Понедельник, Январь 22, 2018
Басты > Құттықтаулар > Астанаға үлес қосқан университет түлектерімен мақтанамыз!

Астанаға үлес қосқан университет түлектерімен мақтанамыз!

Ақтөбе өңірі атышулы Әбілқайыр ханның, Әйтеке бидің, XV ғасырдың ұлы батыры Қобыландының, Арал мен Әжібай, Алтай мен Алыбай, Бөкенбай мен Есет Көкіұлы, Асау мен Барақ, Жоламан мен Бақтыбай, Көтібар мен оның ұлы Есет, Қарағұл мен Қайдауыл сынды көптеген ел қорғаған батырлардың, ұлы ойшыл Мөңке би, Шернияз, Ақтан, Сары, Саршолақ сияқты ұлы ақын-жыраулардың, дана күйші Қазанғап бастаған сазгерлердің мекені.

Ақтөбе өңірі әйгілі лингвист, түркітанушы Құдайберген Жұбанов пен академик Сақтаған Бәйішевтерден басталатын ондаған ірі ғалымдардың, Ұзақбай Құлымбетов, Темірбек Жүргеновтерден басталатын ірі мемлекет қайраткерлерінің, Тахауи Ахтанов, Қуандық Шаңғытбаев, Сағи Жиенбаев бастаған дарынды ақын-жазушылардың, әйгілі академик Ахмет Жұбанов бастаған сазгерлер мен суретшілердің, өзге де өнер тарландарының атамекені.

Ақтөбе өңірінің түлектері В.И.Пацаев пен Ю.В.Лончаковтей белгілі ғарышкерлердің мекені.

Сондай-ақ, Ақтөбе жері әйгілі батыр бабаларының даңқын Ұлы Отан соғысы жылдарында да лайықты түрде жалғастырды. Ақтөбе сол жылдары күллі кеңестік Шығыстан шыққан екі батыр қыздың бірі — Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың, Кеңес Одағының Батыры Хиуаз Доспанованың есімдерін мақтан етеді.

Ақтөбеде еліміздің мақтанышы болып отырған Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік  университеті, Т.Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштерінің әскери институты, М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университеті сияқты ірі жоғары оқу орындары, әрқилы мамандықтар бойынша білім беретін колледждер, кәсіптік лицейлер, жалпы білім беретін мектептер, мектепке дейінгі мекемелер жас ұрпаққа білім мен тәрбие беріп отыр.

Солардың қатарында талай түлектің арманына айналған Қ.Жұбанов атындағы АӨМУ – үздіксіз білім беріп келе жатқан, өзекті мамандықтардың қыр-сырын ұғын­дырған қасиетті қара шаңырақ.

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университеті – 40 000 мыңнан астам білікті маман даярлап шығарған Батыс Қазақстандағы жетекші жоғары оқу орындарының бірі.

Университетте студенттердің ғылыммен айналысуына үлкен көңіл бөлінеді. Ол үшін факультеттер мен кафедраларда ғылыми үйірмелер жұмыс жасайды. Тәрбие жұмысы бойынша да студенттер бойында жаңа қазақстандық патриотизм қағидаттарына сай қадір-қасиеттерді қалыптастыруға бағытталып отыр. Мұнда оқыту барысының және оқудан тыс уақытта ұйымдастырылатын тәрбие шараларының мүмкіндіктерін толыққанды пайдалануға үлкен мән беріледі. Сондай-ақ, студенттердің спортпен айналысуына жеткілікті жағдай жасалған. Олардың арасында елге танымал әлем, Азия чемпиондары, олимпиадаға қатысушылар, бірнеше спорт түрлерінен жарыстар жеңімпаздары, жүлдегерлері бар. Университетімізде кураторлық сағаттар, әртүрлі тақырыптық кештер, дөңгелек үстелдер, педагогикалық олимпиадалар, белгілі ғалымдар, өнер қайраткерлері, еңбек ардагерлерімен кездесулер өткізу дәстүрге айналған.

Біздің мыңдаған түлектеріміз университетте алған білімдері мен кәсіби біліктіліктерінің нәтижесінде  еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі еңбек сіңіріп, табысты қызмет жасауда. Бұл – біз үшін үлкен жетістік.

Астананың өсіп өркендеуіне де  осындай кәсіби мамандардың зор үлес қосатыны да сөзсіз. Солардың қатарында университет түлектерінің де үлесі зор. Сондай-ақ, елге танымал болған түлектер де аз емес. Бүгінгі таңда олардың қатарында облысқа, республикамызға белгілі  қоғам қайраткерлері, мемлекеттік сыйлықтың лауреаттары, айтыс ақындары, әншілер, журналисттер, белгілі ғалымдар мен ұстаздар, даңқты спортшылары сынды мамандар да бар.

Атап айтар болсақ, «Қазақстан РТРК»  АҚ басшысы Ерлан Қарин, «Хабар 24» телеарнасының продюсері Нұрболат Сахиев, «31 арна» редакторы Анна Данченко, «7» арнаның директор орынбасары Гүлбарам Меңдеева, «Хабар» арнасының бағдарламалар редакторы Әділбек Құламан, «Қазақстан РТРК» баспасөз хатшысы Оксана Лоскутова, «КТК» арнасының жаңалықтар бөлімінің редакторы Ербол Сейілхан, әлем чемпионы, боксшы Галиб Джафаров,  кикбоксингтен әлем чемпиондары Азамат Төлегенов пен Азат Сыдықов, қазақша күрестен халықаралық кластағы спорт шебері Бақтыбай Қисықов сынды Республикамызға танымал бірқатар түлектер болса, өз облысымызда  Ақтөбе облысы, Байғанин ауданының әкімі Шериязданов Асқар, «Ақтөбе қаласының білім бөлімі» ММ басшысының міндетін атқарушысы Индира Бексұлтанова, Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Ляззат Оразбаева, «Ақтөбе облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы» ММ басшысы Маржан ҚорғанбаеваДепутаттар — Талғат Хамитов, Сәния Қалдығұлова, Әнуар Тасимов,  Күлпаршын Айдарханова, Константин Швец, Сұлупан Шынтасова, айтыскер ақын Марат Ахметов, Жұлдыз Қожабекова, елге белгілі әншілер — Нұрболат Абдуллин, Арман Жиеналиев, Дулат пен Рита, сондай-ақ әлемді мойындатқан Димаш Құдайбергеновтей талантты ұлды өмірге әкелген өнердегі жұптар Қанат пен Светлана Айтбаевалар сынды түлектермен мақтанады.  Бұндай түлектер қатарын жалғастырып отырған бүгінгі жастар да аз емес.

 

Қымбатты талапкерлер мен ата-аналар!

Қ.Жұбанов Университеті  Қазақстан Республикасының Астана күнімен құттықтайды. Сіздерге маңызды таңдау жасауда сәттілік тілейміз!

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *