Четверг, Март 28, 2024
Басты > Жаңалықтар > Әдістемелік апталық аяқталды

Әдістемелік апталық аяқталды

Университетте 13 қарашада бастау алған әдістемелік апталық бүгін барлық факультеттерде қорытындыланды. Апталық аясында факультеттерде семинарлар, дөңгелек үстелдер, түрлі шаралар ұйымдастырылды.

Физика-математика факультетінде

Апталық аясында физика-математика факультетінің математика кафедрасында «Математика сабақтарында студенттердің өзіндік жұмысын ұйымдастыруда Блум таксономиясын қолдану» тақырыбында семинар өтті. Семинарға физика-математика факультетінің профессор-оқытушылар құрамы қатысты.

Семинар барысында кафедраның аға оқытушысы К.С.Баешева баяндама жасап, оқу процесінде Блум таксономиясын қолдану арқылы ОСӨЖ сабағын жүргізудің үлгісін көрсетіп, сабақты жүргізу әдісімен бөлісті. Студенттердің сабақ барысында өздеріне қойылған тапсырмаларды белсенді түрде орындайтынын атап өтті.

Шара аясында кафедраның аға оқытушысы А.Д.Сарман «Inequality» тақырыбында математика мамандығының 4-курс студенттеріне сабақ жүргізді. Студенттер сабаққа белсене араласып, өздерінің тақырыпты жақсы меңгергендіктерін және ағылшын тілінде еркін сөйлей алатындықтарын көрсетті.

Экономика және құқық факультетінде

Университеттің «Қаржы және есеп» кафедрасында әдістемелік апталық аясында дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Дөңгелек үстелдің мақсаты студенттердің өзіндік жұмыстарын ұйымдастыру ерекшеліктері мен нәтижелерін бағалауға арналды.

Шарада кафедраның әдістемелік секция жетекшісі К.Б.Тлеукабылова «Студенттердің өзіндік жұмыстарын ұйымдастыру тәсілдері» тақырыбында баяндама жасады. Ол баяндамасында студенттердің өздік жұмыстарының маңыздылығын тілге тиек ете отырып, оқу жылының барысындағы жүйесіз берілген өзіндік жұмыстар студенттердің сессия кезінде үлгермеуіне және білім сапасының төмендеуіне әкеліп соғатынын атап өтті. Осыған орай өздік жұмыстарды орындаудың тиімді жолдарын ұсынды.

«Статистика» пәнінен студенттердің өзіндік жұмыстарын ұйымдастыру ерекшеліктерімен А.Ө.Әлиева, «Құрылыстағы бухгалтерлік есеп» пәнінен СӨЖ ұйымдастыру және өткізу нысандарымен А.Т.Сексенова таныстырып өтті. Бұл пән бойынша қорытынды жұмыстың құрылыс объектілерінің сметасы шығарылатынын ескерсек, бұл жерде студенттердің бухгалтерлік есеп пәнімен қатар құрылыс жұмыстарының ерекшеліктері мен нарықтағы құрылысқа қажетті шикізат өндірісі мен материалдар бағаларына зерттеу жұмыстарын да қосымша меңгеруі қажет екендігі атап өтілді.

Кафедра оқытушылары М.А.Токтарова «Шетелдік қатысуымен кәсіпорындағы есеп» пәнінен СӨЖ орындауға қойылатын талаптар және әдістемелік әзірлемесін ұсынса, Г.М.Алдашева «Инвестицияны қаржыландыру және несиелеу» пәні бойынша СӨЖ ұйымдастыру ерекшеліктерімен, А.С.Рахманова есеп мамандықтарында СӨЖ жоспарлаумен, Г.К.Демеуова оқу процесіндегі СӨЖ рөлі, З.Ө.Иманбаева кредиттік оқу жүйесіндегі интерактивті оқыту әдістерінің көмегімен СӨЖ ұйымдастыру ерекшеліктерімен ой бөлісті.

Жасалған баяндамалар бойынша кафедра оқытушылары өз ойлары мен ұсыныстарын жеткізді.

Мемлекеттік қызмет этикасы бойынша тренинг өтті

Әдістемелік апталық аясында мемлекеттік қызмет этикасына арналған тренинг өткізілді. Шараны ұйымдастырушылардың бірі  «Мемлекеттік басқару және маркетинг» кафедрасының оқытушысы Г.Ж.Князова мемлекеттік қызметтің саяси-құқықтық, әлеуметтік-мінез-құлықтық институт болып табылатынын, Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметшілеріне қойылатын әдеп талап, іскерлік имидж, кәсіби қызметте нақты жағдайларда алынған білімді қолдану мәселелері төңірегінде айтты.

Тренинг барысында кафедраның аға оқытушысы Р.Ә.Есберген «Мінсіз мемлекеттік қызметші» ойынын ұйымдастырды. Ойында мемлекеттік қызметшілердің әдеп кодексін студенттердің қаншалықты мұқият зерттегенін анықтау қажет болды. Студенттердің екі командасына берілген уақыт аралығында ватманда мінсіз мемлекеттік қызметшінің суреті салынды, сонымен қатар оның барлық қасиеттерін сипаттады. Мини конкурстың қорытындысы бойынша достық жеңді.

Тарих факультетінде

Тарих факультеті кітапханасында «Тарих және дінтану» кафедрасының оқытушысы Н.Е.Есетов және кітапхана менгерушісі Э.Ұ.Абдуллинаның ұйымдастыруымен әдістемелік апталық аясында тарих мамандығының 1-курс студенттері үшін оқыту семинары өткізілді.

Семинар барысында студенттер кітапхананың Ирбис-64, АӨМУ электронды кітапханасы, РМЭБ, Эпиграф, SpringerLink, Рolpred секілді электронды базалар жұмысымен тікелей танысу мүмкіндігіне ие болды. Олардың көмегімен студенттер мобильді қосымшамалар арқылы қажетті кітап, журналдар, оқу құралдары, электронды оқулықтар мен конференция жинақтарын тауып қарай алады.

Жаратылыстану факультетінде

Жаратылыстану факультетінің кафедраларында «Студенттердің өзіңдік жұмыстарын тиімді ұйымдастыру — сапалы білім кепілі» тақырыбындағы әдістемелік апталық аясында әдіскерлер студенттердің өзіндік жұмыстарын ұйымдастырудың тиімді әдіс – тәсілдерін қолданып, көрнекілік сабақтарын өткізді.

Аға оқытушы Г.Ө.Қойшығұлова ТВL-әдісін қолданса, жобалау технологиясы бойынша магистр Б.Б.Саримбаева, конференция сабақтарын магистр Н.С.Бекбаулина жүргізді. Ал химия ғылымдарының кандидаты З.Б.Сұлтамұратова іскерлік ойын элементтерін қолданды. Эвристикалық әдісті п.ғ.к. С.Ф.Семенихина, зоологиялық тренажер бойынша аға оқытушы А.М.Абдукаримов, жеке жоба қорғауды аға оқытушы А.С.Ташимова,  сыни ойлау технологияларын х.ғ.к. А.А.Агишова өткізді.

Апталық жұмысына университеттің оқу әдістемелік бөлім бастығы С.К.Бишекен, оқу әдістемелік бөлім әдіскері Қ.О.Сүлейменова және факультеттің профессор– оқытушылары қатысты.