Пятница, Апрель 19, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Есет батырдың 350 жылдығы дүбірлі тойға ұласып жатыр

Есет батырдың 350 жылдығы дүбірлі тойға ұласып жатыр

Биыл Есет батыр Көкіұлының туғанына 350 жыл толады. Осыған орай өңірде мәдени-танымдық, спорттық шаралар ұйымдастырылуда. Мәселен, бүгін Құдайберген Жұбанов атындағы университетте «17-18 ғасырлардағы қазақ-жоңғар қақтығыстарында халық батырларының рөлі: қазақ бірегейлігінің қалыптасуы» тақырыбында халықаралық ғылыми конференция өтті. Онда Ресей мен Қазақстанның тарихшылары бас қосып, тың деректерді баяндады.

Конференцияға Ақтөбеден бөлек, Астана, Алматы, Ресейдің Орынбор облысы мен Мәскеу, Санкт-Петербург қалаларынан ғалымдар мен зерттеушілер, зиялы қауым өкілдері қатысты. Олар кеңес заманында жеткілікті зерттелмей қалған тарихтың ақтаңдақ беттерін ақтарды. Қазақ батырлары халықтың үштен екісі қырылған тұста қазақты ұлт ретінде сақтап қалды. Олардың бірі Есет Көкіұлы — 18 ғасырдағы даңқты баһадүрі. Қазір Есет туралы көптеген құжаттар Ресейдің мұрағаттарында сақталған деседі. Дегенмен, әлі күнге дейін толығымен жарық көрмепті. Мұны маңызды шараға келген батырдың ұрпақтары да айтып отыр.

Есет батыр кесенесіне зиярат етушілер қатары артқан. Экскурсиямен оқушылар да жиі келеді. 2010 жылы бұл жерде 300 орындық асханасы бар кешен салынды. Оның ішінде Есет батырдың өмірінен сыр шертетін, тарихи деректерден жасақталған музей бар. Кесене басына түнек үйі тұрғызылды. Былтыр ғимаратқа күрделі жөндеу жүргізілді. Кесенеге аптаның әр күнінде 100 адамға дейін келеді. Конференцияға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев шараның өскелең ұрпақ үшін маңызды екенін атап өтті.

Бұл күні жастар сарайында «Ел тірегі — ер Есет» атты аймақтық ақындар айтысы да ұйымдастырылды. Ал, Есет батырдың 350 жылдығына арналған негізгі шаралар Алға ауданының Бестамақ ауылында өтеді.

Жұлдыз Алмасқызы

источник