Четверг, Март 28, 2024
Басты > Жаңалықтар > Хромтау ауданында кәсіби бағдар беру жұмысы барысында кафедралар филиалдары ашылды

Хромтау ауданында кәсіби бағдар беру жұмысы барысында кафедралар филиалдары ашылды

Жұбанов университетінің «Кәсіби бағдар беру және дайындық курсын жүргізу» бөлімі  ұйымдастырған Хромтау ауданындағы жұмыс сапары №6 орта мектеп-гимназиясында өтті. Кездесуге аудан орталығындағы және Құдықсай, Бөгетсай, Қопа ауылдарынан барлығы 330  мектеп оқушысы, сонымен қатар мектеп директорлары мен мұғалімдері, ата-аналар қатысты.

Шара барысында университеттің Ғылым және инновациялар жөніндегі проректоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Рахым Бекназаров жиналғандарды университеттің ғылыми әлеуеті, материалдық-техникалық базасы, академиялық ұтқырлық бағдарламасы, арнайы гранттар, студенттерге берілетін жеңілдіктер, студенттердің әлеуметтік-тәрбиелік жұмыстары жайындағы мәліметтермен таныстырды.

Кездесу барысында университет пен аудан әкімдігі, университет пен Хромтау ауданының білім бөлімі арасында жас мамандарды жұмысқа орналастыру, кадрлар біліктілігін арттыру және қайта даярлау курстарын жүргізу, аудандық мектептермен байланыс орнатып, олардың базасында университет кафедраларының филиалдарын ашу жұмыстары бойынша екі жақты Меморандумдарға қол қойылды.

Проректор Р.А.Бекназаров аудандық білім бөлімінің басшысы мен №6 орта мектеп-гимназиясының директорына университет ректоры Б.А.Ердембековтің атынан жоғары оқу орны мен аудан мектептері арасындағы байланысты нығайтуға қосқан үлестері үшін Алғыс хат табыстады. Сонымен бірге осы ауданнан келіп, университетімізде білім алып жатқан белсенді, озат студенттердің ата-аналарына да университет ректорының Алғыс хаттары тапсырылды.

«Кәсіби бағдар беру және дайындық курсын жүргізу» бөлімінің басшысы Ж.Ж.Идиева, барлық факультеттердің өкілдері т.ғ.д., профессор С.С.Кульниязов,  қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, ф.ғ.к.,  доцент М.Р.Балтымова, тарих және дінтану кафедрасының меңгерушісі, т.ғ.к., доцент А.Т.Мәден, э.ғ.к., доцент А.О.Нурманов, аға оқытушылар Ж.Қ.Убаев, Р.А.Бурибаева, А.А.Утеуова, А.Н.Жеңсікбаева, Ж.Н.Юсупова әр факультеттің мамандықтарымен таныстыра отырып, қатысушылардың сұрақтарына жауап берді.

Сапар барысында «Үздіксіз білім беру институтының» директоры, п.ғ.к., доцент  Г.А.Такишева мен «Тарих, этнография және археология» ғылыми-зерттеу институтының директоры, т.ғ.к., доцент Д.Қ.Абенов ғылыми-әдістемелік семинарлар өткізді.

Аудан орталығындағы №6 Хромтау орта мектеп-гимназиясында «Қазақ әдебиеті», «Тарих және дінтану» кафедраларының филиалдары ашылды.

Шара соңында университетіміздің белсенді студенттері өнер көрсетті.