Пятница, Ноябрь 15, 2019
Басты > Жаңалықтар > Педагогика факультетіне оқуға келіңіз!

Педагогика факультетіне оқуға келіңіз!

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев өзінің 2017 жылғы Жолдауында негізгі басымдықтардың бірін адами капиталдың сапасын жақсартуға арнады. Білімді ұрпақ — Қазақстанның болашағы, мемлекеттің тірегі. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің ректоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Ердембеков Бауыржан Аманкелдіұлы биылғы мектеп бітіруші түлектерге мамандық таңдау — маңызды шешім деп айта келіп, өзі басқарып отырған 50 жылдық тарихы бар жоғары оқу орнында педагогикалық мамандықтардың барлық түрі дайындалатындығын айтқан еді.

ХХI ғасыр — ғылым ғасыры. Жас ұрпаққа, жас буынға жаңаша білім беру жолында түбегейлі өзгерістер жүріп жатыр. Еліміздің ертеңі – бүгінгі жас ұрпақты тәрбиелеу ең негізгі мәселелердің бірі. Оны шешудің басты бір тармағы — бала тәрбиесінің дұрыс жолға қойылуы. Бала тәрбиесі – әр сағат, әр күн сайын тынымсыз жүргізіле беретін аса күрделі құбылыс. Осы орайда «Балаларды мектепке дейінгі тәрбие және оқытумен қамтамасызу ету жөніндегі «Балапан» бағдарламасы» және «Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында» балалардың мектепке дейінгі сапалы тәрбие және оқытумен толық қамтылуын, олардың мектепке даярлауға арналған әр типті мектепке дейінгі тәрбие және оқыту бағдарламаларына теңдей қол жеткізуін қамтамасыз ету міндеттері белгіленді. Жаңаша даму кепілі – ұрпақтар сабақтастығы, тәжірибелі маман.

Адам баласының білімі, адамгершілік қасиеттері олардың жас кезіндегі балабақшалар мен бастауыш сыныптарда алған тәлім-тәрбиесіне байланысты. Ал сол бастауышта білім мен тәрбие беретін мұғалімдер өздерінің адам баласының мүсіншісі екендігін және олардың атқаратын істері жауапкершілігі мол, құрметті мамандық иелері екендігін түсінуі тиіс. Сондықтан да бастауыш сынып мұғалімдері оқытушылық пен ұйымдастырушылық дағдыны меңгерген маман және абыройлы кәсіптің иесі. Бастауышта оқытумен айналысқан мамандар еңбек нарығында бәсекеге қабілетті, қазіргі заманғы еңбек талабын өз деңгейінде орындайтын, өз қызметінің әлеуметтік кәсіптік шарттарына тез бейімделетін, оқытудың теориясы мен технологиясын жоғары деңгейде меңгерген педагогтар.

Осы мәселелерге көңіл бөлу мақсатында біз Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің құрдасы, 25 жылдық өмір тарихы бар Ақтөбе қаласының №21 «Кәусар бұлақ» мектепке дейінгі гимназиясына кірген болатынбыз. №21 «Кәусар бұлақ» мектепке дейінгі гимназиясы 1990 жылы ашылып, сол жылы Ақтөбе қаласының білім басқармасына өзінің білім саласындағы игі істерімен және жеке бағдарламасымен танымал педагог, Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметова келіп, оның оқу тәрбие жұмысымен танысып, жаңашыл кеңестер берген еді. Тәуелсіздік жаршысы болғалы тұрған, болашағынан үлкен үміт күтер мекеме болар деген сеніммен «Кәусар бұлақ» деп атын қойды.Бұл мекемеде К.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетін бітірген «Бастауышта оқытудың педагогикасы мен әдістемесі» мамандығы мен «Мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу» бакалавры академиялық дәрежесін алған мамандар қызмет етеді.

Балабақша ашылғаннан бастап оқу тәрбие жұмысын жүргізуде бірнеше жаңа жобалар мен бағдарламалар жасалды. Бұл бағдарламалар талапқа сай, балабақша, мектеп, институт бірігіп, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе университетінің әдіскерлері мен ұстаздарының көмегімен жабдықталды. №21 «Кәусар бұлақ» мектепке дейінгі гимназиясының меңгерушісі Қосыбаева Светлана Кеңесбекқызы «Гимназия ашылу кезінде Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе университетінің ғалымдары мен әдіскерлерінің оқу-әдістемелік жабдықтау және тәрбиешілерге ғылыми-әдістемелік қолдау көрсетуінің нәтижесінде оқу-материалдық базамыз нығайып, тез көтеріліп кетуімізге жағдай туғызылды. Біз әлде де мектепке дейінгі оқыту мен тәрбиелеу кафедрасының оқытушыларынан әдістемелік көмек алып тұрамыз. Біз облысымыздың көптеген балабақша тәрбиешілерімен және орта мектептердің бастауыш сынып мұғалімдерімен тәжірибе алмасып келеміз. Біздің тәрбиешілеріміздің көпшілігі Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе университетінің түлектері. Біздің мектепке дейінгі гимназиямызда оқу-тәрбие сабақтастығы сақталған. Біз әрқашан да көмек беруге немесе білмегенімізді үйренуге дайынбыз»- деп өз пікірін білдірді.
№21 «Кәусар бұлақ» МДГ еңбек етіп жүрген К.Жұбанов атындағы Ақтөбе университетін бітірушілер бала тәрбиесіне өз үлестерін жан-жақты қосып, өз жетістіктерімен көзге түсіп, өз табыстарымен ерекшеленіп, жаңаша еңбек етіп жүрген жандар.

«Қазақстан -2050» стратегиясы осынау мәңгілік жолдағы буындар бірлігінің, ұрпақтар сабақтастығының жарқын көрінісіне бағыт-бағдар берді. «Мәңгілік ел» идеясының басты көздегені – абзал біртума азаматтар тәрбиелеу. Қазақша айтқанда «Сегіз қырлы, бір сырлы» болу үшін бүлдіршіндердің мінез- құлқы барынша кемел азамат болуы ең бірінші шарт. Сол мақсатта педагогика факультетінде психолог мамандығын бітірген мамандардың негізгі мақсатарының бірі — балалардың санасында қалыптасқан түсініктерді дамыту және баланың қабылдау, есте сақтау, ойлау қабілеттерінің дамуына ықпал жасау арқылы психикалық процестердің дамуын анықтау және жетілдіру. Осы орайда балалардың психологиялық даму деңгейіне, өзіндік ерекшеліктерін ескере отырып даму көрсеткіштері анықталып, танымдық процестері ( қабылдау, ес, ойлау, зейін, қиял) мен танымдық қарекетінің даму дәрежесіне, оның ынтасының даму ерекшелігіне көп көңіл бөлінеді. «Бастауышта оқытудың педагогикасы мен әдістемесі» мамандығын бітірушілер баланың тілін дамыту, байланыстырып сөйлеуге үйрету, сөздік қорын байытуға, ойлау қабілетін жетілдіруге, сауат ашу жұмыстарына қызмет етеді.

Әлеуметтік педагогика және өзін-өзі тану бакалавры мамандығын бітірушілер әлеуметтік бағыттағы мекемелерде, балалар мен қарттар үйлерінде, арнайы білім беру мекемелерінде, мүмкіндігі шектеулі мүгедек жандарды қолдау, көмек көрсету органдарында, әлеуметтік қамсыздандыру мекемелерінде, түзету және сауықтыру лагерлерінде жұмыс жасайды.
Қазіргі уақыт білімді, өз кәсібін толық меңгерген, шетел тілін білетін ізденгіш, талапты мамандардың заманы. Қазіргі қоғам дамуының жалпы білім беру мазмұнына қоятын талабы — жас ұрпаққа әлемдік ғылым мен прогресс деңгейінде білім беру, олардың ойлау мүмкіндігін, қиялын жетілдіру, шығармашылық тәжірибесін, дүниеге қарым-қатынас нормаларын қалыптастыру болып отыр. Университетте жоғары оқу орнынан кейінгі білім алудың мүмкіндіктері жасалған. Университеттен кейін ғылыми-педагогикалық білімдерін жалғастыру үшін магистратура жұмыс жасайды. Магистратурада оқу орыс және қазақ тілдерінде жүргізіліп,15 мамандық бойынша магистрлер дайындалады.

Қорытындылай келетін болсақ, университетте мамандар дайындауда оқытудың жаңа технологиялармен қарулана отырып, қазіргі уақыттағы оқыту мен тәрбиеде еңбек дағдыларын игертуге бағытталған оқытудың жаңа жолдары енгізілген. Университетімізде мамандар даярлау білім берудің халықаралық стандарттарына сай жүргізіледі.

Өмірбаева Күләш Охасқызы
Қ.Жұбанов атындағы АӨМУ профессоры,
педагогика ғылымдарының кандидаты

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован.