Вторник, Апрель 23, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Жетістіктер баяндалып, алғыс хаттар табысталды

Жетістіктер баяндалып, алғыс хаттар табысталды

Жұма күні Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің ректоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Бауыржан Ердембеков баспасөз конференциясын өткізіп, университеттің биылғы жылғы атқарылған  жұмыстары мен алдағы міндеттері туралы баяндады.

Оның айтуынша, бүгінгі күні университетте 10 786 студент оқиды. Оның 34%-ы Ақтөбе қаласынан болса, 54,3 %-ы — облыс аудандарынан, ал 11,3 %-ы — басқа облыстардан келіп білім алушылар. Сондай-ақ бүгінде университетте «Серпін» бағдарламасы арқылы 647 студент білім алуда.

— Жуырда университетте бақылау кеңесі өтіп, оған аталған кеңестің 11 мүшесі қатысып, кеңестің төрағасы облыс әкімі Бердібек Сапарбаевқа 9 айдағы жұмысымыздың нәтижесін көрсеттік. Оның ішінде салынып жатқан ғимараттар, сондай-ақ жатақхана бар. Биылғы жылы жатақхана мәселесі түбегейлі шешілді. Бұған дейін университет студенттерінің 50 пайызы жатақханамен қамтылмай келген еді. Ал жаңадан салынған жатақханада барлық жағдай жасалған. Сондықтан біз студенттер жатақханасын «Жастар үйі» деп атадық. Сондай-ақ алдағы уақытта біз осы өңірден шыққан, бүгінде Алматы, Астана қалаларында қызмет етіп жүрген белгілі ғалымдарымызды университетке қайтару ойымызда  бар. Себебі олардың біздің студенттерге берер тағылымы, білімі, тәрбиесі мол. Университетімізде смарт-жатақхана, смарт-кабинеттер ашамыз деген жоспарымыз бар. Елбасының алға қойған міндеттеріне орай болашақта университет ғимараттары мен жатақханаларды жаңғыртып, жаңа қондырғылармен жабдықтаймыз. Биылғы жылы университет жанынан технопарк ашылып, онда 20-ға тарта зертхана өз жұмысын бастады. Сондай-ақ ІТ-технология бойынша да орталық жұмыс жасайды. Өкінішке қарай, қазір олардың барлығына бірдей ғалымдар, білікті мамандар жетіспей жатыр. Барлық жақсы мамандар Астана мен Алматыға ұмтылады. Олардың жағдайын жасасақ, жоғары еңбекақы берсек, сонда ғана бізге ғалымдар, білікті мамандар келеді. Сол үшін қазір біз жаңа бастамаларды жүзеге асыру үшін жұмыс жасап жатырмыз, — деді Б.Ердембеков.

Оның айтуынша, биыл университетте 8 магистратура мамандығы ашылып, студенттер қабылданған. Алдағы уақытта оқу орнында докторантура бөлімі ашылмақ. Сондай-ақ университет басшылығы қосарланған мамандықтар ашу мәселесін алға қойып отыр.

Баспасөз конференциясында Бауыржан Ердембеков алдағы уақытта университетте ағылшын тілін білетін студенттерді көбейту, оларға жеңілдіктер жасау, шет елдерден келіп оқитын білім алушылардың санын арттыру, сондай-ақ жаңадан ашылған орталықтардың жұмысын әрі қарай дамыту, т.б. мәселелер бойынша қарқынды жұмыстар жүргізілетінін жеткізді.

Басқосуда Бауыржан Ердембеков университеттің нәтижесін көтеруге үлес қосқан, сондай-ақ ақпараттық қолдау көрсеткен «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншинге, «Аqto’be» телеарнасының директоры Ернұр Бураханға, «Рика ТВ» телекомпаниясының директоры Наталья Бандровскаяға, «Литер» газетінің меншікті тілшісі Жанат Сисекеноваға, «Егемен Қазақстан» газетінің меншікті тілшісі Темір Құсайынға, сондай-ақ «Хабар» телеарнасының Ақтөбедегі меншікті тілшілеріне Алғыс хаттар мен сый-сияпаттар табыс етті.

Шарада университет жанындағы Конфуций институтының Қазақстан тарапынан директоры Гүлжан Шоқымға облыс әкімінің Алғыс хаты табысталып, университеттің бір топ қызметкері «Университеттің үздік оқытушысы», «Университеттің үздік ғалым-зерттеушісі» атағы мен арнайы сертификаттарға ие болды.

Баспасөз конференциясында «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншин университет ұжымын Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, жылы лебізін білдірді.

Басқосуда сондай-ақ «Егемен Қазақстан» газетінің меншікті тілшісі Темір Құсайын университет басшылығын мерекемен құттықтап, тілегін жеткізсе, университеттің бірінші проректоры Қуанышбек Шүңкеев құттықтау сөз сөйлеп, журналистерге ризашылығын білдірді.

Баспасөз конференциясы соңында университет басшылығы журналистермен естелік суретке түсті.

 Данагүл ҚАЗИХАН.

источник