Суббота, Апрель 20, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Басты міндет — сапалы маман даярлау

Басты міндет — сапалы маман даярлау

Кеше облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалық етуімен Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік  мемлекеттік университетіндегі байқау кеңесінің кезекті отырысы өтті. Шараға ҚР Білім және ғылым министрлігінің департамент директоры, кеңес мүшесі Гүлзат Көбенова онлайн режимінде қатысты. Сондай-ақ, жиынға байқау кеңесінің мүшелері жиналды.

Алдымен Бердібек Сапарбаевқа этнопсихология, тұлға психологиясы және «Сана» психологиялық-педагогикалық кеңес беру кабинеттері таныстырылды. «Сана» психологиялық-педагогикалық кеңес беру кабинеті университет студенттері мен оқытушыларына ақысыз психологиялық көмек және қолдау көрсетеді.

Бердібек Сапарбаев бастаған топ университеттің студенттерге қызмет көрсету орталығы,  «Smart орталығы», «Шолпы» ұлттық тәрбие орталығы, «Жұбановтану» ғылыми-зерттеу орталығын аралап көрді.

Бұдан кейін бақылау кеңесінің жиыны өтті. Күн тәртібінде үш мәселе қаралды.

Жиын барысында Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің ғылым және инновациялар жөніндегі проректоры Р.Бекназаров байқау кеңесінің биыл атқарған жұмыстарына тоқталып, кеңестің келесі жылға жоспарлаған жұмыстарын бекітуді ұсынды.

Аталған университет ректорының бірінші проректоры Қ.Шүнкеев оқу орнының стратегиялық жоспарының орындалуын жан-жақты баяндап берді. Оның айтуынша, университеттің жағдайын талдау барысында бірнеше мәселе анықталыпты.

Біріншісі — студенттер санының азаюы. Соңғы 8 жылда мұндағы білім алушылардың саны 2 есеге дейін азайып кеткен. Екіншісі, магистранттар мен докторанттар үлесі бар болғаны — 2 пайыз. Ал білім мен ғылымның сапа көрсеткіштері магистранттар мен докторанттардың санына тікелей байланысты.

Үшіншісі, білім алушылардың ағылшын тілін жетік меңгермегендігінің салдарынан халықаралық академиялық ұтқырлық және қосдипломдық білім алу бағдарламалары мардымсыз жүргізілген. Төртіншісі, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жоғары деңгейде ұйымдастыруға қажетті технопарк болмаған. Бесіншісі, мамандықтардың барлығы бірдей аккредиттеуден өтпеген. Алтыншысы, «Серпін» бағдарламасы бойынша білім алып жатқан жастардың жатақхана мәселесі толық шешілмеген. Студенттердің 2/3-і — біздің өңірмен қатар Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Атырау және Оңтүстік Қазақстан облыстарынан «Серпін» бағдарламасы бойынша білім алуға келген жастар.

— Осындай мәселелерді шешу мақсатында университеттің 5 жылға арналған (2017-2021 жж.) стратегиялық жоспары әзірленді. Жоспарда университет дамуының басым бағыттары айқындалды, — деді Қ.Шүнкеев.

Жүйелі жасалған жұмыстардың нәтижесінде биыл университет студенттерінің саны артыпты. Қазір мұнда 10 664 жас білім алады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1193 адамға көп. Ең үлкен жаңалық — 1-курсқа 3 669 студент қабылданған. Бұл — батыс өңіріндегі ең жоғары көрсеткіш, ал республика бойынша жоғары көрсеткіштердің бірі.

Сондай-ақ, университет география-тарих және тарих-дінтану мамандықтарын оқыту бойынша лицензия алған. Жастардың бір дипломмен қос мамандық алып шығуына мүмкіндік беретін бұл жұмыстар  өз кезегінде облыстағы шағын жинақты меткептердегі кадр жетіспеушілігі мәселесін шешуге де сеп болмақ. Сонымен қатар, химия-биология, математика-физика, математика-информатика, физика-информатика мамандықтарын ашу мақсатында министрлікке ұсыныс беріліпті.

Көптілді білім беру мақсатындағы жұмыстар да жолға қойылған. Қазір бұл мақсатта білім беретін 6 мамандық бар. Мемлекеттік білім грантының 32 иегері (3-курс) физика, информатика, химия, биология мамандықтары бойынша көптілді білім беру бағдарламасы бойынша білім алуда.

Университетте дуальді білім беру әдісі де енгізіліп жатыр.

Жиында аталған университеттің ішкі аудит қызметінің жетекшісі Қ.Ағлешовтің оқу орнының ішкі аудит қызметінің есебі туралы баяндамасы тыңдалды.

Шара барысында «Дастан» компаниясының директоры, кеңес мүшесі А.Айтжанов университет басшылығына кәсіпкерлермен тығыз байланыста жұмыс істеу, кәсіпкерлердің сұранысын өтейтін мамандар даярлау туралы ұсынысын білдірді. Ал облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Н.Мұқанов университет түлектерінің барлығы бірдей жұмыспен қамтылмайтындығын, сол себепті, оларға кәсіпкерлік негіздері де қоса оқытылғаны жөн екендігін айтты.

— Мысалы, ағылшын тілі мамандығы бойынша оқу орнын бітірген жас өзі оқып-меңгерген ағылшын тілі арқылы бизнестің қандай түрін ашуына болатындығын университет қабырғасында оқып жүргенінде-ақ білуі тиіс. Бұл жастардың мамандығына сай жұмысқа орналаса алмағанда өз кәсібін ашуына септігін тигізеді, — деді Н.Мұқанов.

Жиынды облыс әкімі Бердібек Сапарбаев түйіндеді.

— Басты міндет — сапалы маман даярлау. Түлектердің жұмыспен қамтылуы, оларға сұраныстың артуы — оқу орнының сапалы маман даярлағанының көрсеткіші. Сол себепті, рейтингті көтеру керек.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысының тапсырмасымен қолға алынған мемлекеттік бағдарламалар бойынша жүйелі жұмыс жасау қажет. Рухани жаңғыру бағдарламасы, кәсіпкерлік, әлеуметтік салалардағы бағдарламаларды  жүзеге асыру керек. «Сандық Қазақстан», көптілділік бағдарламаларын да іске асыруға тікелей атсалушы — оқу орындары. Сол себепті, университеттің стратегиялық жоспары осы мемлекеттік бағдарламалармен тығыз байланысты болуы тиіс. Жаңартылған білім беру бағдарламасы бойынша үш тілде білім бере алатын физика, информатика, химия, биология мамандарын даярлау да — университет атқаруы тиіс шаруа. Бұл бағыттағы жұмыстарды облыстық білім басқармасымен бірлесіп жүзеге асыру керек, — деді Бердібек Сапарбаев. Сонымен қатар, облыс әкімі жастар тәрбиесін назардан тыс қалдырмауды, оларды әр кез бақылауды тапсырды.

 

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

источник