Вторник, Апрель 7, 2020
Басты > Жаңалықтар > Бүгін университетке Ақтөбе кооперативтік колледжі студенттері келді

Бүгін университетке Ақтөбе кооперативтік колледжі студенттері келді

Бүгін Жұбанов университетінде Ақтөбе кооперативтік колледжімен ынтымақтастық меморандум аясында университеттің Үздіксіз білім беру институты мен Кәсіби бағдар беру бөлімінің ұйымдастыруымен Кәсіби бағдар беру шарасы және «Тарих, этнография және археология» ғылыми зерттеу институтының директоры, тарих ғылымдарының кандидаты Дәулет Абеновтің жетекшілігімен «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет пен рухани жаңғыру идеясы және ұлттық рух» тақырыбында семинар өтті.

Семинарға 70-ке жуық аталмыш колледжді бітіруші курс студенттері қатысты. Семинарға қатыспас бұрын олар ең алдымен университеттің бас ғимаратында экскурсия жасады. «Темірқазық» студенттерге қызмет көрсету орталығы, ғылыми кітапхана, Конфуций институты жұмысы барысымен таныса келе, колледж студенттері Студенттер сарайына, Қ.Жұбанов конференц-залына соғып, ондағы заманауи материалдық-техникалық базаға қызығушылықтарын танытты. Экскурсия «Сенім», «Зерде», «Шешендік өнер», «Этнопсихология», «Сана», «Тұлға» орталықтарын аралаумен жалғасты. Колледж бітіруші түлектер университет мұражайына да соғып, университет тарихына қатысты құнды деректермен танысып, мұражайды аралап қарады.

Сонымен қатар экскурсияшылар Инновациялық технологиялар паркінде орналасқан 20-ға жуық ғылыми-зерттеу орталықтары жұмыстарымен танысып, университетте ғылымға да барлық жағдай жасалғандығының куәсі болды.

Экскурсия тобын университеттің арнайы кәсіби бағдар беру тобы жылы қарсы алып, қызықтырған мамандықтарына орай қойылған сұрақтарға жауап беріп, толық ақпаратпен қамтамасыз етті. Кәсіби бағдар беру бөлімінің басшысы Жамиля Идиеваның айтуынша, Ақтөбе кооперативтік колледжінен келген студенттер «Мектепке дейінгі білім беру», «Бастауышта оқыту», «Дене тәрбиесі және спорт», «Менеджмент», «Есеп және аудит», «Жол қозғалысын ұйымдастыру», «Ақпараттық технологиялар», «Туризм», «Құқықтану» мамандықтары бойынша білім алып жатқандар. Аталған мамандықтардың барлығы біздің университетімізде оқытылады. Сондықтан колледжден келген студенттердің көбісі білімдерін біздің университетімізде жалғастыруға ниеттерін білдіріп кеткен.

Экскурсия соңында студенттер интерактивті кәсіби бағдар беру алаңына жиналып, бүгінгі экскурсия барысында университет жайында жинақтаған мәліметтеріне орай қойылған сұрақтарға жауап беріп, есте сақтау ойынына қатысты. Қойылған сұрақтарға еш мүдірместен жауап берген 10 студент сыйлықтармен марапатталды.

Қаламыздағы орта оқу орындарымен байланыс бұдан әрі қарай да жалғасын табатын болады.