Среда, Апрель 24, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Университеттегі жылы жүздесу

Университеттегі жылы жүздесу

Байланыс және бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күніне орай Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті маркетинг орталығы және баспасөз қызметі бөлімінің ұйымдастыруымен «Бұқаралық ақпарат құралдарының білім беру саласын дамытудағы рөлі» атты шара ұйымдастырылды.

Бұл жиынға университет басшылығы, «Шамшырақ-Ақтөбе» ЖШС, «Қазақстан» РТРК АҚ облыстық филиалы, «РикаТВ» телекомпаниясының өкілдері, БАҚ өкілдері және университеттің филология, педагогика факультетінің профессор-оқытушылары құрамы қатысты.

Журналистермен өткен жиында университет ректоры, профессор Бауыржан Ердембеков бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін мерекелерімен құттықтап, олардың шығармашылық еңбектеріне табыс тіледі. «Университетімізде өтіп жатқан шаралардың, білім саласындағы жаңалықтар мен жетістіктердің халық құлағына тиіп, оқырмандарымызға жетіп жатуында сіздердің қосып жүрген үлестеріңіз зор» деді ол өз сөзінде.

Кездесу барысында университеттің ғылым және инновациялар жөніндегі проректоры Р. Бекназаров ««Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын облыста жүзеге асыру бойынша БАҚ-қа жобалар ұсынды. Тәрбие жұмысы және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректор К. Төребаева «Шығармашылық фестивалі» жобасы жайындағы баяндамасын жасады.

Жиында облыстық «Ақтөбе» қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы Бауыржан Бабажанұлы, танымал журналист Ұзақбай Қауыс, белгілі ақын, журналист Ертай Ашықбаев, Журналистер одағының мүшесі Болат Баймұхановтар БАҚ-тың қоғамдағы орны, білім саласына қосатын үлесі жайында айтып, Жұбанов университетінің мәдениеттің қара шаңырағы екендігіне баса назар аударды.

Сондай-ақ, филология факультетінің деканы Гүлзат Садирова «Филолог – журналистерді даярлау мүмкіндігі» атты серіктестік бойынша ұсыныстар пакетін таныстырды.

Жиын соңында университет ректоры Бауыржан Ердембеков БАҚ өкілдерін жоғары білім саласындағы жетістіктерді насихаттауға қосқан үлестері үшін арнайы Алғыс хаттармен, ынталандыру сыйлықтарымен марапаттап, ғалым Құдайберген Жұбанов суреті бейнеленген кілемшелерді табыс етті.

Жадыра АРЕН,
Ақтөбе қаласы
«Ақтөбе» газеті