Суббота, Апрель 20, 2024
Басты > Білім > Жұбанов университетінде дуалды оқыту жөнінде ереже бекітілді

Жұбанов университетінде дуалды оқыту жөнінде ереже бекітілді

Бұл туралы Жұбанов конференц-залында «Дуалды оқыту – студенттерді практикалық даярлаудың тәжірибелік негізі» атты Облыстық ғылыми-әдістемелік семинарда мәлім етілді.

Облыстық ғылыми-әдістемелік семинарға университетінің ректораты, профессор-оқытушылар құрамы, магистранттар, студенттер, Ақтөбе облыстық білім басқармасының және қалалық білім беру бөлімінің басшылары, жалпы және арнаулы мектеп мұғалімдері, мектепке дейінгі ұйымдардың әдіскерлері мен тәрбиешілері облыстық психологиялық-медициналық-психологиялық кеңес беру орталығының әдіскерлері қатысты.

Бұл семинардың мақсаты — дуалды білім беру жүйесін ендірудің тиімді тұстарын, ЖОО теориялық тәжірибелерін ескере отырып, оқу үрдісіне енгізу, маман даярлуда дуалды білім алуға негізделген іс-тәжірибені зерттеу және талдау, маман даярлау жүйесін жақсарту мақсатында дуалды білім беру базаларымен серіктестікті нығайту.

Семинарда алдымен сөз сөйлеген университет ректоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Бауыржан Аманкелдіұлы Ердембеков «Дуалды білім беру жүйесі – дәстүрлі жүйедегідей болашақ мамандарды тек оқу орны ғана емес, өндіріс орындарында да нақты іс-әрекетке, қызметке дайындауымен сипатталады. Болашақ маман диплом алған соң, сол өндіріс орындарында тұрақты түрде жұмысын жалғастыруға мүмкіндік алады. Орта арнаулы немесе жоғары оқу орнын бітіріп шыққан жас мамандардың еңбек жолын бастағанда практикалық әрекетке тезірек қалыптасуы, икемділіктері мен дағдыларының болуы дуалды білім беруде көзделетін басты мақсат. Олай болса, дуалды білім беру жүйесін ендірудің басты тиімді тұстары үшжақты: оқу орны – студент – оқыту базасы арқылы сапалы маман даярлауды жүзеге асыру. Оқу орындары үшін дипломы бар маманның нақты жұмыс орнымен қамтамасыз етілуі, дуалды білім беру базасымен бірлесе отырып, теориялық білімнің қолданбалы жағын іске асыру, бәсекеге қабілетті маман даярлау ісін атқаруға көмектеседі.

Біздің университетімізде дуалдық жүйе өткен оқу жылынан бері техникалық мамандықтар бойынша енгізіліп, алғашқы тәжірибе жолға қойылған болатын. Болашақ металлургтер, мұнай газ ісі инженерлері тәжірибе жинақтап, практикалық сабақтарын өндіріс базаларында өтуде. Биылғы оқу жылында осы тәжірибені жалғастырып, болашақ педагогтарды даярлауда да дуалдық білім беру жүйесін оқыту процесіне енгізуді қолға алып отырмыз. Ол үшін әрине сіздермен пікір алмасып, процесті ендіру жолдарын ортақ талдағалы отырмыз», — деп, семинарда талқыланғалы отырған дуалды білім беру бағытындағы ғылыми және инновациялық жаңалықтарды қатысушы педагогтардың өз тәжірибелерінде кеңінен қолдануларына жаңа мүмкіндіктер беретініне сенім білдірді.

Содан соң Ақтөбе облысының білім басқармасының басшысы, педагогика және психология ғылымдарының магистрі Ләззат Аманжолқызы бүгінгі семинарда дуалды білім беру жүйесі жоғары оқу орындары мен білім ұйымдарының байланысын одан әрі нығайта түсетін жауапты жұмыс бағыттарының бірі екеніне, әрине, осы кезеңге дейін де Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті облыстық және қалалық білім ұйымдарымен тығыз байланыста ортақ істерді атқарып келе жатқанын, атап айтқанда, үшжақты келісімшарт негізінде студенттердің үздіксіз педагогикалық практикалардан өтуі, мектептердегі, балабақшалардағы практик мамандардың студенттердің дипломдық жұмыстарына пікірлер беріп, тәжірибелік жұмыстарына жетешілік жасауы, балабақшалар мен мектептерге университет профессор-оқытушыларының түрлі әдістемелік көмектер көрсетуі, ғылыми зерттеулерге байланысты тәжірибелік алаңдар жұмысына университет оқытушыларының жетекшілік етуін айта кетуге болатынына тоқталды.

Маман даярлаудың сапасын көтеру мақсатында университет кафедралары Ақтөбе облыстық және қалалық балабақшалар мен мектептерде өз филиалдарын ашып, студенттерге дәрістік, практикалық, зертханалық сабақтарды білім мекемесінің аясында ұйымдастыруға қадам жасап отыр.

Сонымен қатар университеттің оқу ісі жөніндегі проректоры, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Бибігүл Сейілқызы да «Жоғары оқу орындарында дуалды оқыту жүйесін енгізу мәселелері» тақырыбында баяндамасын жасап, ол: «Дуалдық жүйе — өндіріс пен оқу орындары арасындағы қарым-қатынастың арқасында пайда болған тәсіл. Бұл жүйе әлемде өзінің құндылығымен танылған. Сондықтан да Қазақстан дуалды жүйені Орталық Азияда бірінші болып қолға алды», — деп, ерекше атап көрсетті.

Қазақстан шет елдік тәжірибелер негізінде білім берудің жаңа буын мемлекеттік стандарттарын жасауға жұмыс берушілерді қатыстырып, дуалдық жүйені кәсіптік білім беру үлгісіне енгізудің мүмкіндіктері мен алғышарттарын қарастыруда.

Дуалдық жүйе бойынша оқыту білім алушылардың кәсіби біліктер мен дағдыларды, іскерліктерді тікелей жұмыс орнында меңгеріп, жан-жақты кәсіби дамуына мүмкіндік береді, білім, ғылым, өндірістің өзара байланысы мен тәжірибесін қамтамасыз ету арқылы білім беру жүйесінің сапасын арттырады.

Дуалдық оқыту жұмыс берушінің талаптарына толығымен жауап береді, өндіріс қажеттілігіне барынша жақындайды. Білім алудың жоғары деңгейіне қол жетеді, болашақ қызметкердің психологиясы қалыптасады.

Оқуды бітіргенде түлектер сол өндіріс орнының жұмыс ерекшеліктерімен және базасымен толық танысып, сол жерге жұмысқа орналасуға мүмкіндік алады.

Бибігүл Сейілқызы өз баяндамасында университетте дуалдық жүйемен айналысу қажеттілігі мен артықшылығы қарастырылып, дайындау мен енгізу

жұмыстары басталғанын, сонымен қатар «Дуалды оқыту элементтерін енгізу жөніндегі Ережесі» жасақталып, бекітілгенін де тілге тиек етті.

Семинар барысында ректор Б.Ердембеков облыстық білім басқармасының басшысы Л.Оразбаеваны «Жұбанов медалімен» марапаттады. Сонымен қатар қаладағы «Алма Рай» балабақшасымен байланыс орнатып, екі жақты Меморандумға қол қойды.

Бүгінгі облыстық ғылыми-әдістемелік семинар жұмысы «Жоғары оқу орындарында дуалды білім беру жүйесін енгізу мәселелері және мүмкіндіктері», «Дуалды оқыту жүйесінде білім ұйымдарымен серіктестікті қалыптастыру: теория және практика», «Білім берудің жаңартылған мазмұны: инновация, интеграция және оқыту технологиялары» тақырыбындағы секция жұмыстарымен әрі қарай жалғасты.