Вторник, Апрель 16, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Жұбанов университетіндегі ІХ халықаралық «Жұбанов тағылымы» ғылыми конференциясы өтті

Жұбанов университетіндегі ІХ халықаралық «Жұбанов тағылымы» ғылыми конференциясы өтті

30 қараша күні Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің Студенттер сарайында тілтану ғылымының тұңғыш профессоры Құдайберген Жұбановтың ғылыми мұрасына арналған «Жұбанов тағылымы» дәстүрлі ІХ халықаралық ғылыми конференциясы басталды. Аталмыш ғылыми конференция аясында университеттің ғылыми кітапханасы көрмесіұйымдастырылып, көрмеге Құдайберген Жұбановеңбектері қойылды.

Шара алдындауниверситет ректоры Бауыржан Ердембеков бастаған университет ұжымы, ағайынды Жұбановтар ұрпақтары,ғалымның туған жері — Мұғалжар ауданының әкімі Ербол Жеткергенұлы және басқа зиялы қауым өкілдеріҚұдайбергенЖұбанов ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, құрметпен тағзым етті.

Содан соң ғылыми конференцияжұмысыСтуденттер сарайындапленарлық мәжіліспен басталды. Конференцияға қазақстандық зерттеушілермен бірге, Ресейдің Барнаул қаласынан және Башқұртстанның астанасы Уфадан арнайы келген ғалымдар қатысуда.

Шараны салтанатты түрде ашқан университет ректоры, профессор Бауыржан Аманкелдіұлы аталмыш ғылыми басқосудың ҚР тұңғыш Президенті күні мерекесімен тұспа-тұс келген ерекшелігін атап, жиналған көпшілікті алдағы мерекемен құттықтады. Ол: «Құрметті әріптестер! Мұғалжар тауының етегінде дүниеге келіп, есімі қазаққа ғана емес, мұқым Одаққа танылған Құдайберген Жұбанов әкесі ашқан мектептен сауат ашып, Орынбор, Петербор қалаларының білімі мен ғылымын бағындырды. Петерборда алғашқы қазақтың аспиранты болған жас Жұбанов В.В.Бартольд, Н.Я.Марр, А.Н.Самойлович, В.А.Богородицкийлер сынды әйгілі шығыстанушы ғалымдардың дәрістерін тыңдады. С.Е.Малов, И.И.Мещанинов, Е.Д.Поливановтар, К.К.Юдахин, А.К.Бороков сынды саңлақ ғалымдармен қатар жүрді.

Отыз сегіз-ақ жыл ғұмыр кешіп, қызыл қырғынның құрбаны болған ғалым әлемдік лингвистиканың озық дәстүрін толық игеріп үлгерді. Үлгеріп қана қоймай, қазақ тіл білімі мен түркология мәселелеріне қатысты «Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер» деп аталатын кешенді ғылыми еңбегін бастап, оны серияларға бөліп, 10 сериясын кейінгі ұрпаққа ұсынып кетті.

Келте ғұмырдың бес-алты жылын ғана шәкірт тәрбиелеуге бөле алған Жұбановтың жылуын Мәулен Балақаев, Ғайниддин Мұсабаев  сынды болашақ ғалымдар көрді. Біз, «Құдайберген Жұбанов — қазақ тіл білімінің атасы» деген қағидаға айналған қасиетті сөзбен мақтанамыз», — деді.

Сондай-ақ, сөз арасында университет ректоры қазақтың біртуар ұлын ұлықтау мақсатында, алаштың қайраткері Мұхтар Арынның бастамасымен 1990 жылы Ақтөбе педагогикалық институтына Құдайберген Жұбановтың есімі берілгенін де айта кетті.

Ректор баяндамасында «Кезінде оқу орны Н.Байғаниннің атымен аталғанын білетін Мұхтар ағамыз Нұрпейіс Байғаниннің баласы Момын Байғаниннен институтқа Қ.Жұбанов есім беру туралы пікірін сұраған екен. Сонда Момын ағамыз: «…Құдайберген Жұбанов өмірдің қызығын көрмеген тағдырлы тұлға, елден ерек туып, қазақ ғылымының көсегесін көгерткен азамат қой, оның есімі университетке әбден лайық», — деген екен. Халық ақыны, кеше ғана «Нарқыз» атты шығармасы театрда сахналанған Нұрпейіс Байғаниннің атын осы университеттің бір ғимаратына беруді ұсынып отырмыз»,- деп, университеттегі «Жұбановтану» ғылыми зертханасы ашылғанын, Қ.Жұбанов атындағы конференц-зал мен «Жұбанов университеті» баспасы, үздік 7 студентке Қ.Жұбанов атындағы білім гранты, белсенді 14 студентке Қ.Жұбанов атындағы стипендия берілгенін де тілге тиек етіп, конференция жұмысына сәттілік тіледі.

Одан соң пленарлық мәжілісте Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев сөз сөйлеп, «Құрметті зиялы қауым, құрметті жастар, қадірлі қонақтар! Сіздерді аса көрнекті, тілші ғалым Құдайберген Жұбановтың ғылыми мұрасына арналған «Жұбанов тағылымы» ІХ халықаралық ғылыми конференциясының ашылуымен облыс әкімі Бердібек Машбекұлының атынан шын жүректен құттықтаймын», — деп, облыс әкімінің құттықтау сөзін жеткізді.

Сондай-ақ, Ғылыми конференция барысында Мұғалджар ауданы әкімі, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің түлегі Ербол Данағұлов сөз сөйлеп, «Құрметті жерлестер! Қазақ еліне, қазақ жұртына артында өшпес із қалдырған Жұбановтар әулеті біз үшін үлкен мақтаныш. Бүгінгі конференция баршаңызға құтты болсын! Тау десек — Мұғалджар, Мұғалджар десек — Жұбановтар әулетін айтамыз. Мұғалджар елі Жұбановтардай тұлғамен мақтанамыз!», — деп, университетке Құдайберген Қуанұлының туған жерінің табиғаты бейнеленген суретті табыстады.

Жалпы, конференцияда жан-жақтан келген ғалымдар қазақтың тіл ғылымын, әдебиет пен музыка, түркология сынды ғылым салаларының негізін салғанҚ. Жұбановтың  еңбектерін зерттеудегі түрлі пікірлерін айтты. Конференция соңында университет ректоры келген қонақтарға арнайы «Жұбанов медалін» табыстады.

Сонымен қатар, конференция аясында «Жұбановтану» ғылыми-зерттеу орталығы ашылды. Орталықтың ашылу рәсімінде «Үздік жұбановтанушы» байқауы ұйымдастырылды. Байқауға қатысушы университеттің студенттері мен магистранттары және қаладағы колледж, мектеп мұғалімдері тарапынан 60-тан астам жұмыстар түскен. Байқауға келген жұмыстар эссе, ғылыми мақала, көркем сурет және музыкалық шығармалар жанрында ұсынылған.Арнайы құрылған комиссия үздік жұмыстарды анықтап, олардың авторларын марапаттады.

Аталмыш конференция секция мәжілістерімен жалғасты.

Сандуғаш БАЙҒҰЛҚЫЗЫ
Қ.Жұбанов атындағы АӨМУ
Баспасөз қызметі бөлімінің маманы