Вторник, Апрель 23, 2024
Басты > Жаңалықтар > Мәртебелі қонақтар университет тынысымен танысты

Мәртебелі қонақтар университет тынысымен танысты

Бүгін университетімізге ҚР білім және ғылым вице-министрі Асылова Бибігүл Амангелдіқызы мен «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының басқарма төрайымы Шәмшидинова Күләш Ноғатайқызы келіп, университеттегі жаңа өзгерістермен танысты. Келген қонақтар алдымен «Темірқазық» студенттерге қызмет көрсету орталығына барды. Цифрлы технологиялар орталығының директоры Талғат Жүнісқалиев студенттерге қызмет көрсетудің электронды жүйесінің тиімділігін айта отырып, қонақтарға жұмыстың барысын көрсетті.

Университет ректоры Бауыржан Аманкелдіұлы қолға алған игі бастамалардың бірі – рухани жаңғырудың бір тармағы ретінде университетте тарихи тұлғалардың есімі берілген кабинеттердің ашылуы. Құдайберген Жұбанов конференц-залы, Мұхтар Арын, Ғалымжан Нұрышев, Дербісәлі Беркімбаев кабинеттерін аралау барысында қонақтар мазмұндық мәнге ие оқу кабинеттеріне оң бағаларын берді. Кабинеттерде күнделікті дәрістер, практикалық сабақтардың жүріп жатуы өте орынды екендігін айтты.

Бауыржан Аманкелдіұлы бұл үрдістің университетте әлі де жалғасатынын, студенттер әр сабақ барысында осы тұлғалардың айтқан құнды ойларымен, өнегелі істерімен танысып, рухани дүниелерін байытып отыратындығына тоқталды. «Мұхтар Арын тек университетке ғана емес, Ақтөбе өңіріне үлкен серпіліс әкелген адам болған. Абайтану мәселесін көтерген. Біз сол кісінің бастамасын әрі қарай дамытып, «Абайтану» ғылыми-зерттеу орталығын аштық. Қазақтың қай облысы да бір-бірімен тығыз байланысты. Дегенмен Шығыс-Батыс арасындағы байланысты терең зерттеуді жолға қоятын боламыз»,- деді университет ректоры қонақтарды Мұхтар Арын кабинетімен таныстыру барысында.

Осыдан кейін қонақтар Студенттер сарайын, Конфуций институтын аралады. «Ақтөбедегі Қытайдың 23 компаниясымен меморандум өткіздік. Алдағы желтоқсан айында Қытайда «Қазақтану» орталығын ашу жоспарланып отыр. Бізде «Қытайтану» орталығы жаңадан ашылған инновациялық технологиялар паркінде жұмысын бастады. Студенттерімізді Қытайға оқуға жіберіп, Қытай компанияларындағы жаңа инновациялық құрылғыларды меңгерген кәсіби білікті мамандар даярлауды жолға қоймақпыз», — деді Б.Аманкелдіұлы. Министрлік өкілдері қытай тілін оқытатын жан-жақты кластар ашу, сондай-ақ, академиялық ұтқырлық бағдарламасын жандандыру, шетелден келетін студенттер санын арттыру туралы ұсыныстарын білдірді.

Инновациялық технологиялар паркін аралау барысында да қонақтар оң пікірлерін жеткізді. Университеттің бірінші проректоры Қуанышбек Шүңкеев басқаратын «Диатомит» минералдарды байыту технологиясы зертханасы жұмысымен танысып, диатомит минералының қоры жайында қызығушылық танытты. Диатомиттің Қазақстан бойынша Мұғалжар ауданында 3 млрд тоннадай қоры бар екендігі, оның құрамындағы кремний элементінің пайдалылығы сөз болды.

Сонымен қатар олар «3D моделдеуге оқыту», «Көлік ағымын зерттеу және талдау», «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі, Корей тілі, Қытайтану, ARSU медиа орталықтарын қарап, университеттегі оң өзгерістерге риза көңілдерін білдірді.

Жадыра АРЕН