Среда, Апрель 24, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Әбіш Кекілбаевты еске алды

Әбіш Кекілбаевты еске алды

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде Қазақстанның Халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның Еңбек Ері Әбіш Кекілбаевтың шығармашылығы мен қоғамдық қызметіне арналған «Телегей теңіз дарын» атты дөңгелек үстел өтті.

Басқосуға ақын, көсемсөз шебері, республикалық «Адырна» журналының бас редакторы Мейірхан Ақдәулетұлы, филология ғылымдарының докторы, университеттің қазақ әдебиеті кафедрасының профессоры Алпысбай Мұсаев, ардагер ұстаз Серікбай Қайдасов, «Невада-Семей» республикалық қозғалысы Ақтөбе филиалының жетекшісі Ізімғали Көбенов, еңбек ардагері Жанұзақ Талдыбаев, филология ғылымдарының кандидаты, университеттің теориялық және қолданбалы тіл білімі кафедрасының доценті Мұхтар Миров, филология ғылымдарының кандидаты, университеттің қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі Мира Балтымова, т.б. қатысты.

Шараны университеттің ғылым және инновациялар жөніндегі проректоры Рақым Бекназаров жүргізді.

  • Мен өз өмірімде Әбіш Кекілбаевпен екі рет кездестім. Атап айтсам, Әбілқайыр ханды зерттеу жобасы бойынша ғылыми жетекшім, профессор Серік Әжіғалимен жұмыс жасап жүрген кезде ақпаратшы ретінде осы кісімен жүздестік. Мен сол сәтімді өз өмірімдегі ең бақытты сәттерімнің бірі деп есептеймін. Деректерге сүйенсек, Әбіш Кекілбаев Хан моласының басында 1979 жылы «Үркер» романын жазу кезінде болған, — деп, басқосуда Рақым Бекназаров «Әбіш Кекілбаев және «Хан моласы» қорымының зерттеу тарихында» атты слайдты көрсетіп, студенттерге жазушы туралы көптеген деректер айтып берді.

Бұдан кейін жиналғандарға ұлы жазушы туралы «Әбіш Кекілбаев. Жүрекжарды» бейнефильмі көрсетілді.

Шарада ақын Мейірхан Ақдәулетұлы Әбіш Кекілбаев, оның шығармалары туралы мағыналы, қызықты әңгімелер айтып, қазақ әдебиетінде аты алтын әріптермен жазылып кеткен біртуар дарын иесінің халқымыз үшін орны бөлек екенін жеткізді.

Әбіш Кекілбаев туралы ұзақ айтуға болады және айтылады. Бізге ол кісі өзіміздің бірге туған ағамыз сияқты болды. Ол кісі өте қарапайым адам еді. Ол кісінің біліміне тілім жетпейді, оның қайдан, қалай, қашан оқып алғанын ешкім білмейді, ол кісі «копьютер» сияқты адам еді. Көне тарихтан, ерте заманнан бастап кез келген ұлттар, ұлыстардың тарихын айтып отыратын. Ол кісіге Алла Тағала сондай қабілет берген. Кейде мен, мүмкін, Әбіш Кекілбаев өзінің мүмкіндігін түгел іске асыра алмай кеткен шығар деп ойлаймын. Негізінде, ол айтарын айта алмай кеткен адам. Әбіш Кекілбаев көркем әдебиетке алаңдады, теңдесі жоқ повестер қалдырды. Ол көркем қиялмен ғана жұмыс жасайтын адам болған жоқ, ол ұлттық тұлға болатын, — деді М.Ақдәулетұлы.

Басқосуда филология ғылымдарының докторы, университеттің қазақ әдебиеті кафедрасының профессоры Алпысбай Мұсаев Әбіш Кекілбаевтың шығармашылығына тоқталып, жиналғандарға жазушы туралы естелік әңгімелер айтты.

Ол қай уақытта болса да оқырман Кекілбаевты оқыған сайын жаңа бір әлем ашқандай болатынын жеткізді.

Шарада зиялы қауым өкілдері ұлы жазушының өнегелі өмірі, артында қалдырған мұрасы — шығармалары туралы кеңінен әңгімелеп, өздерінің жүрекжарды лебіздерін білдірді.

Басқосу соңында университеттің филология факультетінің 1-курс магистранты Қастербек Сайлауғазы Әбіш Кекілбаевқа арнап жазған өлеңін оқып, «Ғанибет» тобы «Даламның абыз атасы» әнін орындады.

Данагүл ҚАЗИХАН.

источник