Пятница, Март 29, 2024
Басты > Жаңалықтар > Шетел тілдері факультетінің студенттері облыстық пікірсайыс турнирінде топ жарды

Шетел тілдері факультетінің студенттері облыстық пікірсайыс турнирінде топ жарды

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің тарих факультеті корпусы базасында Елбасының «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» атты мақаласына орай Тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен «Жер – су, көше аттары – елдіктің айнасы» тақырыбында облыстық пікірсайыс турнирі өтті. Пікірсайысқа университет пен колледж студенттері қатысты. Бас ұйымдастырушы – өңірлік біліктілікті арттыру орталығының директоры Имжарова Зауреш Убайдуллақызы.

Турнирде студенттер танымал емес тұлғаларды қауымға таныстыру, тарихи нысандардың құндылықтарын арттыру, заманауи нысандарға ұмыт қалған атауларды және Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген азаматтарының есімдерін беру мәселелерін қозғады. Нәтижесінде ой ұшқырлығымен көзге түскен шетел тілдері факультетінің «Шетел тілі: екі шетел тілі» мамандығының 1 – 2 курс студенттері жүлделі орындарға ие бола отырып, өздерінің білікті және ұлтжанды Қазақстан азаматтары екендіктерін дәлелдеді.

2-курс студенттері Бағдат Өмірзақ, Несібелі Болатбек II орынға лайық деп танылса, 1-курс студенттері Гүлмира Төлеубаева мен  Нұрлан Назданов I орынды жеңіп алды. Сонымен қатар, 1-курс студенті Гүлмира Төлеубаева «Үздік спикер» деген атаққа ие болса, 2-курс студенті Нұркен Жәкен «Үздік төреші» атанды.