Четверг, Март 28, 2024
Басты > Жаңалықтар > Қадірлі әріптестер! Құрметті студенттер!

Қадірлі әріптестер! Құрметті студенттер!

Барша мұраттың асқары, бақыттың бастауы болған Ұлы мереке – Тәуелсіздік күні құтты болсын!

Бұл күн – ата-бабалардың арманы ақиқатқа айналып, азаттыққа қол жеткен аса қасиетті күн.

Бұл күн – жас ұрпаққа Егемен елдің ұланы атануына жол ашылған қастерлі күн.

Бұл күн – мемлекеттік тілді жаңғыртып, ата дінді қайтарған, ұлттық тарихты түгендеген күн.

Азаттық тарихының деректеріне жүгінсек, XV ғасырда Әз Жәнібек пен Керей хандардың бастауымен алғаш рет Шу сағасында бой көтерген Қазақ хандығынан кешегі «Желтоқсан» оқиғасына дейінгі аралықта сан ғасырдың шерменді шежіресі жатыр.

Шынын айту керек, дәл бүгінгі ұрпаққа, қазақ халқына тәуелсіздік көктен түскендей оңай келген сияқты көрінеді…

1991 жылғы Тәуелсіз ел болғанымыз тіпті заңды нәрсе сияқты, жалпақ жұрт марғау, селсоқ, кезекті бір мейрам ретінде қабылданғандай көрінді. Есесіне көзі қарақты зиялы қауым қатты тебіренді. Кезінде аталары шекара асқан, қытай, түркия, моңғолия т.б. шет елдегі қандастарымыздың, қуаныштан етегі жасқа толып еңіреді.

Бодандық бұғауынан құтылған күні-ақ бауырлас Түркі елі ақжарма тілегін айтып құттықтауын жеткізді.

Қазаққа тәуелсіздік 1991 жылы жайдан-жай келе қалмады. Әрісін айтпағанда ХҮ ғасырда Керей мен Жәнібектен басталған қазақтың қаймана тарихы талай сұрапылдан өтіп, біздерге жетті. Қақыраған қалмақтың соққысынан өз ішінде алауыз болған қайран жұрт, ақ табанға ұшырап, тоз-тоз болды. Алайда, рухы күшті көк бөрінің ұрпағы Абылайдың ақ туының астына жиылды. Кейіннен,   «Қара қытай темір ноқта, сары орыс – қайыс ноқта» деген аталар сөзі, айнымай келіп, «қайыс ноқтаға» мойынсұнуға тағдыр көндірді қазақты. «Қайыс ноқта» қазақты өлтірмеді де, өсірмеді де. ХІХ ғасырдағы жаппай орыстандыру, 1920 жылдардағы колективтендіру, 1932 жылғы аштық, 1937 жылғы репрессия, екінші дүниежүзілік соғыс, 1950-60 жылдардағы қуғын-сүргін қазақ деген халықты жер бетінен жойып жібермесе де, титықтатып, тұралатып, мәңгүрттендіріп жіберді.

Есесіне жайлауында «қойын құрттап, сорпасын ұрттап» мамыражай күй кешкен қаймана қазақтың тағдырына Алла аяушылық жасап, арыстай ерлерді берген ғой. Сонау Күлтегін мен Тоныкөктен басталатын, айдарлы ұлдар қазақ деген ұлтты аман алып қалды. Арыға бармай – ақ Үш жүздің басын біріктірген Абылай, қасқайып жауға шапқан Қабанбайлар, елдің рухани құты Махамбет пен Абайлар қазақты ел етемін егеске түсті. Алаш азаматтарының басы кесілді.

Араға жарты ғасыр салып жасып қалған қазақтың жігерін, рухын 1986 жылғы желтоқсан ызғары оятты. Бүгінгі шалқып-тасып, көк тудың астында ән ұран айтқан алаңсыз ұрпақ, яғни біздер, желтоқсанда шашынан сүйреліп, жалаңаш мұзға отырғызылған қазақтың  қайсар қыздарына, жағы сынса да, сағы сынбай қарулы әскерге жалаң қолымен айбат көрсеткен өр қазақ жігіттеріне қарыздармыз!!!

Тәуелсіздік үшін сан ғасырлық күрестің соңғы қаны Алматының асфальтінде төгілді. Біз сол төгілген қан мен көз жастың өтеуіне келген Тәуелсіздік деген ұғымды көкке көтеруіміз керек, ағайын!

«Ақ түйенің қарны жарылған» аңсарлы күнге куә болып, жомарттыққа келгенде өзгеге жүрегін жұлып беруге бар, кеңқолтық елде, кеш те болса, азаттықтың таңы атты.

Жиырмасыншы ғасыр парағының жабылуына 10 жыл қалғанда біздің ел өз Тәуелсіздігін жариялады. Тәуелсіз елдің тұңғыш президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Егемендік туралы Декларацияға қол қойды. Тәуелсіздік – Жұбан ақын айтпақшы «Мың өліп, мың тірілген»  қазақ халқына Алланың жасаған сыйы, басымызға қондырған бағы. Осы бақты бастан ұшырмау үшін санасы таза, рухы мықты ұрпақ тәрбиелеуіміз қажет.

Тарихқа кеткен есемізді түгендеп, еңсемізді тіктеуде  әлемдегі дамыған елдерден басталған инвестиция шеруін ел дамуының даңғыл жолына бағыттай алуымыз, тұралаған өндірістің тынысын ырғақты қалыпқа келтіріп, әлемдік экономикалық ықпалдастыққа жол ашты. Ақтөбенің де құлазыған құба жоны өндірістің құтты қонысына айнала бастады. Осы ширек ғасырда қойнауына құт қонған Ақтөбе мен талай ғалымдар мен ел игілігіне сүбелі үлес қосып жүрген майталман мамандарға жол ашқан университетіміз заман тынысына сай тәуелсіз елдің тегеурінді жастарын тәрбиелеп келе жатыр.

Бір жағадан бас, бір жеңнең қол шығарып, тоңның ішкі бауындай қызмет етіп жатқан университет ұжымының жеткен жетістіктері ауыз толтырып айтарлықтай. Кеше ғана бой түзеген инновациялық технологиялар паркі мен жастар үйі, жаңадан ашылып жатқан бакалавриат пен магистратура мамандықтары, т.б. мың сан жетістіктер — қадірлі әріптестер, сіздердің арқаларыңызда іске асуда!

Алда асқар асу, биік белестер бар. Тәуелсіздіктің тұғырлы салмағы табиғи ресурстардың байлығымен, материалдық игіліктердің молшылығымен өлшенбейді. Оны орнықты сақтап тұру – ұлттық сананың сансырамауымен өлшенеді. Өзінің ақылы мен арына сүйенген, жауынгер ұрпақтың жалғасы екенін жалынды ісімен айғақтап, ағалар аманатына жауапкершілік таныта білген ұрпақ қана Тәуелсіздіктің ұлы мұратын алға апарады.

Еуразия жүрегінде, өркениеттердің ұштасқан орталығында талай ұлт пен ұлыстың қызырлы мекеніне айналған ұлы Дала – біздерге, мына отырған болашақ ұрпаққа аманат!

Тәуелсіздіктің тал бесігінде тербеліп, қыран құсы қалықтаған көк аспанымыздың астында баянды да, бақытты ғұмыр кешулеріңізге шынайы тілектеспін!

Тәуелсіздігіміз баянды болғай!