Четверг, Апрель 18, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Кештеу еленген еңбек немесе ештен кеш жақсы

Кештеу еленген еңбек немесе ештен кеш жақсы

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде қазақ халқының тұңғыш профессоры Құдайберген Жұбановқа арналған дәстүрлі «ХІ Жұбанов тағлымы» халықаралық ғылыми конференциясы болып өтті.

Оған ғалымның кенже баласы филология ғылымдарының докторы Асқар Жұбанов, биология ғылымдарының докторы Ажар Жұбанова, филология ғылымдарының кандидаты Ардақ Жұбанова, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессоры Фаузия Оразбаева, Қ.Жұбанов университетінен филология ғылымдарының докторы Жанна Тектіғұл, филология ғылымдарының кандидаты Нұрбол Садуақас, Қазақстандағы Конфуций институтының директоры Ли Цзяньхун Синьцзян, ресейлік Алтай мемлекеттік педагогикалық университетінің профессоры Александр Куляпин және т.б. көптеген оқытушы-ғалымдар қатысты.
Конференция Құдайберген Жұбанов ескерткішіне гүл қою рәсімінен басталды.
Конференцияның өтуіне мұрындық болған университет ректоры Бауыржан Ердембеков былай дейді:
— Қазақ тіл білімінің тұңғыш профессоры Құдайберген Жұбановтың Ақтөбе өңірінде дүниеге келуі, тіл білімі саласындағы елеулі орны ескеріп, 1990 жылы өскелең ұрпақ бойына білім мен ғылым дарытып, жоғары кәсіптік білім беретін біздің оқу ордамызға ғұлама ғалымның есімі берілген болатын. Ал осы оқу ордамыз Ағайынды Жұбановтар көшесінде орналасқан. Осынау өлке атамекені саналатын Жұбановтар әулеті қазақтың ғылымы мен өнерінің биік бір белесі, қол жетпес асуы десек еш қателеспейміз. Олар – Ақтөбе топырағынан өніп шығып, облысымыздың атын иісі қазаққа танытқан тағлымы мол тұлғалар. Ғұлама тұлғаларға арнап президентіміздің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында биылғы жылы «Жұбановтар әлемі» орталығының ашылуы да – бізді қуантарлық жаңалық. Осындай тарихи маңызы бар ауқымды іс-шараларды ендігі арада мейлінше мазмұнды әрі жоғары деңгейде өткізуді басты мақсат етуіміз керек.
Қ.Жұбанов ұсталып кеткен кезде өмірге келгеніне 6-ақ күн болған кенже ұлы Асқар Жұбанов әкесінің ғылыми мұраларының өміршеңдігіне таңданады:
— Қазіргі күрделі технологиялар мен коммуникация заманында әлемдік ғылым, оның ішінде әлемдік лингвистика жаңа білім жаңалықтарымен толығып, дами түсуде. Қ.Жұбанов дарияға айналған тіл білімінің алғашқы қорегі, әлі күнге сарқылмаған бастауы болып отыр. Оның еңбектерін әр қырынан зерттеген бірнеше диссертациялар қорғалды. Оның барлығын да осы ақтөбелік ғалымдар зерттеді десем, артық айтпаған болар едім. Құдайберген Жұбановтың еңбектерінде антропоцентристік лингвистика, математика-статистикалық лингвистика, компьютерлік лингвистика, гендерлік лингвистика, когнитивтік лингвистика, т.б. салаларда қарастыруға болатын деректер көп. Мен маман ретінде әкемнің еңбектеріндегі сандық деректерді пайдалану жайымен таныса оты-рып, оның зерттеулерінде тілге сандық деректер мен мәліметтер негізінде қараудың нышаны бар екенін көремін. Бүгінде тіл білімінің бір саласына айналып отырған лингвистикалық статис-тиканы ғалымның сол кездің өзінде-ақ тани білгеніне, осыншама білімді қайдан алып үлгергеніне таңданып отырамын. Құдайберген Жұбановтың қазақ жазуы мен әліпбиіне қатысты көзқарастары қазіргі жаңа әліпбимен тығыз байланысып жатыр. Бүгінгі кирилл жазуы болсын, бұрынғы латын мен төте жазу болсын, жалпы қазақ жазуының астарында жатқан оның теориялық негіздері Ахмет Байтұрсынов пен Құдайберген Жұбанов салған алғашқы ұстанымдардан бастау алып отыр. Байтұрсынов араб жазуынан алған дәйекшені өзі жасаған төте жазуда қалай қолданса, Жұбанов та өзі ұсынған латын негізді әліпбиінде дәйекшіні қолданудың тиімді жолдарын көрсетіп, әліпбидегі әріп санын барынша азайтып, оның емле-ережелерін де жетілдіруге күш салған еді. Сондықтан ғалымдар қазіргі жаңа алфавитке де осы дәйекшіні енгізді.
Конференцияда сөз алған ғалым Фаузия Оразбаева ғалымның тек ғылыми мұраларына ғана емес, адамгершілік қасиеттеріне баса назар аудартты:
— Қ.Жұбановтың әдістемелік көзқарастарын зерделеп қарағанда, ерекше мән беретін басты мәселе – тіл мен әдістеме теорияларын үнемі ұштастыра отыруы және осыған сәйкес жолдарды нақты көрсетуі. Ғалымның тиімді әдістері қатарында түйінді мәселеге назар аудару, сөзбен суреттеу, көрнекілік, өмірге үңілдіру, еңбек процесімен байланыс, жүйелі ойға төселдіру, оқушының алдына проблема қоя оқыту, бір пәнді игерту үшін оған екінші пәнді құрал ету – бүгінгі күннің өзекті мәселелерімен ұштасып қана қоймай, қазіргі кезде басымдылық беріліп отырған дамыта оқытудың ғылыми-теориялық, ғылыми-әдістемелік негізін қалаған ой-пікірлер болғанын аңғару қиын емес. Мысалы, қазіргі оқыту мәселелеріне байланысты қаралып жүрген таным процесі ғалымның атаған әдістерінің төңірегінде екені байқалды. Осының өзі тілші-ғалымның ой-түйіндерінің өміршеңдігін, оның даналығы мен көрегендігін көрсетеді. Тағы бір көңіл аударарлық жағдай – Жұбанов отбасы мәселесі мен адамгершілік тәрбиесіне ғылыммен бірдей мән берген. Оның аналардың ролі туралы жазып қалдырған пікірлерін оқысаңыз, тұнып тұрған қазынаға тап боласыз, — дейді ол.
Ли Цзяньхун Синьцзян болса:
— Қ.Жұбанов – түркі тілдерінің тарихы жөніндегі өз зерттеулерінде руна жазулы, ескі ұйғыр жазулы, араб жазулы ескерткіштерді, моңғол, тұңғыс-манжұр, қытай, жапон тілдеріндегі материалдарды, араб, парсы мәліметтерін, европа тілдерінде жазылған әдебиеттерді молынан пайдаланған европалық деңгейдегі лингвист. Мұны қазақ тілінің жазу, терминология, әдістеме, тіл білімі салаларының көкейтесті мәселелеріне арнаған зерттеулерінен байқауға болады, — деп пікірін айтып, қазақ ғалымы туралы мағлұматы бар екенін білдірді.
Уақыт тапшылығы мен жағдайға қарай ресейлік ғалым Александр Куляпин:
— Мен университеттеріңізге екінші рет келіп отырмын. Оқу ордасынан тек жақсы әсер алдым. Оқытушылардан алған хаттардан және университеттің ресми сайтынан жаңалықтарыңызды біліп отырамын. Менің биылғы іссапарымның ғалым Құдайберген Жұбановқа арналған дәстүрлі конференциямен тұспа-тұс келіп отырғанына қуаныштымын, — деп қысқа қайырды.
Қ.Жұбановтың зерттеулерімен терең танысқан ғалым Жанна Тектіғұл:
— Қ.Жұбановтың ғылыми мұрасының білімдарлық ауқымы мен танымдық мәні зор. Оның қазақ мәдениеті, тілі мен әдебиетінің тұтастығын сипаттайтын ғылыми мұралары қазіргі тіл білімінің даму бағыттарындағы ғылыми ой-тұжырымдармен сабақтастығын мойындатып отыр. Ғалым қазақ орфографиясы мен әліпбиін қалыптастыруда да өзіндік ізін қалдырды. «Қазақ алфавитінің жобасы», «Қазақ әліпбиін реформалау жобасына» атты мақалаларында жаңа латын әліпбиіне тән кемшіліктерді көрсете отырып, ол кемшіліктерді тек қазақ тілінің дыбыстық ерекшеліктерін ескергенде ғана жоюға болатынын атап өткен. Сондықтан бүгінгі күні енгізіліп жатқан латын графикасына негізделген қазақ әліпбиін жасауда Қ.Жұбанов пікірлері назарға алынса, көпшілік арасында талас тудырып жатқан көптеген даулы мәселелердің оңтайлы шешілері сөзсіз, — деп ғалымның пікірімен толық келісетінін білдірді.
Нұрбол Садуақас:
— 1929 жылы қазақ әліпбиінде 29 әріп болды. Бұл әліпбиді жетілдіру бағытында Жұбанов ұсынған жобада 25 әріп, 1 дәйекші көрсетілді. Оның көмегімен ғалым қазақ тілі дыбыстарына арналған әріп санын барынша үнемдеу жолын білдірді. Қ.Жұбанов – тіл маманы бола тұра, қазақтың әдебиеті, музыкасы, тарихы, т.б. ғылым салаларымен де шұғылданған жан-жақты ғалым. Ол – полиглот. Түркі тілдерін былай қойғанда, шығыс тілдерін, ағылшын, неміс, француз, орыс және басқа да славян тілдерін біліп, жапон, қытай, моңғол тілдері деректерін де өз еңбектерінде тиімді пайдаланған. Жұбановтың басқа да дарыны мен қабілеттері туралы айта беруге болады. Бұл оның дүниетанымының түпсіз тереңдігін байқатады.
Құдайберген Жұбановтың баласы профессор Есет Жұбанов «Жұбановтану» зертханасының деңгейін зерттеу орталығы дәрежесіне көтергісі келді. Ел ардақтысы, талай қазақ баласын өз қаражаты есебінен Ресейге оқуға жіберіп, ел қамын жеген Құдайбергендей азаматтың өмірі мен қызметін зерттеуге арналған орталықтың атымен аталған оқу орнында ашылуына, былай қарағанда, ешбір кедергі де, сылтау да болмауы тиіс еді. Бірақ, не себепті екені белгісіз, оның сөзі мен ойының, бастамасының маңыздылығы еленбеді. Ол кісі қайтыс болған соң Құдайберген Жұбановтың немересі Ардақ Жұбанова да университет қабырғасында қызмет етіп жүргенде, осы мәселені көтеріп университет басшылығына талай барған. Ол кісінің де тауы шағылыпты. Өз басының қамы емес, осындай ұлы тұлғаның болғанын көпшілікке, жас буынға таратып, оның бейнесін үлгі етуді насихаттағысы келген ісіне университет басшылығы тарапынан қолдау білдірілмей, керісінше, қарсылық пен аяқтан шалу көп болған соң көңілі қалып, жұмысынан «өз еркімен» кетіпті. Осындайда сатирик Көпен Әмірбековтің «Францияда болатын нәрсе болады, Англияда болмайтын нәрсені болдырады, Германияда болмайтын нәрсе болмайды. Ал біздің елде ше? Болайын деп тұрған нәрсені болдырмаймыз ғой» дегені еске түседі.
— Университеттің дәл төрінен «Жұбановтану» ғылыми-зерттеу орталығының ашылуы – әрине, қуанарлық жағдай. Әкемнің ең үлкен арманының бірі болатын. Алайда Есет Жұбановтың тірі кезінде істелуге тиіс жұмыс еді. Өзі көріп кеткенде, тіпті жақсы болған болар еді, — дейді Ардақ Жұбанова.
Тағы бір айта кетерлігі, «Жұбановтану» орталығынан Мұхтар Арынов, Ғалымжан Нұрышев секілді азаматтарымызға арналған орындар бөлініпті. Құптарлық жұмыс. Бірақ осы оқу ордасында талай жыл еңбек етіп, Алматыдағы әріптестері арасында «Тірі энциклопедия» атанған әрі «Жұбановтану» орталығының ашылуына тікелей қатысты профессор Есет Жұбановтың өзіне арналған жеке орын тағы да берілмей қалыпты. Және де жаңадан ашылған «Жұбановтар әлеміне» немесе «Жұбановтану» ғылыми-зерттеу орталығына әулетке түк қатысы жоқ өзге біреулер емес, қолында мол құнды мұрасы бар, филология ғылымдарының кандидаты, атасы мен әкесі секілді қос ғалымның ғана емес, қазақ халқына адал қызмет еткен барлық тұлғалардың еленуіне үлес қосып, қоғамдық мәселелерді шешуге атсалысып жүрген ұрпағы Ардақ Жұбанова лайықты орнына тартылса, аталған орындардың екеуі де тарих беттерінің талай көмескі ақтаңдақтарын ашар еді

источник