Суббота, Апрель 20, 2024
Басты > Жаңалықтар > Бибігүл Әбенова: «Өмірдің кілті – білімде»

Бибігүл Әбенова: «Өмірдің кілті – білімде»

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің оқу ісі жөніндегі проректоры Бибігүл Сейілқызының негізгі ұстанымы осындай. Жаратылысы нәзік болғанымен, қайсар мінезімен, сабырлылығымен, біліктілігімен, парасаттылығымен шәкірттеріне ғана емес, әріптестеріне де сыйлы ғалым-ұстаз Бибігүл Сейілқызы еліміздің білім беру саласында тынымсыз еңбек етіп келеді. Бұл еңбектің лайықты бағасы да берілуде. Білім саласындағы реформалардың университетте жүзеге асуында орасан үлес қосып жүрген Бибігүл Сейілқызымен жаңа жылдың бастауында сұқбаттасудың сәті түсті. Сұқбаттасқан журналист Жадыра Арен.

— 2017 жыл сіздің өміріңізге көптеген жаңалықтар алып келді. Әңгімемізді сол жайында өрбітсек?

— «Өткенге салауат» деген қазақ атамыз. 2017 жыл да тарих қойнауына енді. Ол жыл мен үшін, отбасым үшін, жалпы университет үшін жаман болған жоқ. Бұл жылы немерелі болдық, келін түсірдік. Еңбегім еленіп, «Тәуелсіздіктің 25 жылдығы» медалімен, Білім және ғылым министрінің Құрмет грамотасымен, «ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен марапатталдым. Университет басшылығы өзгерді, стратегиялық даму бағыты нақтыланды, академиялық қызметі кеңейді. Жүзеге асырылған оң өзгерістер жаңа жетістіктер әкелді. Келген 2018 жылдың да жағымды жақтары көп болсын деп тілеймін.

— Соңғы уақыттарда білім беру саласында көптеген реформалар жасалуда. Солардың бірі – үштілді білім беру жүйесі университетімізде қалай жүзеге асуда?

— Иә. Үш тілді білім беру жүйесі — білім беру саласындағы оңды өзгерістердің бірі. Елбасы атап өткендей, мамандардың бәсекеге қабілеттілігі — заман талабы. Жаһандану кезеңінде әлемдік білім кеңістігінде жастардың көп тілді меңгеруі — қажеттілік. Ол — бүгінгі күннің негізгі кредосы. Осы талаптарға сай болу мақсатында, ағымдағы оқу жылынан бастап, университеттің кейбір білім бағдарламалары үш тілде оқыту жүйесіне көшірілді. Бірінші кезекте «Білім» бағытының 6 мамандығы – «физика», «информатика», «биология», «химия», «математика», «дефектология» мамандықтарының 1-ші курстарында қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде маман дайындау басталды. Жаңартылған орта білім мазмұны жағдайында 2019 жылдан бастап мектептерді ағылшын тілін меңгерген мұғалімдермен қамтамасыз ету үшін «Физика», «Информатика», «Биология», «Химия» мамандықтарының 3-ші курстарына Министрлік тарапынан арнайы білім гранттары бөлінді. Қазір университеттің аталған мамандықтарында 32 студент үш тілде білім алуда. Сонымен қатар, университет «Білім» бағыты бойынша «Физика» мамандығы магистранттарын ағылшын тілінде дайындау құқығын иеленді. Ағымдағы оқу жылында бұл білім бағдарламасының 1-ші курсында 6 магистрант мемлекеттік грант бойынша білім алып жатыр.

— Қосарланған мамандықтар жайында не айтар едіңіз?

— Облыс территориясындағы мектептердің 50%-тен астамын шағын жинақталған мектептер құрайды. Осыған орай, қосарланған мамандықтар бойынша кадрлар даярлау міндетін тез арада шешуіміз қажет. Қазір университет Қазақстан жоғары білім жүйесінің мамандықтары тізбесіне енген 6 қосарланған мамандықтың 2-і бойынша білім беру қызметін жүргізуге лицензия иеленді. Олар – «География-Тарих», «Тарих-Дінтану» мамандықтары. «География-Тарих» мамандығына 2017 жылы студенттер қабылданды. «Физика-Математика», «Физика-Информатика», «Математика-Информатика», «Химия-Биология» мамандықтарын ашу үшін БжҒМ Білім және ғылым саласын бақылау Комитетіне құжаттар жіберілді. Қазір Комитет сарапшыларының ұсынысын күтіп отырмыз.

— Университетіміздегі мамандықтар білім сапасының халықаралық талаптарға сәйкестігін растайтын білім беру бағдарламаларының халықаралық тәуелсіз аккредиттеуінен табысты өтіп келеді. Бұл үлкен жетістік…

— Әрине, үлкен жетістік. Бұл университеттің білім беру қызметінің халықаралық тұрғыда танылуы. Оқу орнымыз институционалды және мамандандырылған аккредиттеу рәсімін бес жыл бұрын бастаған болатын. 2017 жылдың өзінде 19 мамандық халықаралық аккредиттеуден өтті. Сонымен, университет білім бағдарламаларының аккредиттелуін толығымен аяқтады. Енді мерзімі аяқталған білім бағдарламаларын қайта аккредиттеуге және жаңадан ашылған мамандықтарды аккредиттеуден өткізуге дайындалып жатырмыз.

— «Рухани жаңғыру» бағдарламасына тарихшы ретінде көзқарасыңызды білдірсеңіз. Ең алдымен қандай рухани құндылықтарымызды қолға алуымыз қажет?

— Елбасының «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» атты бағдарламалық мақаласы өскелең ұрпаққа арналған. Адамның санасы жаңармай еш нәрсе өзгермейді. Өмірдегі ең қиын дүние — бұл рухсыздық, мәңгүрттік, жігерсіздік. Қоғамның басты мақсаты — рухты ұрпақ тәрбиелеу. Ол үшін атадан балаға мұра болар ұлттық салт-дәстүрімізді, ұлттық мінез-құлқымызды, ұлттық құндылықтарымызды, тарихи жәдігерлерімізді, киелі жерлерімізді, қасиетті орындарымызды сақтап қана қоймай, ұрпақтан ұрпаққа жеткізу басты азаматтық борышымыз деп есептеймін.

— Сізді парасатты ұстаз, білікті басшы ретінде жақсы білеміз. Отбасында қандай ана, әжесіз?

— Жұбайым Даулет екеуіміз отбасында үш бала, екі немере тәрбиелеп отырмыз. Балаларымыз бен немерелерімізді адам қатарына қосу, азамат етіп тәрбиелеу — ата-аналық борышымыз.

— Жаңа 2018 жыл табалдырығымыздан аттады. Жаңа жылда қандай жоспарларыңыз, мақсаттарыңыз бар?

— Жаңа келген жылымыз жақсылыққа толы болсын! Мақсатымыз — тек еліміз үшін және жас ұрпақ тәрбиелеу үшін еңбек ету, университетіміздің дамуына қызмет ету.

— Сұқбатыңызға рахмет!