Пятница, Апрель 19, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Күрделі есептің шешуі

Күрделі есептің шешуі

Ғылым жолында

Ол — өмірде талай күрделі есептерді шығарған адам. Математика атты ішкі қыртысын кез келген адамға аша бермейтін қиын ғылым жолын таңдауы тағдыр жазуы шығар. Бірақ ол алған бағытына адалдығын танытты, көптеген жетістіктерге қол жеткізді.

Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жоғары мектеп қызметкері, Қазақстан Ұлттық Жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Жайшылық Сартабановтың есімін Ақтөбе жұртшылығы жақсы біледі.

Күнделікті өмірде қарапайым, жүзі жарқын, кездескен адамына жылы қабақ танытып, ішіне тартып тұратын жақсы ағаның еңбек жолы ғылымға арналған.

Ұлы Отан соғысының ардагері, ұзақ жылдар ұжымшарда жай шаруа болып еңбек еткен, қолы тигенде қақпан-тұзақ құрып, аңшылықпен әуестенген, тіпті етік-мәсі тігу місекерлігі бар, атқа ер, түйеге жазы жасайтын ұсталығымен дараланған әкесі Алмағанбет «басқа балаларымды жоғары оқу орнында оқытуға мүмкіндігім болмады, бірақ бір баланы — мұғалімдері мақтайтын Жайшылығымды оқытуға барымды саламын» дейді екен. Дүниеге алты бала әкеліп, тәрбиелеп өсірген, сол перзенттері адам болса екен деп екі қолын қамшы етіп, екі аяғын ат еткен аяулы анасы Бибісара екібастан тілекші ғой.

Сол сенім, сол үміт талапты баланы ілгеріге жетелейді. Инемен құдық қазғандай білім-ғылым жолы оңайлықпен алдырған ба?! Дегенмен, «талап, еңбек, терең ойды» серік еткен ол қиындықтарға қарсы тұра біледі.

1966 жылдан Ақтөбе педагогика институтында оқытушы, аға оқытушы болған Жайшылық Сартабанов 1970 жылдың соңында Қазақ Ғылым академиясының Математика және механика институтының аспирантурасы емтиханынан өтіп, 1971-1973 жылдары дифференциалдық теңдеулер мамандығы бойынша білім жетілдіреді. Нәтижесінде академик Орынбек Жәутіков пен академияның мүше-корреспонденті Дәулет Үмбетжановтың жетекшілігімен «Дербес туындылы теңдеулердің бір есептік жүйесінің көп периодты шешімдері» тақырынбында кандидаттық диссертация қорғайды.

Содан кейін өзінің алтын ұясы іспетті Ақтөбе педагогика институтына қайта оралып, математикалық анализ кафедрасының доценті, кафедра меңгерушісі, математика факультетінің деканы қызметтерін атқарады.

Осы қызметтерде жүріп докторлық диссертацияның тақырыбын да игере береді. Осы жолда Қазақ Ғылым академиясының Математика институтында, Украина Ғылым академиясының Математика институтында, Мәскеудегі Ғылым академиясының В.А. Стеклов атындағы Математика институтында, сондай-ақ М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде ғылыми біліктілік сатыларынан өтіп, ауқымды ізденістерді бастан өткереді. Зерттеу еңбегінің қолындағы нұсқасы атақты ғалымдардың ғылыми семинарларының мәжілістерінде талқыланып, онда айтылған пікірлер мен ұсыныстар бойынша жұмыс істеп, барлығын бір жүйеге түсіру үшін әлемдік ғылыми орталықтардың кітапханаларында өткізген мазасыз күндер түбі өз жемісін берді. 1997 жылы «Кейбір дифференциалдық және функционалдық-айырымдық теңдеулердегі көп периодты тербелістер» атты докторлық диссертациясын ғылыми кеңесте қорғап шықты. Диссертация оппоненттері Қырғызстан Ғылым академиясының академигі Мырзабек Иманалиев, Украина Ғылым академиясының академигі Анатолий Михайлович Самойленко және Қазақстанның Ғылым академиясының академигі Құлжабай Қасымов болды.

Математиканың дифференциалдық теңдеулер теориясы саласының білікті маманы атанған ғалымның үш жүзден астам ғылыми зерттеуі басылымдарда жарық көрді. Ғылымда шекара жоқ екені белгілі. Бұл ғылыми еңбектер Қазақстан, Украина, Ресей, Беларусь, Түркия, Әзірбайжан, Грузия баспаларынан жұртшылық игілігіне жол тартты. Көптеген елдерде өткен ғылыми конференцияларға қатысып, баяндамалар жасады. Ғылыми еңбектерінің ішінде екі монографиясының орны ерекше. Қазіргі уақытта үшінші монография дайындалу үстінде. Ғылыми ізденістер барысында ғалым ашқан ғылыми жаңалықтар әріптестері тарапынан жоғары бағаға ие болды.

Ізінен ерген шәкірттері баршылық. Өзінің жетекшілігімен бір ізденушісі ғылым докторы атанса, алты шәкірті ғылым кандидаттығын қорғады. Үш жылдай Астанадағы Еуразия ұлттық университеті докторлық диссертациялар қорғау кеңесінің мүшесі болуы — ғылымдағы  еңбегін бағалағандық болса керек.

Профессор Жайшылық Сартабанов бүгін де ғылым жолын жалғастырып келеді. Математика саласындағы ізденістерді жіті қадағалап отырады, талай жыл бірге келе жатқан Жақсылық Тасмәмбетов секілді жақсы жолдас-әріптестерімен пікір алысып, математика тілінде сөйлеседі.

 Ұстаздар үлгісі

Ұстаздың да өз ұстазы болады. Бүгінде талайлардың тәлімгері болып, ғылымның биік шыңына шыққан профессор Жайшылық Сартабановтың жақсы ұстаздардың алдын көргенін пайымдау қиын емес.

Әдетте өсіп келе жатқан буынның мамандық таңдауында белгілі бір жайттар әсер ететіні белгілі. Осы ретте жас Жайшылықтың алдынан жақсы жол ашылғандай еді. Мектептегі ұстазы Нәрен Қосжанқызының ықпалын әлі күнге дейін ұмыта алмайды. Ол сынып жетекшісі болумен бірге есеп шығаруға бейім балаларды ерекше бауырына тартып, қосымша сабақтар өткізіп, математика әлеміне тереңдеп енгізе түсуге баулитын. Тіпті мектеп бітірер тұста шәкіртіне математика факультетіне түсуге де бағыт береді.

Ол кезде мектеп бітіре сала жоғары оқу орнына түсе қою оңай емес. Сондықтан да ауылда алаңсыз екі жыл еңбек етті. Содан кейін барып Алматыдағы жалғыз университеттің механика-математика факультетіне оқуға түседі.

«Университеттегі оқудың басында, екі жылдық үзілістің әсері болар, едәуір қарайып қалғандығымды сезіндім. Сосын үнемі ізденіп, табанды оқудың нәтижесінде алғашқы курстарда жақсы оқып, ал үшінші курста оқу озаты деңгейіне көтерілдім. Одан кейін аспиранттармен бірге ғылыми семинарларға, арнайы курстарға қатысып, бойымда ғылымға деген азын-аулақ құштарлық пайда болды», — деп еске алады студенттік шақты ол.

Математика мамандығына білім алушыларды үшінші курста ғылыми зерттеушілер, жуықтап есептеушілер және мұғалімдер тобы деп бөледі екен ол уақытта. Талапты студент зерттеушілер тобын таңдап, дифференциалдық және интегралдық теңдеулер бойынша зерттеуші-математик біліктілігіне ие болады.

Осы бағытты одан әрі өрістете отырып, ол ғылым жолына түседі. Студент кезінің өзінде Алматы, Ташкент және Самарқан университеттерінде өткен Ортаазиялық және Қазақстан университеттері студенттерінің ғылыми конференцияларына қатысып, жеңімпаз атанады. Ал университет бітірген соң жолдамамен Ақтөбе педагогика институтына келеді. Сол кездегі бір мақсаты — екі-үш жыл білімін іс жүзінде толықтырып, аспирантураға түсіп, дәрежелі ғалым  болу еді.

«Болмасаң да ұқсап бар, бір ғалымды көрсеңіз». Ұлы Абай айтып кеткен осы ғақлияны көкейінде үнемі ұстанатын ізденгіш жас шынында да, алдындағы ғалым ағалардың тәрбие-тағылымын аз көрген жоқ.

Сол тұрғыдан алдыңғы лекте ҚР Ұлттық ғылым академиясының мүше-корреспонденті, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Дәулет Үмбетжановтың есімін қазірге дейін құрметпен атап отырады.

«Мен мектепте ұстазым Нәрен апайдың жақсы көретін шәкірттерінің бірі болдым. Осы апайымның әсері шығар, ол кісінің жолдасы Дәулет ағай менің университетке түсу кезімнен өзі өмірден өткенше ғылым жолында қалыптасуыма ұстаздық көмегін аяған емес», — дейді Жәкең ол кісі туралы.

Ал Ақтөбеге келіп жоғары оқу орны қабырғасында еңбек жолын бастаған кезде ағалық ақ тілегін білдірген педагогика институтының проректоры болған Мырзағали Төлегеновке деген құрметі өз алдына бөлек. Алматыда университетте сабақ беріп, оқу тобының жетекшісі болған ұстаз диплом алып елге келген тұсында алдынан шықса, қалайша қуанбайды?! Бірге қызмет етті, бірін-бірі қолдады, ұстаз бен шәкірт енді әріптес болып, сыйластықты одан әрі жалғастырды. Содан кейін Мырзағали аға Торғайға, Арқалық педагогика институтының ректоры болып кетті. Техника ғылымдарының докторы, профессор ұстаздың сол бір уақыттағы ұлағаты әлі күнге дейін жадында.

Ақтөбе педагогика институтына рухани жаңару алып келген профессор Мұхтар Арынды да үлгі тұтады Жәкең. «Ол келгенге дейін оқу орнымызда ресми ұлттық нышанның жүдеулігі жанымызға бататын еді. Осы олқылықтан арылу институтымызға Мұхтар ағамыз ректор болып келуден басталды. Мамандықтардың қазақша бөлімдері ашылып, құжаттар қазақша хатталды, қазақтың ғылым және мәдениет қайраткерлерімен кездесулер жиі өткізіле бастады, осының бәріне қатыса жүріп, ұлы төңкерістің ортасында жүргендей сезінетінбіз. Мен факультеттің деканы ретінде институттың барлық ұйымдастыру жұмыстарына қатысып, қанағаттанарлық сезімде болдым. Сол кезде «Қазақстан Республикасы» жоғарғы мектебіне еңбек сіңірген қызметкер» құрметті атағына ие болдым», — деп өткен күндерге оралады Жайшылық аға.

«Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» деген сөз бар халықта. Осындай ұстаздар үлгісін ұстанған Жайшылық Алмағанбетұлы бойындағы қалыптасқан сол жақсы дәстүрлерді өзінің шәкірттері бойына дарытты, әлі де айналаға кеңінен таратып келеді.

Шаттығы мол шаңырақ

Білім мен ғылымды бірінші орынға қоятын секілді көрінгенімен, Жайшылық аға үшін шаңырақ шаттығы деген ұғым бәрінен де биік тұратындығын сезіну онша қиын емес.

Бұл ретте ол өмірлік серігі болған, жетпіс жасына тақап қалғанда өмірден өткен аяулы жан Рахима Төлебайқызы туралы тебірене айтар еді.

Алматыдан диплом алып келген әсем жігіт болашақ жарын Ақтөбеде жолықтырады. Сол тұста Шымкент педагогика институтының филология факультетін бітіріп, Комсомол ауданының Басқұдық орта мектебінде қызмет жолын бастаған жас қыз Жәкеңнің айтуынша, «алғашқы кездескенде көздері баданадай, еліктің лағындай болып көрінген, сөзді ойланып, орнына қоя, уақытын тауып сөйлейтіні назарын аударған.

Жас отаудың жақсы күндері жарқырап өтіп жатады. Жәкең — институттың оқытушысы, жас келін — қаладағы №6 мектептің бастауыш сыныптар мұғалімі.

Арада шамалы уақыт өткенде Жайшылық аға ғылым кандидаты атағын қорғайды, кафедра меңгерушісі болып тағайындалады.

Отбасында Гүлшара, Қанат есімді перзенттер дүниеге келеді.

Шаңырақтағы шуақты сәттің мол болуы жақсы қадамдарға жол ашады. Жәкеңнің ғылымдағы жолының сәтті жалғасып отыруына да бір жағынан отбасындағы осындай сыйластық, ерлі-зайыптылардың бір-біріне деген құрметі септігін тигізсе керек.

Жұртшылық енді Жайшылық Алмағанбетұлын ғылым докторы, профессор ретінде тани бастады. Сол аралықта балалар өсіп, ержетіп, Гүлшарасы тұрмыс құрды. Қанаты Нұргүл атты келінді түсірді. Дүниеге Данияр, Самғат, Даяна, Рахат, Ләззат атты сүйкімді немерелер келді.

Өкініші болып тұратын өмір ғой. Кіші немересі Ләззат дүниеге келгеннен кейін әжесі «балапанымның тілі шыққанша үйде өзім бағамын, балабақшаға бермеймін» деп қуанған екен, бұл ойын орындай алмай кетіпті. Сол немересі қазір төрт жастан асты. Адам жатырқамайды, би билегенді жақсы көреді, өз айтқанымен жүргенді ұнатады. Үйдегілер «көп жағынан мінезі әжесіне тартқан» деп мәз болады.

Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі Рахима Төлебайқызы сынды асыл жар, аяулы ана шаңырағының ұйытқысы болған, айналасына мол шуақ шашып жүрген күндерді Жайшылық аға қазір де сағынышпен еске алады. Ілгері ұмтылған ұрпағы әже тәрбиесін көріп үлгеріп қалды, оның ізгілік пен парасатқа толы жүрегінің жылуы қазір де бәріне ыстық осы мекенжайда сезіліп тұратындай.

* * *

Жайшылық Сартабанов математика сынды теңдеуі күрделі, шешуі қиын ғылымның соңына түсіп, өзін сан түрлі сынға салғанымен, тірліктегі ізгілікті істердің түбірін тез шығарады. Ол бүгінде жетпіс беске толып отырған ғалым ағаның адамгершілік абзал қасиеттерінің айбыны шыға көрініп, көпке тілектес көңілмен жүретіндігінен туындаса керек, сірә.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

источник