Четверг, Март 28, 2024
Басты > Жаңалықтар > Жұбанов университетінде Тәуелсіздік мерекесі тойланды

Жұбанов университетінде Тәуелсіздік мерекесі тойланды

Бүгін  Студенттер сарайында  Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай   «Бабаға арман, ұрпаққа ұран болған тәуелсіздік» атты мерекелік кеш өтті.

Салтанатты шара барысында алдымен   «Жұбанов жастары» студенттік театр студиясының қойылымы қойылып, одан соң «Қазақ қаhармандары» туралы бейнеролик көрсетілді.

Алдымен сөз алған университет ректоры,  филология ғылымдарының докторы, профессор Ердембеков Бауыржан Аманкелдіұлы өз құттықтауында: «Қадірлі әріптестер, құрметті  студенттер! Барша мұраттың асқары, бақыттың бастауы болған ұлы мереке — тәуелсіздік күні  құтты болсын! Бұл күн — ата-бабалардың арманы ақиқатқа айналып, азаттыққа қол жеткен аса қасиетті күн. Бұл күн — жас ұрпаққа егеменді елдің ұланы атануына жол ашылған қастерлі күн. Бұл күн – мемлекеттік тілді жаңғыртып, дін мен ділді қайтарған, ұлттық тарихты түгендеген ұлы күн. Ендеше, Сіздерді бар игілігіміздің бастауы болған Тәуелсіздігіміздің 26 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын!», — деді.

Сондай-ақ, ректор: «Университетіміз бүгін танымастай өзгерді. Заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған Инновациялық технологиялар паркі, оқу-өндірістік алаңы,  Жұбанов баспа орталығы, Қ.Жұбанов атындағы конференц-зал, Абайтану ғылыми-зерттеу орталығы, Қ.Жұбанов атындағы ғылыми-зерттеу орталығы, 500 орындық Смартхоум типіндегі Жастар үйі бой көтерді»,- деп, қол жеткен жетістіктерімізге тоқталды.

Салтанатты кеште Бауыржан Аманкелдіұлы университеттің бірқатар профессор-оқытушылары мен қызметкерлеріне ҚР Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасын, ҚР Білім және ғылым министрлігінің Алғыс хатын,  Облыс әкімінің Алғыс хатын, Ректордың Алғыс хатын, «Қ.Жұбанов» медалін, «Университетті дамытудағы еңбегі үшін» медалін, «Университетке 50 жыл» медалін   табыстады.

Мерекелік шара кезінде халықаралық, республикалық байқаулардың жүлдегерлері, университет мақтаныштары «Гүлнар» халықтық би ансамблі мен университеттің 2013 жылғы   түлектерінің «Қос қарлығаш» би тобы өз өнерлерін көрсетсе, өнерпаз студенттер Ислам Бақтыбайдың орындауында «Көк тудың желбірегені», «Мен қазақпын», Ақбота Тәжімағанбетованың орындауында «Шіркін-ай», «Атамекен» әндерін, Жайылқан Рыскелдінің орындауында «Ақтөбе» әні шырқалды.

Сондай-ақ, техникалық факультеттің 1-курс студенті Жомарт Таубаевтың оқыған «Тәуелсіздікке тәу ету» өлеңі көпшілікті тәнті етті.