Четверг, Апрель 25, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Жас ақындар мүшәйрасы

Жас ақындар мүшәйрасы

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде облыстық ішкі саясат басқармасымен бірлесе ұйымдастырумен Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласына орай «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Тәуелсіздігіміздің мерекесіне орай «Мен жанбасам лапылдап…» атты облыстық жас ақындар мүшәйрасы өткізілді.

Жыр мүшәйрасына мектеп оқушылары, колледж бен жоғары оқу орындарының студенттері, жас мамандар қатысты. Мүшәйраға қатысу үшін ақындар алдын ала өздерінің Тәуелсіздік тақырыбында жазылған өлеңдерін жолдады. Ақтөбе қаласы мен аудандарынан 60-қа жуық өлең келіп түскен.

Сайыскерлер Тәуелсіздік жайындағы жүректен шыққан жырларын көпшілік назарына ұсынды.

Мүшәйраға ақын, облыстық «Ақтөбе» газетінің бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының директоры Бауыржан Бабажанұлы төрағалық етті. Қазылар құрамында университеттегі гуманитарлық зерттеулер институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Алпысбай Мұсаев, облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Айбек Көпенов, ақын, облыстық Сағи Жиенбаев атындағы жасөспірімдер кітапханасының директоры Гүлжайнар Қалдина болды.

Сайыс қорытындысында бас жүлде мен 100 мың теңге ақшалай сыйлықты университеттің филология факультетінің 1-курс магистранты Қастербек Сайлауғазы жеңіп алды.  Бірінші орын жүлдесі мен 70 мың теңге Шұбарқұдық гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Наурызбек Отарбекке берілді. Екінші орынға «Рика-ТВ» телеарнасының журналисі Азамат Әбілқайыр лайық деп танылды. Азаматқа жүлдемен бірге 50 мың теңге ақшалай сыйлық табыс етілді. Үшінші орын жүлдегері университеттің филология факультетінің студенті Сымбат Арынова 30 мың теңге ақшалай сыйлыққа ие болды. Арнайы жүлде — «Ақтөбе» энциклопедиясы мен «Ақтөбе медиа» ЖШС-на қарасты облыстық «Ақтөбе» газетіне бір жылға жазылу сертификатын №4 Хромтау орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Нұрсұлтан Қожабеков иеленді.

Жадыра АРЕН.

источник