Четверг, Март 28, 2024
Басты > Жаңалықтар > Жұбанов университетінде Смартхоум типіндегі «Жастар үйі» ашылды

Жұбанов университетінде Смартхоум типіндегі «Жастар үйі» ашылды

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласына орай Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде бүгін Смартхоум типіндегі заманауи «Жастар үйінің» ашылу рәсімі өтті.

Ең алдымен «Жастар үйі» алаңында «ARSU stars» би тобы флешмоб билеп, жастар үшін жасалып жатқан игі істерге алғыстарын білдірді.  Салтанатты рәсімге облыс әкімі Бердыбек Сапарбаев, қала әкімі Ілияс Испанов, Ақтөбе облыстық мәслихатының хатшысы Сәния Қалдығұлова, университет ректоры Бауыржан Ердембеков, еңбек ардагерлері, қоғам қайраткерлері, облыс зиялылары, университеттің профессор-оқытушылар құрамы мен студенттер қатысты.

Кіріспе сөз алған облыс әкімі Бердыбек Сапарбаев құттықтау сөз сөйледі: «Тәуелсіздігіміздің перзенттері — жастарымыздың көз алдында мемлекетіміз күннен –күнге өсіп, өркендеп келеді. Жеткен жетістіктеріміздің барлығы егемендіктің арқасында. Қазақстан жастарына білім алуға, дүниенің түкпір-түкіпірінде білімін толықтыруға барлық жағдай жасалған. Біздің міндетіміз — Елбасы тапсырмасы бойынша жастардың білікті де білімді маман болып қалыптасуына барлық мүмкіндік туғызу. Қазіргі заман талабына сай басқа мемлекеттердегі құрбы-құрдастарыңнан қалмай, білім — тәрбие алып, мемлекетіміздің дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылуына жағдай жасайсыздар деп сенеміз. Қазіргі таңда университетте студенттерді жатақханамен қамту 56 пайыз болатын болса, аталмыш жатақханадан кейін бұл көрсеткіш 80 пайызға көтерілмек. Тағы да Гришин көшесінде 500 орындық жатақхана жөндеуден өтуде. Келесі жылы ол пайдалануға берілетін болса, онда университеттің студенттері жатақханамен 100 пайыз қамтамасыз етілетін болады. Бұл сіздердің жақсы білім алуларыңызға жасалған үлкен мүмкіндік. Уақытты тиімді пайдаланып, жан-жақты дамуларыңыз керек. Облыс басшылығы атынан жастарға жағдай жасаған университет басшылығына үлкен рахмет айтамыз», — деп жастардың жаңа қоныстарына құтты болсын айтты.

Құттықтау сөзінен кейін Бердыбек Машбекұлы «Жастар үйіне» жолдама алған, үлгерімі үздік, Атырау облысынан келіп оқып жатқан университеттің «Экология» мамандығының 1-курс магистранты Әйгерім Сембаева мен Қызылорда облысынан келіп «Серпін» бағдарламасы бойынша білім алып жатқан, физика-математика факультетінің 4-курс студенті Досбол Яхияға кілтті салтанатты түрде табыс етті.

Лента кесу рәсімінен соң қонақтар жаңа ғимаратты аралап қарады. Алдымен олар смарт-оқырман кабинетіне кіріп, «Цифрлық технологиялар» орталығының директоры Талғат Жүнісқалиев жасаған презентацияны тыңдады. Презентацияда «Жастар үйінде» жолға қойылған жаңа инновациялық технологиялар мен болашақта жүзеге асырылатын инновациялық жобалар таныстырылды. Одан кейін қонақтар 1-ші қабатта орналасқан оқырман залы, ас бөлмесі, акт залы, студент кеңесі, демалыс бөлмесі, егілу және жатын бөлмелерді аралап қарап, жаңа «Жастар үйін» заманауи талаптарға сай, жастарға жасалған үлкен жағдай деп бағалады.