Четверг, Апрель 18, 2024
Басты > Жаңалықтар > Челябі сапары табыспен аяқталды

Челябі сапары табыспен аяқталды

8 — 9 қараша аралығында  Ресейдің Челябі  қаласында  Қазақстан мен Ресей арасында өңіраралық форум өтті. Оған екі ел президенттері Н.Назарбаев пен В.Путин қатысты. Форумда  адам капиталын бәсекеге қабілеттілігін арттырумен қатар, қазіргі заманғы университеттердің инновациялық қызметін дамыту, Ресей мен Қазақстанның жоғары оқу орындарының стратегиялық серіктестігі ретінде білім беру мәселелері де талқыланды.  Шарада Ресей мен Қазақстанның білім және ғылым министрлерінің баяндамалары тыңдалды. Форумда  Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті ректоры Бауыржан  Ердембеков Алтай мемлекеттік университетімен, Ресейдің тұңғыш Президенті Б.Н.Ельцин атындағы Орал федералды университетімен және Челябі мемлекеттік университетімен білім және ғылым саласындағы ынтымақтастық туралы келісімдерге қол қойды. Табыспен аяқталған сапар барысына байланысты ректорға бірнеше сұрақтар қойған едік.

Бұл басқосу осымен  14-ші мәрте өткізіліп отыр.  Форумның басты тақырыбы болып адами капиталды дамыту бағыты алынғанын білеміз. Осы төңіректе өз ойларыңызбен бөліссеңіз.

Өндіріс дамуының негізгі факторы ретінде жер, капитал, қол еңбегі пайдаланғаны дүниежүзілік тарихтан белгілі. Қазіргі индустриалды-ақпараттық қоғамда жағдай түбінен өзгерді: өндіріс дамуының негізгі факторы ретінде өнеркәсіптің бәсекеге қабілеттілігі, экономикалық мақсаттылық, технологиялардағы инновацияның үдерісі болып отыр. Бұл факторлар өз кезектерінде кадрлардың білім деңгейі мен интеллектуалдігіне көбірек тәуелді болады. Соның ішінде адам капиталы адамның білім алу мен тәжірибелік қызмет барысында алған және оған кәсіптік қызметін ойдағыдай орындауға жағдай туғызатын білім, іскерлік, дағды түрлерінде капитал ретінде анықталады. Алайда, егер біздер адам капиталы туралы елдің жаңартулық дамуы мен оның бәсекеге қабілеттілігін арттыру контекстінде айтсақ. Адам капиталы — тұрақты дамудың құрылымдық құрамның бірлігі. Адам капиталын дамыта келе біз тек тұрақты даму жолмен ғана емес, сонымен қатар бәсекеге қабілетті қоғам құра аламыз.

Көрші Ресей мемлекетімен білім беру саласында ынтымақтастықты кеңейтуде Жұбанов университетінің үлесі жайында айтып кетсеңіз.

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті академиялық ұтқырлық бағдарламасы, ғылыми бірлескен жобалар мен тәжірибелер және т.б. бойынша Ресей Федерациясының 25-тен астам жоғары оқу орындарымен тығыз қарым-қатынаста.

Форумнан кейін жұмыс жоспарыңызға қандай тың идеялар енгізгіңіз келді?

Ресей Федерациясы мен Қазақстан Республикасы өзара мүдделер негізінде білім, ғылым және мәдениет саласында өзара ынтымақтастықты нығайту мақсатында біздің университеттің  филиалдарын Орынбор облысының жоғары оқу орындарында ашу мүмкіндігін қарастыру ұсынылды. Филиалдардың ашылуы серіктес жоғары оқу орындарының инновациялық белсенділігін дамытуға және бірлескен білім бағдарламаларында (екі дипломдық білім беру бағдарламасы, желілік білім беру бағдарламасы, ашық білім беру онлайн-курстары) ынтымақтастықтың басым бағыттарын насихаттауға серпін береді.

Сұқбаттасқан: Гүлнара Қараша