Четверг, Апрель 25, 2024
Басты > Жаңалықтар > Ректор кубогі «Қорған» командасына табысталды

Ректор кубогі «Қорған» командасына табысталды

Жұбанов университетінің Студенттер сарайында Ақтөбе қаласының жоғары және арнаулы орта оқу орындары арасында «Ақтөбе – асқақ арманым» тақырыбында қазақша КВН ойындары өтті.

Жастардың тұлға ретінде дамуына, тапқырлығын, талантын ашуға ықпал ететін бұл ойынның басты мақсаты –  «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты Елбасы мақаласын кеңінен насихаттау. Мемлекеттік тілдің қолданылу өрісін кеңейте түсуге үлес қосу. Қоғамдағы көкейтесті мәселелерді әзіл арқылы жеткізу. Талантты жастарды анықтау.

«Ақтөбе – асқақ арманым» тақырыбында өткен ойында 5 жоғары оқу орны, 2 колледж және еркін құрама командалары өнер көрсетті. Атап айтқанда Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті, С.Байшев атындағы Ақтөбе университеті, Қазақ-Орыс халықаралық университеті, Т.Бегельдинов атындағы Әуе қорғаныс күштері әскери институты, М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институты,  Ақтөбе көлік және коммуникация колледжі, «Сөз жоқ» құрамасы  (2016 жылы Ақтөбе облысының жоғары лигасының чемпиондары), «Алтықарасу жастары» құрамасы (2016 жылғы Ақтөбе қаласының премьер-лига ойындарының чемпиондары, республикалық Бірінші лига ойындарының финалистері), Қостанай ашық лигасының вице-чемпиондары командалары қатысты.

Аталмыш шараны университеттің бірінші проректоры, профессор Қуанышбек Шүңкеев алығысөзімен ашып, ойын қатысушыларына сәттілік тіледі. Сондай-ақ шараға Ақтөбе облысының ішкі саясат басқармасы, жастармен жұмыс бөлімінің бас маманы Нұрсұлтан Елеуов, облыстық жастар ресурстық орталығы, жастар бастамаларын жүзеге асыру және ұйымдастыру бөлімінің кеңесші маманы Нұрсұлтан Досекешов,   «Жас отан» жастар қанатының төрағасы Асылжан Бүркіталин, «Ақтөбе» телеарнасының жүргізушісі Дархан Рахымжан, Республикалық жоғары лига ойындарының чемпионы, «Экспресс» КВН командасының ойыншысы Нұрсұлтан Назарғалиев қазылық етті.

Жайдарманның ойындарын тамашалауға жиналған жастардың қарасы мол болды. Әзіл кешінде көңілді де тапқырлар командалары қоғамдағы түйткілді мәселелерді көтеріп, әзілмен түйреді. Көрерменді күлкіге қарқ қылып, ойландырды.

Негізгі ойын тақырыбы   – Ақтөбе қаласына арналғандықтан, Ақтөбе қаласындағы мәселелер мен әсем де ару қаланың жетістікке толы табыстары да ойынның негізгі тақырып арқауы болды.

Әзіл-шыны аралас тақырыптар арасында әкім-шенеуніктердің қызметі, қала мен ауыл өмірі, шоу бизнес өкілдері және т.б. туралы әзіл мен әжуа айтылды. Командалардың көбі жайдарманның жас буын құрамалары болса да өздерінің сапалы, әрі өтімді әзілдерімен елітіп әкетіп, көрермен көзайымына айнала білді. Ойынға қатысқан барлық құрамалар өз ерекшеліктерімен есте қалып, көрермен қошеметіне бөленді. Барлық құрамалар жоғарғы деңгейдегі дайындықтармен келгендіктен әділ-қазылар алқасына сайыс жеңімпаздарын анықтау оңайға түспеді.

Сайыс қорытындысы бойынша  «Үздік әзіл» номинациясына өткір әзіл мен ұтымды қалжыңмен ерекшеленген «Алтықарасу жастары» құрамасы ие болса,  ал «Үздік ойыншы» номинациясын Азамат Жадырасынов («Сөз жоқ» құрамасы) жеңіп алды. ІІ орынды,  70 мың теңге сыйлығымен  «Сөз жоқ» құрамасы иеленді. ІІІ орын,  50 мың теңге сыйлығымен «Жұбанов» құрамасына берілді. Ал, «Ректор кубогі» және 100 мың теңге ақшалай сыйлық М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институтының  «Қорған» командасына табысталды.