Вторник, Март 19, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Латын әліпбиі — қазақ тілінің жаңа көкжиегі

Латын әліпбиі — қазақ тілінің жаңа көкжиегі

Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында қазақ тілін латын әліпбиіне ауыстыру қажеттігін атап көрсеткен болатын. Ал жуырда Мемлекет басшысы қазақ тілін латын графикасына кезең-кезеңмен және жүйелі түрде көшіру туралы Жарлыққа қол қойды. Жақында осы мәселе бойынша облыс әкімі Бердібек Сапарбаев үлкен жиын өткізіп, көптеген мәселелер ортаға салынды.

Сейсенбі күні біздің редакциямызда латын әліпбиіне көшу мәселесін талқылауға арналған дөңгелек үстел өтті.

Басқосуға облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Гүлайым Төлебаева,

Қазақстан Республикасы «Бейбітшілік және келісім» кеңесі облыстық филиалының төрағасы Келдібай Еспағамбетов, Ақтөбе өнеркәсіптік технологиялар және басқару колледжінің директоры Естай Жайлыбай, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің филология факультетінің деканы Күлзат Садирова,

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің филология факультетінің оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Нұрбол Сәдуақас шақырылды. Дөңгелек үстел басындағы әңгімені облыстық «Ақтөбе» газетінің бас редакторы Бауыржан Бабажанұлы жүргізді.

Бауыржан Бабажанұлы: Биыл 26 қазанда Елбасының жаңа әліпбиге көшу жөнінде Жарлығы шықты. Содан бері республика көлемінде, облыс деңгейінде үлкен талқылаулар болып жатыр. Осыған байланысты облыс әкімдігінде де үлкен жиын өтті. Елбасымыз: «Біз 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын қарпіне, латын әліпбиіне көшіруге кірісуіміз керек. Бұл — ұлт болып шешуге тиіс  принципті мәселе. Бір кезде тарих бедерінде біз мұндай қадамды жасағанбыз.  Балаларымыздың болашағы үшін осындай шешім қабылдауға тиіспіз және бұл әлеммен бірлесе түсуімізге, балаларымыздың ағылшын тілі мен интернетті жетік игеруіне, ең бастысы, қазақ тілін жаңғыртуға жағдай туғызады», — деген болатын. Елбасы Жарлығы шыққаннан кейін облыс көлемінде қандай жұмыстар жасалып жатыр? Осы сауал төңірегінде әңгіме өрбітсек.

Гүлайым Төлебаева: Жалпы латын графикасына көшу туралы жұмыстарды екі кезеңге бөлуге болады. Бірінші кезең — жарияланғаннан бастап бірыңғай үлгісі бекітілгенге дейінгі кезең. Бұл кезең ақпараттық-насихаттау жұмыстарына арналады. Себебі халықты «Неге көшуіміз керек?», «Оған қандай себептер итермелеп отыр?», «Қандай негіздер бар?», «Көшкенде қандай жетістіктерге жетеміз?», «Осыған дейін жиналған біздің мәдени мұра не болады?», «Орыс тілі мен оның мәдениеті қалай сақталады?», «Баламызды қалай оқытамыз? Оған біздің тиісті мамандарымыз, оқыту-ұйымдастырушылық және ғылыми негіздеріміз дайын ба?», «Латын графикасына көшкен өзге елдердің тәжірибесі зерделенді ме?» деген сауалдар мазалайды. Бұл мақсатта көптеген шаралар ұйымдастырылды. Барлық өңірде жұмыс топтары құрылып, жобалық кеңселер ашылды, әртүрлі ақпараттық іс-шаралар өткізілді. Осы бағытта біз үлкен конференциялар, басқосулар, пікір алмасулардан гөрі қоғамдық саланың әрбір жеке саласын алуды дұрыс деп таптық. Мәселен, денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, әділет салалары, Қазақстан халқы Ассамблея құрамындағы өзге ұлт өкілдері, сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдар, бұқаралық ақпарат құралдары, яғни осылай 12 салаға бөліп,  мақсатты түрде жұмыстар жүргіздік.

1 маусымнан бастап біз хэштег-парақша аштық. Ондағы мақсат — кез келген адамның латын әліпбиі туралы ақпаратты, сол туралы шыққан пікірлер, мақалаларды оқып, танысуы үшін мүмкіндік жасау. Қазіргі кезең — жаңа технологиялардың, ғаламтордың мүмкіндігін қолданатын заман. Егер біз барлық ұйымдастырушылық, ақпараттық-түсіндіру, насихаттау шараларын түрлі форматта өткізсек, онда 3-4 мың адамды ғана қамтимыз. Ал парақшаны алып қарасақ, сол уақыттан бүгінге дейін 19 мыңнан астам адам кіріпті. Парақшада біреулер: «Мен орыс тілінің жағдайына басымды ауыртпаймын, бірақ мен балаларымды қалай оқытамын?» — деп пікір қалдырса, кейбіреулер: «Менің жасым 60-та. Мен қалай оқимын, мен не істеймін?» немесе «Шетелдік сарапшылар, қауымдастықтар не дейді?», сол сияқты тағы басқа пікірлерін білдірген. Осы сауалдардың барлығына осы бірінші кезеңде жауаптар берілді.

Жалпы әліпбиді таңдау — әрбір мемлекеттің өзінің құқығы, өзінің мүддесі. Сондықтан біз бұл жерде бір ғана мүддені алға алуымыз керек. Ол — өзіміздің қазақ тілін қалай сақтап қаламыз, оны қалай ұрпаққа жеткіземіз деген сауал. Осы тұрғыда біз латын әліпбиіне көшуге бел байладық. Бірінші кезеңнің мүмкіндігі осы болды. Сол кезеңде біздің алға алғанымыз республикалық зерттеудің қорытындылары болды. Оның ішінде жаңалықты еліміздегі өңірлердің арасында біздің облыс өте жақсы (67 пайыз) қабылдады. Бұл біздің өңірдің, біріншіден, кез келген жаңашылдыққа жақындығын, алға итермелейтін мақсат-міндеттерді қолдау қабілетінің жоғарылығын көрсетеді. Екіншіден, ол — облыстың тілдік әлеуеті. Қазір біздегі деректерге сәйкес, облыста әрбір төртінші тұрғын ағылшын тілімен белгілі бір деңгейде таныс болса, әрбір бесінші тұрғын белгілі бір деңгейде үш тілді меңгерген.

Елімізде 11 қыркүйектен бастап екінші кезең басталды. Бұл кезеңде алғашқы нұсқа ұсынылды. Кейбір алдыңғы кезеңнен қалған мәселелер бойынша түпкілікті жауаптар берілді. Мысалы, мен парламенттік кездесуге қатысқанда көп адамның «Мұрамызды не істейміз?» — деген сауалдарына жаңа технологияға негізделген, сол саламен айналысатын техникалық орталық өкілдері алдымызға шығып жауап берді. Олар оның ешқандай қиындығы жоқ екенін, барлығын аударуға болатынын айтты.

Әліпбидің бірінші үлгісі ұсынылды, ол халыққа ұнамады. Жалпы тілдік әліпбиді жасаудың үш негізгі принципі бар. Ол — бір әріпті екі дыбыспен беру, бір әріпті бір дыбыспен беру және бір әріпті бір дыбыспен, бірақ әртүрлі диакретикалық белгілермен беру. Себебі әрбір тілдің өзінің ерекше төл дыбыстары бар. Латын графикасын алғанда сол дыбыстарды әліпбиге сыйғыза алмай қалмауымыз немесе жоғалтып алмауымыз керек. Аталған үш үлгінің де оң және теріс жағы бар. Бір үлгіні ғана суырып алуға болмайды. Мысалы, бірінші үлгінің халыққа ұнамағаны, біріншіден, кез келген сөздің құрамын көбейтеді. Яғни 30 пайызға дейін көлемі ұзақ болып кетеді. Кейбір ә, ө деген төл дыбыстарды екі дыбыспен берген соң бір сөзде екі дәл сондай дыбыс болса, онда төрт әріппен беріледі. Қорыта айтқанда, біздің ендігі уақытта жұмыс форматымыз өзгереді. Әліпби бекітілгеннен бастап біз сол әліпбиді қоғамға енгізудің жағдайын ойлауымыз керек. Бүгінгі таңда ұлттық комиссияның құрамы, ұлттық жоспар қалыптастырылып жатыр. Алдағы уақытта олар мақсатты түрде жұмыс жүргізеді.

Нұрбол Сәдуақас: Әліпби мен жазу — адамзат тарихындағы құнды дүниелердің бірі ретінде ұрпақтанұрпаққа мирас етіп қалдыратын байлығымыз. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы қазақ жазуын латын қарпіне көшіру туралы ұстанымдары елдің болашағына, мемлекеттік тілдің келешегіне жасалған игі іс,    маңызды тарихи оқиға ретінде халықтың зор ықыласына ие болды. Осыған орай ғылыми қауым, жалпы жұртшылық арасында қазақ тіліне, оның жазуына сай келетін латын графикалы әліпби жобаларын талқылау жұмыстары ерекше белсенділікпен жүргізілді. Қазіргі кезде Елбасы Жарлығымен бекітілген латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиін жұртшылық сұранысына орай ел арасында таныстыру жұмыстарына ерекше назар аударылып отыр.

Латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиінде 32 әріп бар. Оның ішінде қазақ тілі дыбыс жүйесіндегі 28 фонема (9 дауысты, 19 дауыссыз) және кірме сөздердегі 6 фонема (и, в, ф, һ, х, ч), барлығы 34 дыбыс таңбаланған. Сонымен бірге бір әріппен екі дыбысты таңбалап тұрған екі әріп бар, олар H h — [х], [h] және I’ — [и], [й].

Әліпбиде 9 дыбыс дәйекше арқылы, яғни қазақ тіліне тән 5 төл дыбыс (ә, ө, ү, ғ, ң), бір кірме дыбыс (ч)  және екі тілге де ортақ 3 дыбыс (и/й,ш,у) таңбаланған. Оқып-үйрену мақсатында әріптер құрамына зер сала қарайтын болсақ, әліпбидегі  22 әріптің қай дыбысты таңбалап тұрғаны талас туғызбайды, сондықтан оны жалпы жұрт қателеспей оқи алады. Сонымен бірге осы таңбаларға дәйекше қойылып берілген төрт әріптің де қандай дыбысты таңбалап тұрғанын қиналмай білуге болады, олар: A’a’-[ә]; G’ g’-[ғ]; N’ n’-[ң]; O’ o’-[ө]. Ал бұдан басқа 6 әріптің қай дыбысты таңбалап тұрғанымен танысу керек, сондықтан оны жұрт қателеспей оқуға үйренуі тиіс: I’ I’ – [и], [й];  S’ s’-[ш]; C’ c’[ч]; U u- [ұ]; U’ u’-[ү]; Y’ y’- [у]. Бұдан кейін әліпбидегі 8 әріп дәйекшемен берілген сыңарларымен қосылып,16 дыбысты беріп тұрған таңбаларға көз үйретіп, оқып-үйрену керек: Aa -[а],  A’a’-[ә]; G g-[г], G’ g’-[ғ]; I i-[і], I’ I’ – [и], [й]; N n-[н], N’ n’-[ң]; O o-[о], O’ o’-[ө]; S s-[с], S’ s’-[ш];    U u-[ұ], U’ u’-[ү]; Y y-[ы], Y’ y’-[у]. Әліпбиімізде бірі дәйекшемен, бірі дәйекшесіз берілген қос әріптермен қатар, дәйекшесіз сыңары жоқ, тек дәйекшемен таңбаланған сыңары ғана алынған бір әріп бар, ол C’ c’ [ч]. Бұрынғы әліпбиімізде 42 әріп болса, енді одан 8 әріп (ё, ц, щ, ь, ъ, э, ю, я) қысқарып қалды.

Бұл әліпбиде латын әріптерін барынша қазақ тілі дыбыстарына сәйкес таңбалауға, қазақ тілінің үндесім талаптарына бейімдеуге, «бір әріп – бір дыбыс» ұстанымын сақтауға назар аударылған. Дәйекшені қолданудың нәтижесінде тіліміздегі барлық дыбыстарды да қалдырмай таңбалауға болады. Ал әліпбидің жетілдіре түсер тұсы ретінде мүмкіндігінше дәйекші санын қысқарта түсу керек, қазақтың төл дыбыстарын шама келгенше дәйекшесіз берілетін әріптермен таңбалауға назар аударған жөн. Себебі жазуымыздың өткен тарихында дәйекше ұтымды жол болса, қазіргі жаһандану заманында, көптілділік бәсекесінде адамның тез жазуға деген сұранысы кезінде қауіпті аумақта қалғандай дәйекшемен берілген дыбыстар шеттеп қалуы мүмкін.

Бұрынғы әліпбиімізде қазақ тілінің қазіргі артикуляциялық базасында жоқ дыбыстардың көп болуы тіліміздің өзіндік фонологиялық заңдылықтарын бұзып келген еді. Мысалы,  жаңа әліпбиіміздегі бір таңбаға матап қойылған H h [х] мен [h] дыбыстары өзіміздің төл  «қ» дыбысымен қапталдаса жарысып, қазақ жазуында «қ» арқылы айтылатын кейбір сөздер  орыстың «Х» және арабтың «Һ» дыбыстарымен жазылып келді. Мысалы,   қабархабар, қош келдіңхош келдің, қат жазухат жазу (қазақ тіліндегі сөздерде);  ХадишаҚадиша; ХакімКәкім-әкім, ХамитҚамитӘмит; ХорланҚорлан (араб тілінен келіп, қазақша игерілген сөздер); «Һ» қаһарманқаһарман, мәшһрмәшқұр, шаһар шақар, жиһазжиқаз; (аһ, оһ, аһылаүһіле — одағай сөздер).

Қорыта айтқанда, «Келісіп пішкен тон келте болмайды» дегендей, енді жаңа әліпбиіміз арқылы ғылыми талапқа сай жаңа емле ережелерімізді де дайындауға барлық мүмкіншілігіміз бар. Алдағы уақытта осы жаңа әліпби арқылы жазу емлесі дайындалады. Сондықтан қазіргі жазуымызда қиындық келтіріп жүрген мәселелер оң шешімін табады деп ойлаймын. Ендігі тілегіміз сол, осы әліпби мәңгілік елдің мәңгілік жазуына арқау болсын!

Естай Жайлыбай: Жалпы латын әліпбиіне көшуде оның қай нұсқасы енгізілу керек деген мәселеге келсек, менің ойымша, мұны тіл мамандары шешуі керек. Негізі талас деген мәселе қай кезде де болды. Қазір көп адамдардың ойы қарапайым. Мәселен, Фэйсбук парақшасында отырғанда байқасақ, біреулер: «Біздің көзімізді ашқан кириллица» десе, тіпті біреулері: «Руна жазуын неге алмаймыз?» — дейді.

Біз ХХ ғасырдың өзінде араб әліпбиін пайдаландық. Мен сонау 90-жылдардан бері әртүрлі адамдармен дауласып келемін. Себебі біреулер: «Кезінде екі-ақ пайыз қазақ сауатты болған», — деп жазады. Ол не үшін керек болды? Ол сол кездегі саясат үшін керек болды. Өйткені бізді сауатты қылған Қазан төңкерісі деп дәлелдеуі керек болды. Мысалы, классиктерді оқысақ, олардың ішінде арабша оқымағандары кемде-кем. Кеңес ғалымдары өз зерттеулерінде тек кирилл әліппесімен сауат ашқандарды ғана сауатты деп таныды. Арабша оқығандарды сауатты деп таныған жоқ. Сондықтан бұл — қате пікір.

1925 жылы Ахмет Байтұрсынов араб графикасына негізделген төте жазуды енгізді, қазақ сонымен жүрді. 1929 жылы латыншаға көшті. Тек қана 1940 жылы біздің барлық кириллицаға қарсы тұрған Ахмет Байтұрсыновтың, Телжан Шонановтың көзі кеткеннен кейін кириллица енгізілді. Арғы жағында біздің бүкіл жазылған классиктеріміздің шығармалары, ғалымдарымыздың зерттеулері латын қарпімен жазылып, халықтың сауаты латыншамен ашылды. Бір ғана мысал келтірейін, менің әкем төте жазу кезінде мектепке барып, латыншамен бітіріп шықты. 1940 жылы кириллицаға көштік.

Жуырда академик Рабиға Сыздықова: «Біз кириллицаны қабылдап алғаннан кейін қалай жазылу керектігі туралы он жыл дауластық. Мысалы, топырақ деп жазамыз ба, әлде, топрақ деп жазамыз ба? — деп» — өз ойын білдірген еді. Сондықтан болашақта қай нұсқа болады, бұл — республика көлеміндегі ғалымдардың жұмысы. Солар ғана талдап, талқылап, бір нұсқаны қабылдауы керек. Менің саясаткер ретінде ойым, бұл Жарлықтың тез қабылданған себебі мемлекет белгілі бір қарсылықтарды елемей, көшуі керек болды. Ол — сыртқы және ішкі қарсылық. Ал болашақта қай нұсқа қабылданады, оны мемлекеттің лауазымдық дәрежесі жағынан екінші тұлға — Қасым-Жомарт Тоқаев айтты. Ол түсінген адамға жайдан-жай айтылған сөз емес. Қасым-Жомарт Тоқаев комиссия барлығын ескеру керектігін атап өтті.

Қазіргі кемшілігі бар нұсқа мәңгілік емес. Бұл — бір мәселе. Екіншіден, лауазымды адамдар: «Латын тіліне көшіп жатырмыз», — дейді. Бұл пікір — халықты қателестіретін мәселе. Біз латын тіліне көшіп жатқан жоқпыз, біз қазақ әліпбиін латынша таңбалауға көшіп жатырмыз. Өйткені көп адамдар осы екі ортаны түсінбейді. Көпшілігі: «Біз бай қазақ тілі тұрғанда неге латыншаға көшуіміз керек?», — дейді.

Үшінші мәселе — біздің латыншаға қайта оралып жатқанымызда. Ал «Кезіндегі латыншаны неге қабылдамаймыз?», «Неге Байтұрсынов жасаған төте жазуды қабылдамаймыз?»  деген пікірлер — бұл оқымаған адамдардың көзқарасы. Біз кезінде латыншаға көшкенде қанша дыбыстар жоғалып кетті, кейбіреулері енбей қалды. Оны сол күйінде қабылдау қиын. Сондықтан қазір біз өзіміздің тіліміздің аясын кеңейтуіміз керек. Кезінде кириллицаны 40 шақты ел қолданыпты, соңғы 25 жылда 8 ел қалған. Ал латыншаны дүниежүзі халқының 60 пайызы пайдаланып отыр.

Біздің мақсат — бүгін, ертең болатын нәтиже емес, бұл 20-30 жылдан кейін келетін нәтиже. Кейбір ата-аналар балаларының орыс мектебіне баратынын, жаңа әліпбиді үйренбейтінін айтады. Өткен жылы мектепке 1-сыныпқа 371 мың бала барыпты. Сол баланың 334 мыңы қазақ сыныбына барған. Бұл бүкіл мектепке барған баланың 89 пайызын құрайды. Ал қалған 11 пайыздың 5 пайызы — қазақ балалары. Олар мектеп бітірген соң Қазақстанда тілдік орта қандай болады? Ал орыс мектебін бітірген бала кімге қызмет етеді, қай жерден орын табады? Болашақта елімізде қазақ тілді орта негізгі орта болып шығады. Соны ата-аналар ойлануы керек. Кейбір ата-аналар латын әліпбиіне көшпейтінін айтады. Бірақ олар көшпегенмен, оның баласы сол әліпбиге көшеді.

Ел арасында «Латын әліпбиіне баяғыда көшуіміз керек еді» немесе «Күте тұру керек, 25 жылдан кейін көшейік», — дейтіндер бар. Бұл сауатсыздық. 90-жылдары, еліміз тәуелсіздік алған тұста, Солтүстік Қазақстанда 21 пайыз ғана қазақ болды. Павлодар қаласында 9 пайыз қазақ болса, ал Алматыда 25 пайыз қазақ болды. Бүгінгі күні латын әліпбиіне демографиялық, әлеуметтік мәселелер қалыптасып болғаннан кейін дер кезінде көшіп отырмыз. Ал айтылған басқа пікірлердің барлығы — бос әңгіме.

Қорыта айтқанда, біз тар аядан шығып, дүниежүзілік үлкен, кең көлемдегі жағдайға көшіп жатырмыз. Осыны ескерсек, болашақта бәрі дұрыс болады деп ойлаймын.

Күлзат Садирова: Бүгінгі күні Жарлықпен бекітілген әліпби нұсқасы Ахмет Байтұрсынов бекітіп кеткен 28 дыбысты таңбалап тұр. Тек кірме дыбыстарға берілген таңбаларға ғана екі дыбыс сәйкес келіп тұр. Жаңа әліпби дәйекшелердің көбейіп кеткендігімен ғана қолайсыздық тудыруы мүмкін. Бірақ ол, шын мәнісінде, қолайсыз ба, оны жазғызып көру керек. Сондай-ақ дәйекшелер көп болғандықтан, қазақ мәтіндеріндегі сөздерді біртұтас қабылдауға қиындық туғызады деген пікірлер де айтылып жатыр. Жалпы әліппе оқитын, сауат ашатын балаларға бұл әліпбидің қолмен жазатын каллиграфиялық үлгісі де бекітілуі керек. Өйткені ол екеуі қатар жүрмесе болмайды. Сонымен қатар орфографиялық емле ережелері бекітілуі керек. Қазір біз қолымызды жаттықтырамыз, көзімізді үйретеміз деп жаздырып жатырмыз. Сол кезде әріптердің ішінде әртүрлі дыбыстарды таңбалағанда бір-біріне ұқсап кеткен әріптер бар. Нақты мысал келтірейік. Инвестиция деген таза [и] дыбысынан басталатын сөзді жазсақ былай көрініс табады: I’nvesti’tsi’i’a, бұл сөздегі i’ – [й] дыбысының таңбасы, I’ мен i’ – [и] дауысты дыбысының таңбасы. Енді инелік деген сөздегі дыбыстарды таңбалап көрейік. Оны таңбалауда қазақ тіліндегі бұл сөздің айтылуын негізге алуымыз керек, біздің төл сөзімізде и таза күйінде келмейді, оның алдынан і естіледі, бірақ кирилл әріптерімен жазылған әліпбиде и – [ій], [ый] деген дыбыстардың орнына жазылады деген ереже болды, тиын мен тиін, ми сөздерінің жазылуында орын алды. Әрі осы қайшылықтан, тіл бұзарлықтан арылу үшін жаңа әліпби қабылдау ісі басталды. Енді инелік сөзін жазып көрсек: Ii’nelik – [нелік] – бұл сөйлем басында келсе, ал сөз сөйлем ортасында келсе, жазылуы: ii’nelik. Стандарт осы жайттарды нақты белгілеп беруі керек. Соған сәйкес түзілетін орфографиялық ережелерді түзу мен орфоэпиялық нормалар, тыныс белгілердің қойылу ережелері де жасақталуы тиіс. Ең алдымен, жазуда қандай ұстаным басшылыққа алынатыны шешілуі тиіс. Қазіргі қолданылып жүрген жазуымыз морфологиялық ұстанымға негізделген, яғни сөздің түбірін сақтап жазу: мысалы, жұмысшы деп жазамыз, бірақ айтылуы, яғни орфоэпиялық нормасы [жұмұшшы], яғни ерін үндестігі (сөздің алғашқы буынында еріндік дауысты, екінші буынында езулік дауысты келсе, екінші буындағы езулік айтылуда еріндікке айналады, бірақ ол тек екінші буыннан аспайды) және қатаң с мен ш қатар келгенде, ш өзінің алдындағы с-ны айтуда ш-ға айналдырады деген ережеге сай кейінді ықпал немесе регрессивті ассимилияция заңдылығы сақталады. Ал латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиінде қандай ұстаным басшылыққа алынбақ, ол стандартта анықталуы керек. Сонда егер жазуда морфологиялық ұстаныммен жазсақ, жұмысшы – jumyss’y болып, ал фонетикалық ұстаным, яғни сөзді дыбысталуына сай жазсақ: jumus’s’y.

Жарлық бекітілді, бірақ бұдан кейін де ішінара өзгерістер енгізуге болады деп ойлаймын. Соған байланысты ғалымдардан бөлек тілдік ортада, мәселен, банк, мұнай саласының қызметкерлері қолданатын қағаздарда қандай қиындықтар кездеседі, осыны да ескеру керек. Жалпы әліпбиді қолдануда қандай қиындықтар, қолайсыздықтар кездесетінін нақты белгілеу үшін оны көпшілік жазып, оның қайсысы бірізді, қайсысы бірізді емес, соны шешуі қажет.

Айта кететін тағы бір мәселе — шетелдегі қандастарымыздың осы әліпбиге көшу мәселесі. Мәселен, Қытайдың Құлжа қаласындағы Іле педагогикалық университетінде қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бар. Олардың кітапханасы толғанымен кітап. Солардың ішінде кирилл әрпімен жазылған біздің ғалымдардың еңбектері бар. Бірақ оны олар оқи алмайды. Себебі олар кирилл әрпін білмейді, төте жазумен жазады. Басқа елдерде қазақ диаспоралары латын әрпімен оқи алады. Біз латын әліпбиіне көшкенде ұлттық комиссия сол төте жазумен қалып қойған қазақтардың да осы латын әліпбиіне қатысын ескеру керек деп ойлаймын.

Келдібай Еспағамбетов: Елбасының бастамасымен қолға алынған бұл шаралар —  келешек ұрпақ үшін жасалып жатқан дүниелер. Сондықтан біз дұрыс жолды таңдауымыз керек. Елбасы Қазақстанды Үшінші жаңғырту жөнінде міндет қойды. Бұған дейін біз екі жаңғырту жолынан өттік. Елбасы өз Жолдауларында үнемі осы латын әліпбиіне көшу мәселесін қозғап келді. Сондықтан ата-бабадан қалған кешегі жазуларды болашақ ұрпаққа жеткіземіз десек, латын әліпбиіне көшуіміз — нақты қадам. Тіл мамандары айтып өткендей алдағы уақытта ұлттық комиссия жұмыс жасағанда кейбір кемшіліктерді қарап,  толықтырулар енгізіп, бұл мәселе бір жүйеге келеді деп ойлаймын. Себебі біздің алдымызда 7-8 жылдай уақыт бар. Елбасы өз мақаласында 2025 жылға дейін кезең-кезеңмен көшу қажеттігін айтуы да тегін емес. Яғни оған дейін біз қыруар жұмыс жасаймыз деген сөз. Қарап отырсақ, бүгінгі бір жасар бала жеті жылдан кейін мектепке барады. Оған дейін ол бала дайындалады. Мектепте латын әліпбиімен оқып, сауат ашады. Міне, бұл — біздің алдағыны болжаған Елбасының көрегендігінің белгісі.

Қазіргі жастар бұрынғы біздің жазғанымыздай жаза алмайды. Сондықтан әліпбимен қатар жазу мәселесіне де көп көңіл бөлуіміз керек.

Бауыржан Бабажанұлы: Орыстілділер латын әліпбиіне көшпей, кирилл әрпімен қала беретіні белгілі болды. Осы ретте латын әліпбиін қиынсынғандар балаларын жаппай орыс мектебіне береді деген пікір бар. Сонда бір мемлекетте екіге жарылу болмай ма? Осыған байланысты не айтасыздар?

Естай Жайлыбаев: Осы кезге дейін қазақшаны кирилл әрпімен таңбалағанның өзінде екі ауыз қазақшаны үйренбеген адамдар бар. Ең алдымен, тілді үйрену үшін оған экономикалық және әлеуметтік факторлар болу керек. Мысалы, шетелге барғанда басқа ұлттың өкілдері сол елдің тілін үйренеді. Себебі бұл — мәжбүрлік. Бізде тілдік мәселеге қарайтын болсақ, қазірдің өзінде қазақтілділер, орыстілділер болып бөлініп отырмыз. Сондықтан қазір бөлініп тұрған дүниені болашақта бөлініп кетеді деп қорқудың қажеті жоқ. Үйренгісі келмейтін адам ол қашанда үйренбейді. Ал болашақта мәжбүрлік қалыптасса, мәселен, 90 пайыз бала қазақ тілінде оқып, бітіріп шықса, онда басқалар үйренеді. Ол үшін басқару органдарының өздері көшу керек.

Бүгінде 26 жылға дейін таза қазақ тіліне көшпеген басқармалар бар. Бұл мекемелерде қатынас қағаздары орыс тілінде жүргізіледі. Болашақта сол мекемеге қазақша ойлап, сөйлейтін басшылар келіп, қатынас қағазын қазақ тілінде жіберетін болса, кез келген қызметкер қазақ тілін үйренуге тырысады. Егер сол ортада барлығы қазақ тілінде сөйлесетін болса, ол адам өзі үшін үйренеді. Міне, бұл — әлеуметтік мәжбүрлік. Сол кезде біздің елімізде бұл мәселе өз шешімін табады.

Жалпы кез келген реформаға міндетті түрде қарсылық болады. Бұл — ғылыми дәлелденген нәрсе. Деректерге сүйенсек, ең басында жаңалықты халықтың 20 пайызы ғана қолдайды екен. 40 пайызы бейжай қабылдаса, 40 пайызы қарсы болады. Ал түсіндіру жұмыстары жүрген сайын әлгі 20 пайыз көбейе бастайды. Ең соңында халықтың 10-15 пайызының ғана пікірі өзгермейді. Сондықтан бұдан қорқудың қажеті жоқ. Біз болашаққа ұмтылған соң алған бетімізден қайтпауымыз керек.

Гүлайым Төлебаева: Біріншіден, бұл жерде демографиялық фактор бар. Қазір балалардың 90 пайызы қазақ мектебіне барып жатқаны жоғарыда айтылды. Осыдан 10-20 жыл бұрын ондай жағдай болған жоқ. Сондықтан бүгінгі күні орыс тілінде сөйлейтіндердің өкшесін басып келе жатқан қазақ тілінде ойлап, сөйлейтін ұрпақ бар. Олар — болашақ қоғамның мүшелері. Екіншіден, мотивациялық жағдай. Егер қоғамда қажеттілік, мәжбүрлік болмаса, онда ешқашан тілдің мерейі үстем болмайды. Үшіншіден, орыстілді немесе өзге ұлт өкілдері жаңа әліпбиден қалыс қалмайды. Мәселен, алдағы уақытта орыс сыныптары қазақ тілін латын графикасымен үйрене бастайды. Сондықтан олар латын әліпбиімен таныс болады. Бүгінгі таңда біз 700-ден астам адамға қазақ тілін оқытып жатырмыз. Оның 30 пайыздан астамы — өзге ұлт өкілдері. Яғни ережелер мен стандарттар бекітілген соң қазақ тілін үйрету тілдерді оқыту орталығында латын әліпбиімен жүргізіледі. Яғни қазақ тілін үйренетін орыс, неміс, кәріс сияқты өзге ұлт өкілдері латын әліпбиін стандартқа сәйкес үйренеді. Қалай болғанда да қоғамдағы ықпалға ешкім қарсы тұра алмайды, олар өздері үшін латын әліпбиін үйренеді. Бұл процесс 5-6 жыл емес, 20-30 жыл бойы қалыптасады. Сондықтан латын әліпбиіне көшу — бұл қазақ тілінің әлемдік сахнада тіл ретінде сақталып қалуына, оның дамуына мүмкіндік жасау.

Күлзат Садирова: Қазір жаңа әліпбиге байланысты жастар қарсылық білдіріп жатқан жоқ. Олар жазудың жеңіл екенін айтады. Тек кирилл жазуындағы қосар дыбыстарды таңбалаған әріптерді іздейді. Бірақ оларды іздеудің қажеті жоқ. Себебі олар тіл бұзар болып тұрған әріптер. Біз осыны жастарға түсіндіріп жатырмыз.

Қазір мектептерде жаңартылған білім бағдарламасымен эксперименттік оқу басталды. Осы оқу процесінде бастауыш сыныптың оқушылары ағылшын тілінде оқып, үйренген әріптің санадағы бейнесі келесі пәндегі әріптің дыбысын қабылдауда бірін-бірі ығыстырып шығады. Мәселен, ағылшын тіліндегі кейбір дыбыстар латын әліпбиінде де дәл солай оқылады. Осыдан келіп балалар ағылшын тілін таңбалайтын әріп пен жаңа әліпбидегі таңбаларды қаншалықты қабылдайды деген пікір туындайды. Сондықтан алдағы уақытта біз бұл мәселені де ескеруіміз керек.

Жазып алған Данагүл ҚАЗИХАН.

источник