Четверг, Апрель 25, 2024
Басты > Жаңалықтар > Алматылық ғалымдар дәріс оқыды

Алматылық ғалымдар дәріс оқыды

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті «Абайтану» ғылыми-зерттеу орталығында М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері, әдебиеттанушы, алаштанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Айгүл Ісімақова мен Мемлекеттік тілді дамыту институтының атқарушы директоры, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Бижомарт Қапалбекұлы дәріс оқыды. Ғалымдардың дәрісіне факультет деканы К.Қ.Садирова, қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі М.Р.Балтымова,  профессор А.Ш.Пангереев, доцент А.З.Тілеуова, доцент Ғ.М.Ниязова, т.б. оқытушылар  мен студенттер қатысты.

Дәріс барысында ғалым А.Ісімақова асыл сөздің құдіретіне тоқталып,   А.Байтұрсынов, Ә.Бөкейханұлы, М.Дулатұлы, С.Садуақасов, Қ.Жұбанов сынды Алаш зиялыларының ұлт мүддесі үшін атқарған қызметі туралы баяндады. Алаш ардақтыларының ауыр тағдырынан сыр шертіп, қоғамдық қызметі, ғылыми ізденістері,  тұлғалық асыл қасиеттері жөнінде көпшілік біле бермейтін құнды мәліметтер келтірді. Студенттер ғалымға сұрақ қойып, профессор-оқытушылар пікір алысты. Ғалым студенттердің бойындағы ұлттық рухты оятып, әдебиеттің құдіреттілігін сезіндірді.

Тіл дамыту институтының директоры Б.Қапалбекұлы өз дәрісінде латын графикасының енгізілуінің маңыздылығына, халық арасында кеңінен таралуы бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстарға тоқталды. Жаңартылған білім мазмұны бойынша 5, 7-ші кластарға арналған «Қазақ тілі» оқулығының авторы ретінде ғылым жолының қыр-сырымен таныстырып, ғылыми зерттеу әдістері туралы мәлімет беріп,  студенттерге бағыт көрсетті.

Профессор А.Ісімақова дәріс соңында Жұбанов университетінің ғылыми кітапханасына өзінің «Алаш әдебиеттануы», «Тәуелсіздік және Алаш ғылымы» жөніндегі кітаптарын сыйға тартты.

Дәрістер аяқталған соң ғалымдарға естелік сый мен кітап берілді.

Сол күні әдебиеттанушы ғалым А.Ісімақова РИКА-ТВ телеарнасының «Сөзіңіз аузыңызда» бағдарламасына қатысып, Алаш қайраткерлері мұраларындағы рухани жаңғыру мәселелері туралы сөз қозғады.