Пятница, Март 29, 2024
Басты > Жаңалықтар > Жоғары курс студенттері шеберлік сабағына қатысты

Жоғары курс студенттері шеберлік сабағына қатысты

“Білімді болу жеткіліксіз, оны өмірлік қажеттілікке сай қолдана білу керек” деп әйгілі француз философы, математик-ғалым Рене Декарт айтқандай, қазіргі таңда жастар арасында, оның ішінде жоғары оқу орнын бітірген дипломы бар жастардың өзінде  жұмыс табу кезінде қиындықтар кездесетіні жасырын емес. Жұмыс өтілінің болмауы – жастарға кездесетін ең күрделі қиындықтардың бірі.

Осындай өзекті мәселеге орай жақында Ресейдің ірі кадрлық  компаниясы мен  ТМД  Елдерінің қатарындағы  «Анкор Центральная Азия»  жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өкілдері Жұпар Дюсенова мен Екатерина Грызунова 2018 жылғы бітіруші түлектерге  «Жұмысты қалай дұрыс  іздеу керек?»  деген тақырыпта  шеберлік класын өткізді. Шараны университеттің Академиялық  мәселелер және білім сапасын бағалау департаментінің оқу әдістемелік бөлімі ұйымдастырды.  Шеберлік сабағына магистранттар және университеттің бітіруші курс студенттері, факультет бойынша еңбекке орналастыру жұмыстарына жауапты  оқытушылар қатысты.

Қазіргі күннің өзекті тақырыптарының біріне арналған маңызды шарада нарықтық сұранысына талдау жүргізу, тағылымдама мен  жұмыспен қамту орталықтарына тіркелудің жағымды және жағымсыз жақтары, түйіндемені дұрыс құрастыру жолдары,  әңгімелесуге қалай дайындалу қажеттігі, сұхбаттасу кезінде жіберілетін қателіктер мен оның  нәтижесін қанағаттандырылмаған жағдайда қалай  қабылдау  керек деген сұрақтар қарастырылды. Қатысушылар тарапынан баяндамашыларға қойылған сұрақтар да көп болды. Олар жұмыс іздеу барысында Қазақстан Республикасының азаматтары үшін ең тиімді қандай интернет сайттары бар, сұхбаттасуға баруда міндетті түрде киім ережесін сақтау маңызды ма, түйіндеме дайындауда жеке мағлұматты көбірек жазған тиімді ме, әлде нақты беру қажет пе деген сұрақтар төңірегінде тұщымды жауаптар алды.