Четверг, Апрель 18, 2024
Басты > Жаңалықтар > Университетте поляк суретшісі Казимеж Бабкевичтің көрмесі ашылды

Университетте поляк суретшісі Казимеж Бабкевичтің көрмесі ашылды

Бүгін Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде халықаралық ынтымақтастық аясында «Дизайн» және «Бейнелеу өнері және кәсіптік оқыту» кафедраларының ұйымдастыруымен Польшаның атақты суретшісі Казимеж Бабкевичтің графикалық жұмыстар  көрмесінің ашылу рәсімі өтті.

40 жыл бойы суретшілік шығармашылықпен айналысып келе жатқан 70 жастағы Казимеж Бабкевичтің көрмесі Қазақстанда алғаш рет өткізіліп отыр. Бұл көрмеге  суретшінің 17 гравюрасы мен  35 экслибрисі қойылды.

Көрменің ашылуына зиялы қауым өкілдері, университет студенттері мен оқытушылар қатысты.

Ашылу рәсімінде алғашқы сөз алған кәсіби-шығармашылық факультетінің деканы Сабыржан Сағидоллаұлы: «Құрметті  шараға қатысушылар! Бүгінгі шара академиялық ұтқырлық аясында өткізіліп отыр. Осындай бағдарлама аясында университет ғалымдары шетел ғалымдарымен әріптес байланыс жасайды. Бұл көрме сол жұмыстарымыздың бір  нәтижесі», — деп, көрмені ұйымдастырушыларға алғысын айтты.

Одан кейін сөз алған «Ақбөбек» компаниясының бас директоры,  Ақтөбе қалалық мәслихатының депутаты, Күлпаршын Айдарханова: «Шараны өткізіп отырған Жұбанов университетіне, экслибрист Мәрзия Жұмашқызына ризашылығымды білдіремін. Мұндай көрме университет ішінде шектелмей, облыс  аумағына шығуға лайық деп ойлаймын. Ал, біз өз тарапымыздан қаладағы мектеп оқушыларының басын қосып, осындай көрме өткізуге  атсалысамыз деп сенім артамын», — деді.

Шара барысында университеттің «Дизайн», «Бейнелеу өнері және кәсіптік оқыту» кафедрасының кафедра меңгерушілері сөз сөйлеп, Казимеж Бабкевич туралы сөз қозғап, көрме барысына тоқталды.

Көрмені тамашалауға келген университеттің 4-курс студенті Сәнім Мурзалина: «Көріп тұрғанымыздай поляк суретшісі Казимеж Бабкевичтің гравюрасы мен  экслибрисі шынайылық пен шыншылдық және  сарказмға толы екен.  Осындай көрмелер жиі өткізілсе деген ұсынысым бар», — деді.

Көрменің кураторы, танымал экслибрист, график суретші, «Дизайн» кафедрасының оқытушысы Мәрзия Жақсығарина: «Кез келген суретші  шығармашылығында өзіндік қолтаңбасы болуын қалап, көп ізденеді.   Соның арқасында кейбір суретшілер өз  еңбегін өте шебер, ерекше қылып жасап шығады. Ал Казимеж Бабкевич керісінше қарапайымдылықты сүйеді. Өзі өмір сүретін ортадағы өзекті тақырыпты алып, соған қатысты өзі көрген, өзі біліп-түйген жәйттерді жазады. Біреуге жақпай қаламын деп бас ауыртпайды.    К.Бабкевичтің өзі жазғандай, оның жұмыстарын бір тақырыпқа біріктіруге болады: «Көз жасы аралас күлкі».   Оның графикаларын мұқият қараған сайын идеялық мазмұнына қанығып, өткір ақыл иесі екеніне тәнті боласың»,- дейді, шығармашылық тұлға ретінде толқынысын жасырмай.

К.Бабкевичтің  көрмесі    2018 жылдың 10 ақпанына дейін созылады. Сондықтан элиталық өнерге жататын экслибрис және графика көрмесін тамашалауға мүмкіндік мол.