Пятница, Март 29, 2024
Басты > Жаңалықтар > Әріптестер педагогикалық тәжірибемен алмасты

Әріптестер педагогикалық тәжірибемен алмасты

Қазақстандық еңбек нарығы түлектерге қойылатын  кәсіби талаптарды  күрт көтерді. Қазіргі таңда білім беру жүйесі кадрлар дайындаудағы жаңа деңгейлі жүйені,бәсекеге қабілеттілік, білім беру қызметінің сапасын бағалау стандарттары мен рәсімдерінің еуропалық деңгейге жақындауын талап етеді.Жоғарыда аталған міндеттердің аясында жаратылыстану факультеті «Биология» кафедрасының ұйымдастыруымен «Биологияны оқытудың жаңа тәсілдері» тақырыбында  дөңгелек үстел өткізілді. Дөңгелек үстелге «Биология» кафедрасының профессор-оқытушылар құрамы  мен кафедраның филиалы ашылған  Новый орта мектебінің және Ойыл ауданы Ш.Бекмұхамбетова атындағы мектеп-гимназиясының, сонымен қатар кафедрамен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасайтын Назарбаев Зияткерлік мектебінің мұғалімдері қатысты. Басқосу барысында кадрлар дайындаудың деңгейлік жүйесі шеңберінде пікір алмасылып, оқытудың жаңа тәсілдерінің ерекшеліктері талданды және ЖОО білім беру жүйесіне заманауи әдістерді енгізу мәселелері қаралды.

Дөңгелек үстелде биология ғылымдарының кандидаты, доцент А.А.Базарғалиева «Ботаника пәнін оқыту барысында сыни ойлауды дамытудың әдістері», Новый орта мектебінің жоғары санатты мұғалімі С.Т.Жанғабылова «Биология сабақтарында функционалдық сауаттылықты қалыптастыру және дамыту», Назарбаев зияткерлік мектебінің мұғалімі Г.Б.Успанова «Биологиядағы STEM технологиясы», магистр, оқытушы Р.Н.Бисалиева «Антиплагиаттық кумулятивтік әдісін қолдану арқылы өзіндік жұмысты ұйымдастыру», Новый орта мектебінің мұғалімі П.Болатбекқызы «Мектеп түлектерін «биология» таңдау пәнінен қорытынды аттестаттауға дайындаудағы тиімді әдіс-тәсілдер», магистр, оқытушы М.С. Агадиева «TBL әдісін  биология сабақтарында қолдану» тақырыптарында баяндамаларын жасады.

Ұйымдастырушылардың бірі биология ғылымдарының кандидаты Адманова Гүлнұр Болатқызының айтуынша, бұл дөңгелек үстел кафедра филиалдарымен жолға қойылған байланыстардың алғашқы жұмысы. «Алдағы уақытта қарым-қатынасты әлі де күшейтіп, бірлескен жобаларды жүзеге асырамыз. Тәжірибе алмасу барысында кафедра мен мектептерде жаңа білім беру әдістері қолданысқа енгізілді»,-дейді Гүлнұр Болатқызы.