Пятница, Март 29, 2024
Басты > Жаңалықтар > Жаңартылған білім мазмұнының дидактикалық құралдары

Жаңартылған білім мазмұнының дидактикалық құралдары

2017 жылы 21 қарашада Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің филология факультетінде  қазақ әдебиеті кафедрасының ұйымдастыруымен жалпы білім беретін орта мектептердегі 5, 6, 7 және 8 класс оқушыларына арналған «Қазақ әдебиеті» пәні оқулығының, хрестоматиясы мен әдістемелік  нұсқаулығының  авторы,  Семей қаласындағы Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Ақтанова Айман Советқызының қатысуымен  «Жаңартылған білім мазмұнының дидактикалық құралдары» тақырыбында дәріс-семинар өткізілді. Семинарға филология факультетінің профессор-оқытушылары, факультет кафедраларының филиалдары ашылған мектептердің мұғалімдері, 5В020500-Филология: қазақ филологиясы, 5В011700-Қазақ тілі мен әдебиеті, 5В012100-Қазақ тілінде оқытпайтын мектептердегі қазақ тілі мен әдебиеті мамандықтарының 4 курс студенттері, 5В011700-Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығының сырттай бөлім студенттері мен 6М020500-Филология мамандығының магистранттары қатысты.

Семинар барысында Айман Ақтанова әрбір класқа арналған оқулықтардың мазмұнымен, тапсырма түрлерімен таныстыра отырып, хрестоматияның құрылымдық ерекшелігіне тоқталып өтті. Оқулықтағы рөлдік, жұппен орындайтын, аудиотапсырмаларға назар аударып, теориялық мәліметтердің, ғалымдар пікірлерінің берілуінің маңыздылығын айтты.

Семинар соңында аудиторияға оқулық төңірегіндегі маңызды мәселелерді талқылауға мүмкіндік берілді. Қазақ әдебиеті кафедрасының әдіскерлері, филология ғылымдарының кандидаттары, доценттер А.З.Тілеуова мен Ғ.М.Ниязова оқулықтардағы теориялық материалдың көлемі мен мазмұны жөнінде пікірлерін білдірсе, магистр Г.К.Тәңірбергенова авторға оқулықтардың Елбасымыздың «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» мақаласындағы талаптарға қаншалықты сәйкес екендігі, ұлттық идеяны  насихаттаудағы үлесі турасында сұрақ қойды.  Филология ғылымдарының докторы, профессор Б.Т.Бораш семинардың мазмұнды әрі мәнді өткендігін айтып, А.С.Ақтановаға алғыс білдірді.  Семинарға қатысушы студенттер де оқулықтарға және жаңартылған білім мазмұнының ерекшеліктеріне қатысты көкейдегі сауалдарын қойып, тұшымды жауап алды.

«Жаңартылған білім мазмұнының дидактикалық құралдары» тақырыбында дәріс-семинардың оқытушылар мен мұғалімдер, студенттер мен магистранттар үшін маңызы зор болды. Өйткені семинар барысында көп жылдық еңбек өтілі бар кемел ұстаздар мен жас мамандардың, болашақ мамандық иелері мен ата-аналардың  пікірлері  тыңдалып, оқулық құрылымы толығымен талқыланып, кемшіліктері мен артықшылықтары сараланды.