Четверг, Март 28, 2024
Басты > Жаңалықтар > Педагогикадағы заманауи технологиялар жайлы жаңа оқулық

Педагогикадағы заманауи технологиялар жайлы жаңа оқулық

Жуырда профессор Айслу Тасимованың «Заманауи оқыту технологиясы» оқулығының тұсаукесер рәсімі өтті. Тұсаукесер рәсіміне педагогика факультетінің профессор-оқытушылар құрамы, магистранттар, студенттер бас қосты.

Алдымен оқулық авторы сөз алып, жаңа инновациялық оқыту әдістері жазылған кітаптың жазылуы себебіне, аталмыш еңбекте қандай әдістер жайында жазылғандығына тоқталды.

Сарапшылардың оң бағасын алып отырған бұл оқулық әсіресе сабақ барысында ақпараттық технология әдістерін қолданатын оқытушылар мен мектеп мұғалімдері үшін құнды еңбек ретінде қабылданды. Оқулықта жеке тұлғаның шығармашылығын дамыту, мәдениеттану әріптестігі, ойын технологиясы, сын тұрғысынан ойлау, салыстырмалы технологиялар, жобалық оқыту, кейс-стади, коммуникациялық және оқыту технологиялары топтастырылған.

Профессор Айслу Тасимованың оқулығы жайында әріптестері де өз пікірлерін білдірді.

Педагогика ғылымдарының кандидаты, аға оқытушы Айгүлден Тогайбаева: «Қазіргі таңда жаңартылған білім мазмұнын жүзеге асыруға Қазақстан Республикасы  білім мекемелері кірісіп кеткені барлығымызға белгілі. Осындай өзгерістер кезінде жоғарғы оқу орны оқытушылары заманауи технологияларды тиімді пайдалана білу, олардың қолданылуы мен қазіргі қоғам сұранысына сай  ерекшелігін білу үшін профессор А.А.Тасимованың жарық көрген оқулығының пайдасы зор. Оқулықтың мазмұны терең, пайдаланылған әдебиеттер сан алуан. Автордың осы оқулықта алғысөзден кейін глоссарийлерді пайдалануы өте орынды болған. Себебі, өз оқырмандарын алдымен терминдердің түсінік сөзімен таныстыру, одан әрі технологияларды пайдалануда зор ықпал ететіні анық».

Ал педагоика ғылымдарының магистрі, аға оқытушы В.В Абрамов:

«Қазіргі педагогика ғылымында оқу-тәрбие үдерісін технологиялық тұрғыда ұйымдастыру үшін жаңа дидактикалық ұстанымдар қажет екені және осы ұстанымдарды жүзеге асыру жолдары әріптесіміз, профессор А.А.Тасимованың оқу құралында жан-жақты талданғанын атап өткім келеді. Әріптесіміз инновациялық-технологияларды белгілі бір модульге топтап, жүйелі түрде оқырмандарға түсінікті түрде баяндаған. Заманауи педагогикада оқыту және тәрбиелеу технологиясы білім беру жүйесін нәтижелі шығармашылық-техникалық процестерге бағыттайтын дидактикалық әдістерге байланысты. А.А.Тасимова өзінің оқулығында заманауи білім беру талаптары мен әдістерін қарастырады»,- деп, пікірін жеткізді.

Шараға жиналғандар Айслу Тасимованы жарық көрген жаңа еңбегімен құттықтап, шығармашылық табыстар тіледі.

Жадыра АРЕН