Четверг, Апрель 25, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Үздік жастар марапатталды

Үздік жастар марапатталды

Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов Елбасы Жолдауын насихаттау мақсатында ұйымдастырылған байқаудың жеңімпаздарын марапаттады.

Байқаудың мақсаты —  студенттер мен оқушыларды ғылыми ізденіске тарту, шығармашылықтарын шыңдау. Байқауға жоғары және арнаулы оқу орындарынан 93 шығарма түссе, оның ішінде 24-і университет студенттерінің,  69-ы колледж оқушыларының шығармалары болды. Жастардың шығармаларын жоғары оқу орындарының оқытушылары мен БАҚ өкілдері бағалады. Олар әрбір жастың шығармасын мұқият оқып, үздіктерін жүлдеге лайық деп тапты. Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов жеңімпаз жастарды құттықтады.

— Негізгі мақсат — Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауын кеңінен насихаттау. Біздің қаламызда дарынды, шығармашылыққа бейім жастар көп. Олар өз мүмкіндіктерін көрсетіп, жеңімпаз атанып отыр. Сіздерге болашақта жақсы оқып, шығармашылық қабілеттеріңізді әрі қарай дамытуға тілектеспін, — деді қала әкімі.

Ілияс Испанов жеңімпаз жастарды диплом және бағалы сыйлықтармен марапаттады. Ынталандыру мақсатында бірқатар жасқа Алғыс хат берді.

Ақтөбе өнеркәсіптік технологиялар және басқару колледжінің оқушысы Айнель Черниязованың еңбегі қазылар алқасының тарапынан жоғары бағаланыпты.

Мен шығарманы жазу кезінде Елбасының «Рухани жаңғыру» мақаласын оқып шықтым. Экспо халықаралық көрмесі туралы ойымды айттым. Оның ішінде облысымызда атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталдым. Бүгін еңбегімнің еленіп, марапатқа ұсынылғанына өте қуаныштымын, — деді Айнель.

Жиында Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Ғайша Ниязова жастарға серпін беретін байқаудың жалғаса беруіне тілектестігін білдіріп, ұсынысын айтты. Қала әкіміне алғыс білдірді. Жастарға әрі қарай ізденуге кеңес берді.

Кәмшат ҚОПАЕВА

источник