Пятница, Март 29, 2024
Басты > Жаңалықтар > Жас ақындар мүшәйрада Тәуелсіздікті жырлады

Жас ақындар мүшәйрада Тәуелсіздікті жырлады

Бүгін Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде Ақтөбе облысының Ішкі саясат басқармасымен бірлесе ұйымдастыруымен Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласына орай «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Тәуелсіздігіміздің 26 жылдық ұлық мерекесіне орай «Мен жанбасам лапылдап…» атты облыстық жас ақындар мүшәйрасы өткізілді.

Жыр мүшәйрасына 14 пен 30 жас аралығындағы мектеп оқушылары, колледж бен жоғары оқу орындарының студенттері, жас мамандар қатысты. Мүшәйраға қатысу үшін ақындар алдын ала өздерінің Тәуелсіздік тақырыбында жазылған өлеңдерін жолдады. Ақтөбе қаласы мен аудандарынан 60-қа жуық өлең келіп түскен.

Алғашқы іріктеу сынынан өткен 10 үміткер бүгінгі мүшәйрада бақтарын сынады. Сайыскерлер Тәуелсіздік жайындағы жүректен шыққан жырларын көпшілік назарына ұсынды. Жас ақындар жырларында еркіндік, азаттық, ынтымақ, бірлік, тәуелсіздік ұғымдарын мақтан ете отырып, патриоттық сезіммен жеткізе білді.

Сайыскерлерге танымал ақын, облыстық «Ақтөбе» газетінің бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағының Ақтөбе облысы бойынша филиалының директоры Бауыржан Өтеулиев, әдебиеттанушы ғалым, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, университетіміздегі Гуманитарлық зерттеулер институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Алпысбай Мұсаев, Ақтөбе облыстық Ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Айбек Купенов, жас ақын, университетіміздің түлегі, Ақтөбе облыстық Сағи Жиенбаев атындағы жасөспірімдер кітапханасының директоры Гүлжайнар Қалдина төрелік етті.

Жас ақындарға бас жүлде, ІІ,ІІІ орын бәйге жүлделерін Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті дайындаса, І орын жүлдесін Ақтөбе облыстық ішкі саясат басқармасы, арнайы жүлдені «Шамшырақ-Ақтөбе» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тағайындады.

Сайыс қорытындысында бас жүлде мен 100 мың теңге ақшалай сыйлықты өзгелерден оқ бойы озық шыққан Жұбанов университетінің филология факультетінің 1-курс магистранты Қастербек Сайлауғазы жеңіп алды.  Бірінші орын жүлдесі мен 70 мың теңге Шұбарқұдық гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Наурызбек Отарбекке берілді. Екінші орынға «Рика-ТВ» телеарнасының журналисі Азамат Әбілқайыр лайық деп танылды. Азаматқа жүлдемен бірге 50 мың теңге ақшалай сыйлық табыс етілді. Үшінші орын жүлдегері Жұбанов университетінің филология факультетінің 3- курс студенті Сымбат Арынова 30 мың теңге ақшалай сыйлыққа ие болды. Арнайы жүлдені «Ақтөбе» энциклопедиясы мен «Ақтөбе» қоғамдық-саяси газетіне бір жылға жазылған абонемент сертификатын №4 Хромтау орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Нұрсұлтан Қожабеков иеленді.

Қазылар алқасының төрағасы Бауыржан Бабажанұлы жүлделерді табыстай отырып, жеңімпаздарды құттықтады. Танымал ақын жастарға ағалық ақыл-кеңесін де беріп өтті. «Біз 60 шақты шығармамен таныстық. Өлеңдердің көбінде, ең басты кемшілігі болар, схематизм басым. Белгілі бір қалып. Сол қалыптан шығуға тырысқан, мейлінше алыстаған өлеңдерді іріктеуге тырыстық»,-дей келе, сайыскер ақындар арасынан болашағынан үміт күттіретін жастарды атап өтті.

Финалға өткен ақындардың өлеңдері

Жолаушыбай Ақтолқын Нұрболатқызы,

Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті филология факультетінің 1-курс студенті

 

ТӘУЕЛСІЗДІККЕ ТАРТУ

Көш түзеп замананың салтына ерген

Таңырқап дүниенің халқы көрген.

Тағылған Қазақстан кеудесіне,

Азаттық – жарқыраған Алтын Орден!

 

Бір шыңнан қадам бастық бір шыңға алып,

Бәрінде отыр бүгін жұртым бағып.

Еркіндік – ақ жүрегі қазағымның,

Тынымсыз соғып тұрған дүрсіл қағып.

 

Ашылды болашаққа қақпа тыңнан,

Мұңы бар бабалардың жаста тұнған.

Кешегі Исатай мен Махамбетім,

Алаштың арманы үшін болған құрбан.

 

Біз үшін Тәуелсіздік сарқылмас ән,

Мен бүгін қадамымды жарқын басам.

Үлгі алып жырларымды бағыттаймын,

Абай мен Шәкәрімдей асылдардан.

 

Жаңғырды халқымыздың мың өшкені,

Бар мұңда сан ұрпақтың үлестері.

Жастарым Қайрат, Ербол, Ләззаттың,

Бостаңдық теңдік үшін күрестері.

Алды азап,болды өмірдің,арты бақыт,

Аспанға жатыр бөркін халқым атып.

Қарайды Қазақстан бар әлемге

Нұр шашқан Күн кеудесін жарқыратып.

 

Өтті ғой қаһарлы қыс,долы көктем,

Заманның әр кезеңі болып өктем.

Бұл да бір дәурені ғой шалқитұғын,

Қазақтың Азаттыққа қолы жеткен.

 

Алысқа ұша берсін арман құсы,

Пенденің таусылмайды жалғанда ісі.

Қазақтың жүрегінде сақталады,

Нұр ағаның жасаған әрбір ісі.

 

Тамаша көрік берген сәнің құрып,

Барша жұрт тамсанады мәніңді ұғып.

Есілдің сол жағынан орын алған,

Астана – әсемдікпен тұрған тұнып.

 

Қалықтап желбірейді қыран байрақ,

Елтаңбам елдігіме болар айғақ.

Әнұраным әуелеп аспанымда,

Әрдайым тұра берсін мәңгі жайнап.

 

Шертеді шежіресін өткен күннің,

Тәуелсіздік аңсаған көптен бүгін.

26 жыл егемен қазағыма,

Жырлаймын шыңырауға жеткендігің.

 

Көш түзеп жастар алға қойған сенім,

Сеземін,болашақтың жарқын лебін.

Ғұмырың мәңгілікке жарқын болсын,

Тәуелсіз Қазақстан елім менің!

 

Азамат Әбілқайыр,

Жергілікті  «Рика-ТВ» телекомпаниясының журналисі

 

ТӘУЕЛСІЗДІК ТУРАЛЫ ТӘУЕЛСІЗ ЖЫР

Аңсаған тәуелсіз күн келді ғажап,
Айтады ерлеріне ел мінәжат.
Нәубетті баба көрген бала көрмей,
Ендігі оралмасын қорлық, азап.
Өзінің отанына өгей болған,
Сол болсын сорлы қазақ, соңғы қазақ!

Айтайын келісті сөз, кәделі жыр,
Қара өлең қазағымның сән еді бір.
Жар салдым, «Азатпын!» деп, Желтоқсанда,
Оның да өз себебі бар еді бір.
Тоқтықтың белгісі емес той жасауым,
Тәуелсіз екенімнің дәлелі бұл!

Бірліктен ажырама екелі бір,
Ынтымақ – әр қазақтың мекені бұл.
Тауға қарап ойлансын әрбір қазақ
Бірліксіз сүрем демей жеке ғұмыр.
Ешқашан кездеспейтін таулардың да,
Басы бөлек болғанмен етегі бір.

Еркіндік – сүйенерім сен бір емен,
Азаттық — көз жанарым мөлдіреген.
Анамның аппақ сүті – тәуелсіздік,
Ол менің ет жүрегім елжіреген!
Көк аспан — қазағымның көк байрағы,
Әлемнің төбесінде желбіреген!

 

Шалқар қаласы №3 орта мектебінің ұйымдастырушы-педагогі

 

ТӘУЕЛСІЗДІК

Олжасыз боп қайтатұғын сонардан,

Бар байлығы бассыздарға тоналған,

Азулының ауызында кететін,

Отар елді көріп пе едің оңалған.

 

Ерен ұрпақ баба үмітін ақтады,

Мойынға ұзақ құл қамытын тақпады.

Жанымыз жүн, ал жігерім құмболып,

Бізді Құдай жоғалудан сақтады.

 

Төзіңкіреу соққанменен қиынға,

Шыдау керек бұл өмірде құйынға.

Қанша суық санағанмен адамзат,

Жылулық тұр желтоқсанныңсыйында.

 

Тәуелсіздік — батырлардың білегі,

Тәуелсіздік— жыраулардың тілегі.

Тәуелсіздік— темірқазық жастанған,

Махамбет пен Исатайдың жүрегі.

 

Бұл қазақтың аласармас төбесі,

Ерлерінің дайын әркез көбесі.

Егер бізге көз алартса біреулер,

Желтоқсанның кезеулі оған жебесі.

 

Қайратымды өткір қылып қайрағы,

Жетістіктер алыс емес айдағы.

Желбірейді әлі талай тұғырда,

Қазағымның қыран ілген байрағы.

 

 

Арынова Сымбат,

Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті

филология факультетінің 3-курс студенті

 

 

БҰЛ ЖЕЛТОҚСАН…

Арма, Қазақ!

Келді, міне, кереметтің көші өре,

Тәуелсіздік!

Бұл сәтімді еселе.

Бұл желтоқсан ертең қайтып болмайды,

Болмаған ол кеше де…

…Көгеруде көсеге!..

 

Бұл желтоқсан…

Желтоқсаннан басқа ой ұқ.

Жұбан жылдар иығына бас қойып.

Болашағың бүгініңе байлаулы,

Тарихыңды жазған Алла тасқа ойып,

(Тарихыңда орны толмас қасқа ойық…)

 

Бұл желтоқсан…

Мұндағы ызғар, жел ерек.

Ерек таңда тұнжырауың келе ме еп?!

Көктің өзі «шуақ» дейтін пердесін

Аспаныңа берді емес пе шегелеп,

Бұдан артық не керек?

 

Желтоқсанда (ы)лайланған құтың – жүк,

Неден ұттық?

Ал нелерден ұтылдық?

Бәріне де қол сілтедік, түкірдік,

Маңдайыңа жазған Тәңір үкім қып

бұл таңыңа шүкірлік!

 

Иә, шүкірлік!

Шүкірліктен бұйырып тұр төр ғажап.

Бұдан былай желтоқсанда көрме азап,

Бұдан былай желтоқсанда шөл де – озат…

Жердегі – Сен,

Сен сүйетін Жер де азат,

Сүйіншімді бер, Қазақ!

 

Азат басын тәңіріне иген құл!

Найза ұшына күйбеңді емес, жейдеңді іл.

Көк туыңды көк бөрідей сүйгенде ұл,

Желтоқсанда жетіп келген жүлдең – бұл.

Содан бері бейнең гүл.

 

Шайырдайын шер тарқатып сайра, Түн!

Түнмен бірге таң атырар қайда ақын!

Бәйгесі үшін сұрамайды тай хақын:

Тәуелсіздік жазып жатса Айға атын,

Ширек жастан асты деп біл «Қайратың!»

 

Жер – жұмағың, жерұйығың белді ашқан,

Шөліңді бас…

Аласармас енді аспан.

Жыр болып тұр желтоқсаның шер басқан.

Жиырма бес рет жаңа бақыт әкелген,

Жиырма бес рет өрлігіңе өр қосқан

Бұл –

Басыңдағы жиырма алтыншы төл дастан,

Бұл – жап-жаңа Желтоқсан!

 

 

Нұрбол Маратұлы Жауынбаев,

М. Құсайынов атындағы Ақтөбе облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернатының 11-класс оқушысы

 

ТҮСІРМЕЙ ТӨМЕН БАЙРАҚТЫ

Сең соққан кеше

Желтоқсан десе

Күңіренер қазақ даласы

Қазақтық дара

Азаттық-бала

Алматы-оның анасы

 

Тани ма қазақ?

Сабира, Ләззат

Түсірмей төмен байрақты

(Нәзік жан жауды жайратты)

Арлан қалды ма?

Жалғаннан мына

Қайраттар да өтті-ау қайратты

 

Дастан жырым бар

Бостандығым бар

Ұмтылдық ғажап таңға да

Тәуелсіз елім

тәуелді жалғыз

Көктегі Жаппар Аллаға

 

Далаға мынау қарашы кәне

Өтпеген мұнда сындар қай?

Талай жыл бұрын сендей жастардың

Қанын көрдім деп тұрғандай

 

Ұл-қыздарыңа

Жұлдыздарыңа

Айта бер қазақ мақтау ән

Боздақтарыңның

Өшірме атын

Тарих дейтұғын тақтадан

 

Жұмабекова Назерке

Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті

филология факультетінің 1-курс студенті

 

 

АЗАТ КҮН ТУДЫ

Аллаға мәлім,ризықтан бұрын-тыныштық

Ризықтан бұрын тыныш таңдардың мұңы ыстық.

Атадан қалған ат басты алып алтыннан,

Бағалы елге тыныштық деген күміс құт.

 

Азат күн туды,қырандай ерлік самғаған,

Асыл арманды ақиқат күннен жалғаған.

Ұғынсаң елім, бостандық атты бақ құсы,

Сан ғасыр бойы басымызға да  қонбаған!

 

Бұл күнді күтіп батырлар жанын қиысты,

Бостандық алып күмбірлеп кетті күй ішкі

Ержүрек ұлы, қайсар қыздары бар қазақ,

Мәңгілік азат халық болуға тиісті.

 

Желді тоқсан …

Қан тоқсан …

Қаралы күн,

Жұдырықтай жүректің жанары мұң

Көкіректе сыздаған із қалды.

Кім қайтарар жандағы жара құнын?

 

Өмірден мынау келемін аласымды алып,

Түскенде сонау есіңе қаласың налып.

Қыршын қыздардың көзімде елесі тұрар

Отырғандары баласының баласын  бағып.

 

Жаңарды заман, жасампаз еліміз

Бұл күнде шүкір бақытты елміз.

Тәуелсіздік алған қазағымның

Бал татыған күндері әлі шексіз.

 

Отарбек Наурызбек Оразбекұлы,

Темір ауданы Шұбарқұдық гимназиясының

қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

 

ТӘУЕЛСІЗДІК, ТІРЕГІ СЕН ЕЛІМНІҢ!

Егемендік – ет-жүрегім, ерлігім,
Аңсап сені өтті қанша шерлі күн?
Бабалардың дұғасы едің кешегі
Ақиқатқа айналдың-ау сен бүгін.

Мен кешегі желтоқсанды көрмедім,
Бірақ бірге боздақтармен мендегі үн.
Баға жетпес байлығымсың, бостандық,
Жанымнан да бағалысың сен менің.

Тұсауымды желтоқсанда кестім де,
Азаттығым, бақыт болдың бес күнде.
Жыртық-жамау боп жүрседе киімім
Көк туымды жырқызбаспын ешкімге.

Ұрпақ үшін тұрған ызғар өтінде,
Себеп болған осы күнге жетуге.
Қайраттардың кекпен жаққан алауы
Жанып тұрад қарлы мұздың бетінде

 

Қаһармандар келмегенмен тіріліп

Қасиетті елдігіңнің құнын ұқ,

Ләззаттардың өрлігінің  арқасы ол

Көк ту тұрса қақ төрімде ілініп.
Тəуелсіздік – төл даламның дастаны,
Тәуелсіздік – желтоқсанның жас жаны.
Тəуелсіздік – көз жасы мен ананың,
Кенесары, Махамбеттің бастары.

Ақын болам, туғаннан соң ақын боп,
Көмейімде айтар сөзім жатыр көп.
Өз жерім бар, өз елім бар, өз патшам
Бақытсызбын деп айтуға хақым жоқ.

 

Қожабеков Нұрсұлтан Қазиханұлы,

№4 Хромтау орта мектебінің

қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

 

ТҰҒЫРЛЫ ЕЛІМ – ТӘУЕЛСІЗ

Дала мінез, дархан көңіл бабалар,

Батырлығы – білеу күшті қара нар.

Ақындығы – құлын желіс қара өлең,

Жомарттығы – қонақ жайлы, ақ адал.

 

Тағдырынан тартып талай азап – мұң,

Заманадан аңсағаны —  Азат күн…

Жайлауындай кең көсілген көңілі,

Жайсаң мінез қанында бар қазақтың.

 

Сөзде шешен, тілі – найза, от – көңіл,

Ат үстінде көшпелі боп өтті өмір.

Тірлігі бар домбыра мен қобыздың,

Пернесінен шыққан саздай қоп – қоңыр.

 

Керегеміз қайғы болып, шер – түндік,

Дәуірлердің дауылынан серпілдік.

Аңсай күткен тұңғышындай әулеттің,

Тоқсан бірде келді өмірге – Еркіндік.

 

Тоқсан екі қылығымен өрнектеп,

Елдігіміз бір жасқа да келді ептеп.

Нәресте ел бұғанағы бекіген,

Бас көтеріп, бауыр жазды еңбектеп.

 

Тоқсан үште етек жауып, ес білді,

Алдындағы етті өзіне көшті үлгі.

Екі жаста Егемендік теңгемен,

Тәй – тәй басып, тұсауын да кестірді.

 

Тегі – кие, Көкбөрінің көкжалы,

Еркін елім үштен де өтті олжалы.

Тоқсан бесте тік көтеріп тұғырын,

Ата Заңмен болашағын болжады.

 

Тәуелсіздік. Бақытты шақ. Бейбіт күн.

Мақтанышпен бой кернеген күйді ұқтым.

Төрімізде хандық құрған татулық,

Алла берген кереметі сыйлықтың.

 

(Ғазалыңда ғайып болмай тым ерте),

Бостандығым темірден ки кіреуке.

Тарихы – мұң, тағдыры бар ғажайып,

Тыныштықпен берсін бірге күнелте.

Жаратқанның нұры жауған ұлы өлке!!!

 

Жолмырза Әлімжан

Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті

филология факультетінің 4-курс студенті

 

ТӘУЕЛСІЗДІКТІ ҰЛЫҚТАУ

(НЕМЕСЕ ЕГЕМЕНДІК АСПАНЫНАН ТУҒАН ЖЫР)

 

Аспанға ұшақтар ұшып барады,

(Аман қонады адамы).

Еркіндік сені құшып барады,

Екпіні сүйіп даланы.

 

Көңілді асқақ үн шертіп өтеді,

Азаттық неткен ұлысың!

Жанымды шымшып елжіретеді,

Егемендіктің тынысы.

 

Көзді жұмбаймын талып қалса да,

Көңілім әлі сенбеуде…

Бодан боп жүрген xалық қаншама,

Өмірі кеткен шерменде.

 

Азат күн ақпен боялғандай шын,

Артық қоямын жанымнан.

БАБА АРМАНЫНАН оянғандайсың,

Қаншама ғасыр САҒЫНҒАН!

 

Тәубелі елім бағың бұл әлгі ,

Тәубе етейікші барға шын.

Сыпырсамда мен разымын мәңгі ,

Егемен елдің ауласын!!!

 

Қастербек Сайлауғазы,

Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті

Филология мамандығының 1-курс магистранты

 

 

САҚТА, ҚҰДАЙ, ТАБАҢНАН

(Тәуелсіздікке арнау)

Ақсарбас жеп көршіміз көк қасқасын сый еткен.

Ұрпағы едік оғыланның ұстағанын  іи еткен.

Қызыл қанмен ақ таңға тіредік кеп ат басын,

Ақ табанда Арқардың сөлін сорып сүйектен.

 

Тастан оқып ержеттік замандарды шаң басқан.

Әділет деп сермелді алмаз жүзді алдаспан.

Сүрінбесін тәуелсіз ел дейтұғын ерттеулі,

Алты қабат айылы тоқпан жалды марқасқаң.

 

Ұлтын сүймес ұланның тамағына тас тығыл.

Қазақ деген құранның қасиетіндей басты ұғым.

Даладай бол досыңа ата заңы дәл осы,

Алтын ердің қасына күн шағылып шашты нұр.

 

Күн арқалап ұш қыран мәңгі түспе бағаннан.

Ай мүйізді арғымақ от борасын тағаңнан.

Ал боз інген бошала сарыарқаны бетке алып,

Анам туған босаға күн көрейін сағаңнан.

 

Бүгінгі кеш жайлы тым шулатпайды бөрі абыз.

Өксімейді айлы түн қан жұтпайды қорамыз.

Қазағың бар қасыңда қан көтерген баласын,

Енді ешкімнен шошыма ұйықта ерке дала қыз.

 

Қош, қара қос!

 

Маңдайыма жазып тағдыр қырсығын,

Таңдайыма ақ тамызып бір сығын,

Кіндік қаным кигізіне тамшылап,

Қара қоста сыпырылған тұмсығым.

 

Күн өртеген қара күнгей құмының,

Табанымнан көп өткізгем жылуын.

Қара қылды жарған қазақ тілінің,

Үрпін емген қара таудың ұлымын!

 

Арасында қара қи мен қара көң,

Сырласушы ем қара таспен, даламен.

Қара қостың іргесінде отырып,

Тыңдап өскем әжем айтқан қара өлең.

 

Қансоңара түлкі өмірге таласар,

Қара тұлпар ауыздықпен таң асар.

Самаурыннан қанып ішіп қара шай,

Ертегі оқып беретұғын қара шал.

 

Мен — бота боп, бота – мен боп далада,

Ұйықтайтыңбыз құшағында нар ана.

Қара лаққа шашу шашқам той жасап,

Құмалақты уыстап ап қорада.

 

Ат ағашта тықыршыса сәйгүлік,

Қуанатын қара бала тай мініп.

Түсіме еніп, аймалайтын түнімен,

Түңіліктің жыртығынан ай кіріп.

 

Қорық беріп, құрт мұжытқан анамыз,

Арда емген асау едім о нағыз.

Бұрымымен арқандаған мені алғаш,

Қара қоста қымыз құйған қара қыз.

 

Қазақпенен қара дала бір ұғым,

Тарпаң мінез тағылықтан сыр ұғын.

Қанды балақ шыңда отырып аңсайды,

Қара қоста қалған қара тұғырын.

 

Қандалса да құрмауы ғұмырың,

Қасиеті қара бұлақ суының.

Қара қостың қара тауда қарт бабам,

Туын байлап, көтерді алғаш уығын.

 

Мәдениет дейтін мәңгүрт қолқа сап,

Деді «ұлттың тарихына балта шап» .

Ата жұрттан қосып кетті қара қос,

Екі теңін қара атанға арта сап…