Среда, Ноябрь 21, 2018
Басты > БАҚ біз туралы > Қазақстандағы ЖОО-лар әлемдік тәжірибе негізінде білім беру саласын дамытуы қажет

Қазақстандағы ЖОО-лар әлемдік тәжірибе негізінде білім беру саласын дамытуы қажет

Жоғары оқу орындары шетелдердің жетекші университеттерімен, ғылыми орталықтарымен, ірі кәсіпорындарымен және трансұлттық корпорацияларымен бірлескен жобаларды белсенді түрде жүзеге асыруы қажет.

Әрі оқытушылардың біліктілігін арттыру керек. Бұл – биылғы Жолдауда жүктелген міндеттің бірі. Осыған орай Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетіндегі «халықаралық ынтымақтастық орталығы» әлемдік тәжірибе негізінде білім беру саласын дамытуды көздеп отыр.
Мейрамгүл Есенғұлова Жапонияның Цукуба университетінде психология бойынша арнайы курстан өтіп келген. Мол тәжірибе жинап қайтқан ол: «Елімізде бұл сала әлі толық зерттелмеген», – дейді. Сондықтан «Психология» пәнінен дәріс беретін ұстаздардың жаңа методикаларды меңгеріп отырулары қажет деп санайды. Жалпы Жапонияға сапарынан ұмытылмас әсер алған. Әсіресе, ол жақтағы тіл үйрету әдісі өте тиімді көрінеді. Шетелдік студенттер 3 айда жапон тілін меңгеріп алады екен.

Мейрамгүл Есенғұлова, Қ. Жұбанов атындағы АӨМУ оқытушысы:

– Бұл жерде бір жақсы ұнағаны – қашықтан оқыту жүйесінің жақсы жетілгені. Бұл біздің елімізде де 2012 жылға қарағанда, бұл үрдістің бізде да өте дамып, алға басып келе жатқанын көруге болады. Мен ойлаймын, біз жақсы, дұрыс келе жатырмыз қоғамда деп. Себебі жетілу алда бар. Цифрлы Қазақстан десек, енді мінекей, электронды журналдардың болуы, барлық бағалардың электронды қойылуы. Бүкіл мәліметтердің бәрін электронды жүйеде алуымыз, барлығы да жетіліп келе жатыр.

Университеттегі «халықаралық ынтымақтастық орталығы» арнайы стратегияға сәйкес, халықаралық байланысты нығайтуға күш салып отыр. «Өрлеу» бағдарламасымен 2015 жылдан бері 21 ғалым-оқытушы шетелде курс оқып келген. 65 ұстаз тәжірибе алмасу мақсатында іссапармен барған. Одан бөлек, тек өткен жылы шет елдерден 20 оқытушы келіп, біздің студенттерге дәріс оқыған. Германия, Америка, Болгария, Түркия мен Ресей ғалымдары жиі келеді екен. Осы «академиялық ұтқырлық» бағдарламасы бойынша университет 40 елдің жоғарғы оқу орындарымен арнайы меморандум жасап, студенттер алмасу процесін енгізген. Биылғы оқу жылы басталғалы 133 шәкірт шетелге білімдерін шыңдауға кеткен.

Гүлжан Шоқым, Қ.Жұбанов атындағы АӨМУ халықаралық ынтымақтастық орталығының директоры:

– Сонымен қатар біздің университетімізде инновациялық-технологиялар паркі ашылған болатын, сол парк аясында бірқатар орталықпен зерттеу зертханалары жұмыс жасайды. Және бұл зертханаларда шетелдің ЖОО -мен бірлескен ғылыми жобалар жүргізу мәселесі жолға қойылған. Соның ішінде атап өтетінім, ҚХР, Оңтүстік Корея, Түркия республикасының ЖОО -мен бірлесіп, ғалым профессорларымен бірлесіп, ғылыми жобаларды жүзеге асыруды көздеп отырмыз.

Сондай-ақ жаңа жылдан бастап Польша университетімін жасалған арнайы бағдарлама арқасында студенттердің енді бірден екі елдің дипломын алуға мүмкіндігі бар.

Авторлары:

Ақсәуле Байменшина,

Болат Молдағалиев

источник

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован.