүсібалиев атындағы Ойыл қазақ орта мектептерінен 100-ге жуық оқушы бас қосты. Сонымен қатар олардың ата-аналары да қатысты.

Кездесуді «Кәсіби бағдар беру және дайындық курсын жүргізу» бөлімінің жетекшісі Жамиля Идиева университет жайындағы презентациясымен ашты. Презентацияда университеттің материалдық-техникалық базасы, академиялық ұтқырлық бағдарламасы, арнайы гранттар, студенттерге берілетін жеңілдіктер, студенттердің әлеуметтік-тәрбиелік жұмыстары жайында баяндады. Ж.Идиева өз сөзінде  «Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті 83 жылдық тарихы бар оқу ордасы екендігіне, қазіргі таңда бакалавриат бойынша 55 мамандық, магистратура  бойынша 21 мамандық және 1 PhD докторантура бойынша кадрлар дайындайтындығы жайында, университетте 10 факультет, 32 кафедра жұмыс жасайтыны туралы айтты. Сонымен қатар ол мамандықтардың 88% аккредитациядан өткендігін ерекше атап өтті».

Бөлім жетекшісі кездесу барысында Ойыл қазақ орта мектебінің директоры Шынаргүл Сағынтайқызына университет ректоры Б.А.Ердембековтің атынан жоғары оқу орны мен аудан мектептері арасындағы байланысты нығайтуға қосқан үлесі үшін Алғыс хат табыстады.

Университеттің әр факультетінен барған өкілдер басқосуда оқушыларға өздері дайындайтын мамандықтар жайында кеңінен мағлұмат берді. Кәсіби бағдар беру тобы сондай-ақ, университеттегі қосдипломдық білім беру жүйесі, 1-курс студенттерін жатақханамен қамтамасыз ету мүмкіндігі, әлеуметтік көмекке мұқтаж студенттерге жәрдем көрсету үрдісі, оқу процесіне қатысты материалдық база жайында және ер балалар үшін әскери кафедрада оқу мүмкіндігі туралы да ақпараттар берді.

Университеттің филология факультетінің 3-курс студенті Гүлдерай Серікқалиева мектеп оқушылары алдында сөз сөйлеп, университет жайлы бейнероликті  назарға ұсынды.

Кездесуге қатысқан мектеп оқушылары өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып,  оқытушылардан кеңес алды.

Солардың бірі Ойыл ауданы Ж.Жүсібалиев атындағы Ойыл қазақ орта  мектебінің 11-сынып оқушысы Әлия Ұлықпанова: «Мамандық таңдауда әр адам қателеспеу керек. Жұбанов университетінің студенті атану арманым. Сол үшін алдағы уақытта педагогика факультетіне оқуға тапсырғалы отырмын. Бұл университет  — аймақтағы ең беделді жоғары оқу орындарының бірі және мектебімдегі ұстаздарымның көбі осы университет түлектері. Мен де солар сияқты білім алып, ұлағатты ұстаз атанғым келеді».

Ал, Ойыл қазақ орта мектебінің 11-сынып оқушысы  Дәурен Манас: «Мамандық таңдау – бұл өмірдегі күрделі шешімнің бірі. Өз ісіңді таңдар алдында қандай мамандықтар бар екендігін және бұл мамандықтың не үшін керек екендігін біліп алған жөн. Бүгін Жұбанов университеті  өкілдерімен кездесіп, біраз мағұлмат алдық. Мен ата-анаммен ақылдасып, осы  университеттің техникалық факультетінің «Металлургия» мамандығына оқуға түсуді мақсат етіп отырмын. ҰБТ-дан сәтті өтіп, студент атансам, бүгінгі шараға қатысып, өнер көрсеткен белсенді студенттер сияқты университеттің қоғамдық шараларына атсалысып, өз үлесімді қосқым келеді» – деді.

Ойыл ауданындағы сапар нәтижесінде университетке жалпы  саны 37 болашақ мектеп түлегі оқуға түсуге ниет білдірді, олардың ішінде педагогикалық мамандықтарға деген қызығушылық басым болды.

 

Сандуғаш БАЙҒҰЛҚЫЗЫ