Пятница, Март 29, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Жұбанов жастары Халық қаһарманы, үшінші қазақ ғарышкері, «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ вице-президенті Айдын Айымбетовпен кездесті

Жұбанов жастары Халық қаһарманы, үшінші қазақ ғарышкері, «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ вице-президенті Айдын Айымбетовпен кездесті

Кездесуге У.С.Авдеенко (Еуразиялық планетарийлер ытымақтастығының тең төрағасы, Нижний Новгород планетарийі директорының ғылыми жұмыстар бойынша орынбасары, Нижний Новгород қаласы, РФ), Ж.Сақұрпағы(жазушы-фантаст, Қазақстан Жазушылар Одағының және ТМД Астрономия-геодезия қоғамының мүшесі, Астана қаласы, Қазақстан ),Л.И.Щестакова(физика-математика ғылымдарының кандидаты, В.Г. Фесенков атындағы Астрофизика институтының жұлдыздар физикасы мен тұмандықтар зертханасының меңгерушісі, Алматы қаласы, Қазақстан), Н.Ә.Бейсен (физика-матматика ғылымдарының кандидаты, «Бөбек» ұлттық ғылыми-практикалық білім беру және сауықтыру орталығының директоры, Алматы қаласы, Қазақстан), М.Г.Гаврилов (физика-математика ғылымдарының кандидаты, Халықаралық астрономиялық олимпиадалардың төрағасы, Пущино радиастрономиялық обсерваториясының жетекші ғылыми қызметкері, Москва қаласы, РФ), И.И.Куцеволова(«Знамени мира» үйлестіру орталығының үйлестірушісі, Ростов-на-Дону қаласы, РФ), С.А.Дауталиев (жас техниктер станциясының директоры, ғарыш зертханасының жетекшісі, Қазақстан Республикасының білім саласының үздігі, Талдықорған қаласы, Қазақстан), Қ.Ш.Бөлеков (Еуразиялық планетарийлер ынтымақтастығының тең төрағасы, Ақтөбе облыстық планетарийінің директоры, Ақтөбе қаласы, Қазақстан)және университеттің оқытушы-профессорлар құрамы да қатысты.

Кездесуді университеттің бірінші проректоры Қуанышбек Шүңкеев жүргізіп отырды. Ол бүгінгі кездесудің университет жастары үшін өте маңызды, тарихи сәтті күн екеніне тоқталды.

Ғарышкер жастардың ғарыш әлеміне және ғарышкердің жеке басына қатысты сұрақтардың бәріне ашық, толық және қызықты жауап берді.

«Ғарышқа ұшу… Бұл менің бала арманым еді. Қазір ойлап отырсам, осындай арман талай балалардың көкейінде сайрап жатқан да шығар?! Ғарышқа ұшып, арманыма қол жеткіздім. Әлі де болашақтың еншісіне тапсырған армандарым бар. Мәселен, жер серігінде ғылыми база құруға қатысу немесе қазір кең талқыға салынып жүрген Марсқа ұшу… Әрине, мұның бәрі бүгін, не ертең орындалатын дүние емес. Жақсы нәтижеге жету үшін, талай жылдар еңбек ету керек. Жер серігі бағдарламасы 15-20 жылдан кейін ғана жүзеге асатыны анық. Мен тағы бір мәрте ғарышқа ұшуды армандаймын. Бірақ, оған бұрынғыдай денсаулығымыз жарар ма екен…», — деді Айдын Ақанұлы.

Ғарышкер жастарғаалға қойған мақсаттарына қаймықпай жетуді тілеп, ғарыш кеңістігіндегі сәттерді еске алды.

«Мектеп қабырғасында жүргенде әскери-әуе училищесіне түсемін деп шешкен едім. Кішкентай ғана қалашықта тұрған соң, достарым ол сөзіме аса иланбады. Дегенмен, мен өз мақсатыма жетіп, 1993 жылы ғарышкерлержасағына құжаттарымды тапсырдым. Бірақ, ол кезде жасақ толық жинақталмады. Елбасымыз бен Ресей Президентінің ғарыш саласындағы ынтымақтастық туралы келісімінен кейін, 1998 жылы жасақ қайта ашылды. Мен тағы өтінішімді апарып тапсырдым. Бірақ бұл жерде де баяғы иланбаушылықты әріптестер тарапынан естігенім есімде. Себебі, ғарышкерлерді барлық Одақ аумағы бойынша сұрыптап алатын. Бұл өте үлкен бәсеке. 5 жыл бойы медициналық тексерістен өтіп, ақыры ғарышкерлер жасағына қабылдандым. Десек те, бірден ғарышқа ұшу мүмкіндігі туындамады. Кейін Қазақстанға қайтып келген соң, жыл сайын сол мүмкіндікті күтіп, армандаумен, еңбек етумен уақытымды өткіздім», — деді,- студенттермен әңгімелесу барысында ғарышкер.

Сондай-ақ, Айдын Айымбетов өз әңгімесінде ғарыш сапарының қалай өткендігін сөз етіп, қазақстандық ғалымдар дайындаған ғарыштық технологиялар мен тәжірибелерге тоқталды. Ғарыштық технология жетістіктерінің күнделікті тіршілігімізге қалай ене бастағанын, Қазақстанның ғарышкерлер саны жағынан әлемде тоғызыншы орынға шыққандығын, еліміздің ғарыш кеңістігін игеру мүмкіндіктері зор екенін, болашақта да өзінің бар күшін соған арнайтынын айтты.

«Мен әскери училищені тәмамдағаннан кейін Қазақстанға қайта оралдым. Ол кезде сол аумалы төкпелі заман орын алды, айлықты жарты жылдап бермейтін еді. Кейбіреулер Қазақстаннан жақсы өмір іздеп кетіп жатты, кейбіреулер бизнеске кетті. Өмірде әрдайым қиындық болады, тек оған шыдап, төзімділік таныту керек. Менің айтқым келетіні алдарыңызға мақсат қоюға қорықпаңыздар, керісінше алдарыңызға мақсат қойып, соған ұмтылатын болсаңыздар, оған міндетті түрде жетесіздер», — А.Айымбетов жастарды қанаттандыра түсті.

Сонымен қатар ол ғарышкерлер қатарына қосылу үшін ең алдымен денсаулық мықты болу шарт, екіншісі — жоғары білім. Сонан соң еңбекқорлық қажет екенін атап өтті.

Оның пайымдауынша, ғарышкерлердің бойында әлемді тануға деген құштарлық, жігер және қарапайымдылық та болуы керек.

«Мен Қазақстан Президентінің қолынан жоғары награда алған кезде мен өзіме Отан үшін, елдің өркендеуі үшін барлық өмірімді сарп етемін деп уәде еттім. Мен жоғары наградаға ие болдым, бірақ мен сол баяғы Айдын болып қалдым, өзгермейтін де шығармын, мен жай ғана өз қызметімді атқарып, еліміздің ғарыш саласын көркейту жолында еңбек ете беретін боламын», — деді, ғарышкер.

Кездесу соңында Айдын Айымбетовке Құдайберген Жұбановтың суреті бейнеленген кілемше мен университеттің 50 жылдығына арналған сағат сыйға тартылып, ғарышкер кездесуге келген жастармен естелік суретке түсті.

Сандуғаш БАЙҒҰЛҚЫЗЫ

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе

өңірлік мемлекеттік университеті

источник