Вторник, Март 19, 2024
Басты > Жаңалықтар > Студенттер Марина Цветаеваның жырларын оқыды

Студенттер Марина Цветаеваның жырларын оқыды

«Оның жандүниесінің романы» әдеби-музыкалық поэзия кеші ХХ ғасырдың атақты орыс ақын қызы Марина Цветаеваның өлең жолдарымен ашылды. Әдеби кешті филология факультетінің «Орыс тілі және әдебиеті» мен «Ұлттық мектептердегі орыс тілі және әдебиеті» мамандығының 4-курс студенттері ұйымдастырды. Әдеби-музыкалық поэзия кеші М.Цветаеваның 125 жылдығына арналды.

Кеш қонақтары М.Цветаеваның поэзиясынан әр өлең жолдарының астарына үңіліп, ондағы жан күйзелісін де, қуанышты да, құштарлық пен махаббатты, өмірінің соңына дейін жұмбақ күйінде кеткен талантты ақынның өлеңдеріндегі сұлулық пен ерекше бір күшті сезіне білді. Кеш соңында студенттер орыс және қазақ тілдеріндегі өз шығармашылықтарынан жүрекжарды өлеңдері мен прозаларын оқыды. Кештің жоғары деңгейде өтуіне Нүрия Өтепова, Елена Иваненко, Нұрбану Жақанова, Есет Ерболат, Перизат Әбдірашева, Күміс Әміржан, Ақтолқын Жиенбай, Ақнұр Байтілес секілді белсенді студенттер атсалысты. Сондай-ақ, кеш барысында жиналғандар ақыннның өмірі жайлы «Өмір тарихы», «Судағы иірім» фильмдерінен үзінді қарады. Студенттер ақынның сөзіне жазылған «Мне нравится, что вы больны не мной», «Мой милый, что тебе я сделала» әндерін шырқады. Сонымен қатар М.Цветаева өмірі мен шығармашылығынан фотоколлаж дайындалды.