Суббота, Апрель 20, 2024
Басты > Жаңалықтар > Азиза Уббиниязова: «Бокс – өмірім»

Азиза Уббиниязова: «Бокс – өмірім»

Спорттың қандай саласы болсын үлкен еңбекті, адам жан дүниесіндегі жігерді талап ететіні сөзсіз. Қазіргі кезде елімізде спортты көтеруге, дамытуға көп көңіл бөлініп келеді. Спортшыларымыз әркез халық құрмет тұтатын, жастар үлгі-өнеге ететін тұлғалар. Біздің университетімізде де оқытушылар арасынан, студенттер арасынан да жүлделі орындарды иеленіп, қазақ елінің атын әлемге паш етіп жүрген спортшыларымыз жетерлік. Сондай мақтаныш тұтатын спортшымыздың бірі, әйелдер арасындағы бокс спортын дамытуға өз үлесін қосып жүрген, «Дене шынықтыру және спорт» кафедрасының оқытушысы Азиза Уббиниязова. Спортшымызбен сұқбаттасудың реті түсті.

Азиза, сонау Финляндиядан әйелдер боксы бойынша қола жүлде алып келдіңіз. Құтты болсын айта отырып, таңданысымызды да жасыра алмаймыз. Жалпы боксты таңдауыңызға бір себеп болған шығар

Бокс – менің өмірім. Өзімнің спортты, оның ішінде боксты таңдағаныма өкінбеймін. Спорт менің бала кезден ана сүтімен, әке тәрбиесімен қаныма сіңген деп есептеймін. Үлкен өмірге деген құштарлық бала кезден бастау алады да, уақыт талабына сай саналы, мағыналы өмірге ұласады. Сондықтан бала шақ пен болашақ әркез үндес секілді. Олай дейтінім, спорт біздің отбасылық досымыз десем болады. Әкем мен анам жүзу спортымен айналысқан. Ағаларым бокстан спорт шеберлері. Менің қазіргі бапкерім де ағам – Ерәділ Уббиниязов. Әкем барлығымызды бала кезімізден спортқа баулыды. Күнде ертемен тұрғызып жүгіртетін. Өсе келе спортқа, оның ішінде боксқа деген қызығушылығым арта түсті. Ата-анам да бұл жолды таңдауыма қарсы болмады. Сол кісілердің ақ батасы мені әлі де биік шыңдарға жетелейтініне сенімдімін.

Елімізде әйелдер боксы кешеуілдеп дамып келе жатқан спорт түрлерінің бірі. Дегенмен нәзік жан ретінде осы спорт түрінің бұқаралық сипат алуына қандай көзқарастасыз?

Иә, рас. Әйелдер арасындағы бокс елімізде кешеуілдеп дамып келеді. Мүмкін, қыздарға спорттың бұл түрін таңдауға қазақы менталитет те өз себебін тигізген болар. Дегенмен қазір өзіміздің Ақтөбе облысының өзінде әйелдер арасындағы боксқа назар аударыла бастады.

Әйел – болашақ ана ғой. Бокспен айналысудың  қыз баланың денсаулығына, жеке өміріне әсері болуы мүмкін бе?

Бізді арнайы жаттықтырушылар дайындайды. Әр спорттың өз ережесі, өз тәртібі болады. Сондықтан денсаулыққа ешқандай да кері әсері болмайды. Керісінше спортты өмірлік серік еткен адамның көңіл-күйі әркез көтеріңкі, денсаулығы мықты болады. Спортпен шын жүректен айналыссаң, сонда ғана нәтижеге жетесің.

Мен қазір тұрмыстамын. Бір ұлым бар, бақыттымын. Отбасылық өмірім мен спортты қатар алып жүру маған ешқандай қиындық туғызған емес.

Қола жүлде қолға тигенге дейін де бұл салада табыстарыңыз болған шығар. Еске ала отырсаңыз.

ҚР спорт шебері атағын иелендім. Әйелдер боксынан 2009-2015 жылдар аралығында ҚР қола жүлдегері, бірнеше дүркін облыс чемпионы, 2017 жылы шілде айында Севастопольде өткен халықаралық турнирдің жеңімпазы атандым. Сосын әңгіме басында өзіңіз құттықтаған Финляндиядағы жеңісім.

Шәкірт қыздар бар ма?

Әзірге баулып жүрген шәкірттерім жоқ. Шәкірт тәрбиелеу – алдағы уақыт еншісінде деп ойлаймын.

Алда сізді қандай мақсаттар күтуде?

Әр спортшыға тән арман, мақсат біреу деп есептеймін. Ол еліміздің туын көкте желбірету. Менің мақсатым — Азия, әлем, Олимпиада чемпионы атану.

Әңгімеңізге рахмет!

Сұқбаттасқан: Жадыра АРЕН