Суббота, Апрель 20, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Ту ұстап, тұлпар мінген тархан Есет

Ту ұстап, тұлпар мінген тархан Есет

Ұшқан құстың қанаты талатын Ұлы даланы ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғаған бабалар ерлігі ұрпаққа ұран, ұлтқа ұлағат болып қалғаны тарихи ақиқат. Ел үшін шыбын жанын шүберекке түйіп, халқының қас жауына қасқая қарсы тұрып, қол бастаған Есет батырды  қазақ жұрты қашанда естен шығарған емес. Кешегі кеңестік кезеңде кесенесін көтеруге ынта білдіргендерді жазалап, бейітін трактормен түріп тастағысы келсе де халық Есет батырдай асыл тұлғасын естен шығармай, оны әулие тұтып, ардақтады. Ал еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін алғашқылардың қатарында  Есет батырдың 325 жылдығы Ақтөбе топырағында ұлан-асыр тойланып, атап өтілді. Егемендіктің елең-алаңындағы өлара шақтың қиындығына қарамастан ақтөбеліктер 160 киіз үй тігіп, қонақтарды күтіп, бәйгеге үш жүзден астам жүйрік қосып, балуандар күрестіріп, баба рухын асқақтатып тастап еді.

Міне, араға 25 жыл салып, Есет батырдың 350 жылдығы облыста кеңінен мерекеленді. Осындай мерекелік шараның аясында Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің Студенттер сарайында «XVII және XVIII ғасырлардағы қазақ-жоңғар қақтығыстарындағы  халық батырларының ролі: қазақ бірегейлігінің қалыптасуы» деген тақырыпта халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізілді. Бұл шараға зиялы қауым, тарихшы ғалымдар, өлкетанушылар, зерттеушілер, музей ісінің мамандары қатысты. Конференцияның мақсаты — XVII және XVIII ғасырлардағы қазақ-жоңғар қатынасы барысындағы батырлардың ролі және Есет батырдың қоғамдық-саяси қызметін саралау және өнегелі өмірі мен қазіргі зерттелуінің нәтижелерін баяндау, жаңа мұрағаттық құжаттарды ғылыми айналымға енгізу.

Есет батыр қазақ халқының жоңғар-қалмақ басқыншыларына қарсы күресте есімі елге танылған дарабоз батырларының бірі ғана емес, бірегейі деу орынды болмақ. Әбілқайыр ханның сенімді серігі.

Конференцияны қысқаша кіріспе сөз сөйлеп ашқан облыс әкімінің орынбасары  Ербол Нұрғалиев ұрпағына ұран болған ұлы тұлғаның өшпес ерлігі мен өмір жолы кейінгілерге өнеге екеніне тоқталды. Баба рухына бағытталған шаралардың  бұған дейін де өткізілгенін тілге тиек ете келіп, Елбасының  «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында туған өлкені тануды, тарихымызды түгелдеуді, ұлттың ұлы тұлғаларын кейінгі ұрпаққа ұлағат етуді алға қойғанын атап өтті.

— Елдің бірлігін нығайтуда, сырт жаулардан қорғауда жан аямай күрескен, ұлты үшін ұлы істер істеген Есет батырдың жоңғар-қалмақ шапқыншыларына қарсы «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» тізе қосып күрескені тарихтан белгілі. Батырдың рухына бағышталған шаралар биыл көп бұрын басталды. Батырға деген құрмет мұнымен аяқталмайды, жалғаса береді, — деді ол.

Ербол Нұрғалиев қызметтік іссапарда жүрген облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың конференцияға қатысушыларға деген ыстық ықыласын жеткізіп, конференция жұмысына сәттілік тіледі.

Конференцияда сөз алған ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, әл – Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті «Қазақстан тарихы» кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының докторы Берекет Кәрібаев Есет батыр  және он сегізінші ғасырдағы қазақ тарихы мәселелеріне тереңірек тоқталды. Ол қазақ хандығын екі кезеңге бөліп, түйінді ойларымен сабақтастырып, тарқата әңгімеледі. Ел басына күн туған аласапыран заманда қара халықтың қамын жеген қаһарман ұлдың бірі Есет батыр туралы ойын өрнекті ойларымен түйіндеді. Сол кездегі қоғамдық жағдайды сараптай саралады.

Одан кейін сөз алған Есет батырды тарихи тұлға ретінде архивтік құжаттармен тірілткен тарих ғылымдарының кандидаты Зәкіратдин Байдосов  Есет батырдың ел басына күн туған қиын кезеңде Әбілқайыр ханның ақылшы досы, сенімді серігі болғанын жеткізді.

«Саяси күрделі кезеңдерде хан Жәнібекті, Бөкенбайды, Есетті жанынан тастамағандығы  архивтік құжаттармен дәлелденді» — дей келіп, ол  Есет батырды тарихи тұлға ретінде ұрпаққа ұлағаттаудың алғаш рет қалай басталғанын әңгімеледі.

Ресей кәсіпкерлік академиясының бірінші проректоры Дмитрий Васильев он сегізінші ғасырдағы қазақ даласындағы  хандық билік мәселелеріне тоқталды.  Қостанай мемлекеттік педагогикалық университеті «Қазақстан тарихы» кафедрасының меңгерушісі Өтеген Исенов Есет батыр Көкіұлының ғұмырнамасына қатысты кейін табылған кейбір деректерді әңгіме өзегіне айналдырды. Санкт-Петербург «Экономика жоғары мектебі» ұлттық зерттеу университетінің профессоры, заң ғылымдарының кандидаты Роман Почекаев он сегізінші ғасырдағы Ресей саяхатшыларының деректеріндегі Хиуа хандық билігінің қыр-сырын баяндады. Л.Гумилев атындағы Еуразия университетінің Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының кандидаты Светлана Ковальская жаңа дәуірдегі қазақ қоғамының әлеуметтік құрылымының негізгі сипаттарына тоқталды.

М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің аға оқытушысы Жәнібек Исмурзин және Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының ғылыми қызметкері Рашид Оразовтар Есет батыр туралы тың деректерді алға тартып, батырдың туған  және өмірден озған жылдарында өзгерістер бар екенін мұрағаттық құжаттармен дәйектей келіп, оны ғылыми айналымға түсіру жайын әңгімеледі. Конференцияға қатысушы ғалымдар залдан қойылған бірқатар сұрақтарға жауап берді.

Конференцияға қатысушылардың пікіріне де құлақ түргенбіз.

Құдайберген Оңғаров,  Есет батырдың ұрпағы:

— Мен Есет бабаның ұрпағымын. Бабам — қазақтың жерін қорғаған асыл тұлға, біз бала күнімізден жадымызда тоқып өстік.Тәуке хан жоңғар қалмақтарына қарсы соғыстарда көрсеткен ерлігі үшін  Кіші жүз қазақтарының Созақта тұрақтауына ризашылығын берген, біз солардың ұрпағымыз, Есет атаға осындай думанды-дүбірлі той жасап жатқан облыс басшылығына ризашылығымыз ерек.

Ғалымжан Оңғарбай, сазгер:

— Мен имандылық жолында жүрген жанмын, Маңғыстаудан әдейі арнап келдім. Есет бабамның аруағына той жасап жатқан ақтөбеліктерге дән ризамыз. Біздің егемен еліміздің ертеңі осындай батыр бабаларымыздңң  рухының биіктігімен бағаланады деп ойлаймын.

 Сатыпалды СӘУІРБАЕВ.

источник