Среда, Апрель 24, 2024
Басты > Жаңалықтар > Екінші мамандық иесі атанды

Екінші мамандық иесі атанды

2017 жылдың 28 маусым күні Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің Студенттер сарайында Сырттай оқу факультетінің ұйымдастыруымен 2017 жылғы бітіруші түлектерге диплом тапсыру салтанатты рәсімі өтті.

Сырттай оқу факультеті бойынша барлығы 552 түлек бітіргелі отыр. Бірінші күні факультеттің «Бастауыш оқытудың педагогикасы мен әдістемесі», «Педагогика және писхология», «Дефектология», «Бейнелеу өнері және сызу», «Информатика», «Тарих», «Кәсіптік оқыту», «Құқықтану», «Психология», «Экономика», «Есеп және аудит», «Қаржы», «Мемлекеттік және жергілікті басқару», «Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету», «Құрылыс» мамандықтары бойынша 268 түлекке, оның ішінде 2 түлекке үздік диплом табыс етілді.

Шараны университет ректоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Бауыржан Аманкелдіұлы Ердембеков кіріспе сөзбен ашты: «Құрметті әріптестер! Әріптестер дейтінім, сіздер белгілі бір салада қызмет атқарып жүрген жансыздар. Бүгін міне, кәсіби қызметіңіздің қажеттілігіне орай екінші мамандықты да игеріп отырсыздар. Қазіргі заман талабы сондай. Үздіксіз білімді қажет етеді. Сіздерді киелі білім ордасына қабылданған сәттен бастап, бәсекелестікке қабілетті білікті де білімді маман етіп шығаруды басты мақсат еткен болатынбыз. Сол мақсатымыз орындалды деген сенімдеміз. Сіздерді бүгінгі мерекелеріңізбен тағы да құттықтаймын!», — деді.

Диплом табыстау рәсімін сырттай оқу факультетінің деканы, филология ғылымдарының докторы, профессор Абат Шамұлы Пангереев жалғастырды. Факультет деканы түлектерге ақ жол тілеп, жүрекжарды тілектерін жеткізді.

Мерекелік кеш соңы тамаша концерттік бағдарламаға ұласып, жиналғандарға ерекше көңіл-күй сыйлады.