Пятница, Март 29, 2024
Басты > Жаңалықтар >  Жұбанов университеті ректоры жаңа жыл қарсаңында журналистермен кездесті

 Жұбанов университеті ректоры жаңа жыл қарсаңында журналистермен кездесті

 

Бүгін Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің  ректоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Бауыржан Ердембеков 2017 жылғы университетте атқарылған істер мен міндеттерді қорытындылауға орай журналистерге  баспасөз конференциясын өткізді.

Баспасөз конференциясы университет ректорының журналистерді жаңа жылдарымен құттықтап, сыйлықтар тапсыру рәсімімен бастады. Оқу ордамыздың мәртебесін көтеруде қомақты үлес қосып, ақпараттық қолдау көрсетіп жүрген  «Ақтөбе Медиа» ЖШС ұжымы, Облыстық «Aqto’be» телеарнасының ұжымы, «РикаТВ» телеарнасының ұжымы, «Егемен Қазақстан» республикалық газетінің меншікті тілшісі Темір Құсайын, «Хабар» телеарнасының меншікті тілшілері Мансұр Есқожин мен Лейла Әділшинова, «Литер» республикалық қоғамдық-саяси газетінің тілшісі Жанат Сисекенова Алғыс хатпен марапатталды.

Конференцияға «Ақтөбе-медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншин, «Ақтөбе» облыстық газетінің бас редакторы Бауыржан Бабажанұлы, «Актюбинский вестник» облыстық газетінің бас редакторы Айгүл Нуркеева, «Aqto’be» телеарнасының директоры орынбасары Нұрлыгүл Көшекбаева, осы арнаның жаңалықтар қызметінің тілшілері Райгүл Еншібай мен Динара Абдуалиева, «Рика ТВ» телеарнасының жаңалықтар қызметінің  тілшілері Гүлвира Сейтенова мен  Айсұлу Махмутова және республикалық газеттер мен телеарналардың Ақтөбедегі меншікті тілшілері қатысты.

Бауыржан Аманкелдіұлы кіріспе сөзінде журналистерге: «Университетімізде 10 мыңнан астам студент білім алуда. Бұл өңірлік университет үшін үлкен көрсеткіш. Сол 10 мыңнан астам студенттің мүддесінен шыға білуіміз керек, біздің профессорлық-оқытушылық құрам жаңашыл талаптарға сай болуы қажет. Бүгінгі басқосу біздің БАҚ өкілдерімен жақсы байланыстарымыздың бір алтын көпірі болсын деп жинап отырмыз. Университетімізде жақында ғана өткен бақылау кеңесінің төрағасы, облыс әкімі Бердібек Сапарбаев келіп, мен келгелі 9 айда атқарылған жұмыстардың нәтижесін көрсеттік. Университетте көптеген нысандар ашылды. Солардың ішінде ең үлкені Инновациялық технологиялар паркі мен «Жастар үйі» жатақханасы. Жатақхана мәселесі биылғы жылы түбегейлі шешіледі. Осы кезге дейін 50 пайызға дейінгі студенттер жатақханамен қамтылмай келді.  Елбасы Н.Назарбаевтың жүктеген үлкен міндеттерінің бірі Цифрлы Қазақстанға көшу. Осыған орай «Смарт университетке» көшеміз деген үлкен мақсатымыз бар»,-дей келе, магистратура және докторантура мамандықтарын ашу, қосарланған мамандықтар ашу мәселелері, шетелден келіп оқитын студенттер санын көбейту, университет тарихын жаңғырту, университет ғимараттарына Ақтөбеден шыққан, оқу-ағарту ісіне үлкен үлес қосқан тұлғалардың есімін беру  секілді алдағы жоспарларымен бөлісті.

Сондай-ақ, университет ректоры БАҚ құралдары өкілдері сұрақтарына жауап берді. Конференциядан соң жиналғандар естелік суретке түсті.