Суббота, Апрель 20, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Елбасы жолдауын талқылады

Елбасы жолдауын талқылады

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде Елбасының биылғы Жолдауын түсіндіру мақсатында жиын өтті. Басқосуға Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Бақытбек Смағұл, университеттің оқытушылар құрамы мен студенттері қатысты.

Жиында Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл жастарды біліммен сусындатып, оларға бағыт-бағдар беретін ұстаздардың еңбегін жоғары бағалады. Сондай-ақ өңірдегі сапары барысында көтерілген мәселелерге тоқталды.

Бұдан соң облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Бұлбұл Елеусінова Елбасы Жолдауындағы міндеттерді жүзеге асыруға шақырды.

— Мемлекет басшысының биылғы жариялаған Жолдауымен мұқият танысып шықтық. Елбасымыз Қазақстанның озық отыз елдің қатарына енуі үшін бірқатар міндеттерді белгіледі. Жалпы Ақтөбе өңірін республика көлемінде салыстырғанда, барлық салалар бойынша 5 пайызға өсім бар.

Елбасы биылғы Жолдауында ұстаздар қауымына, білім саласына көңіл бөлді. Жастарға берілетін тәрбие мен білімді технологиямен ұштастыру мақсатында міндеттер жүктеді. Бұл бағытта әлемдік тәжірибені қолдануымыз қажет. Мұғалімдердің сабақ беру үрдісін де технология арқылы жеткізу керек екенін баса айтты. Сондай-ақ ұстаздардың жалақысын 50 пайызға көтеру мәселесі де айтылды.

Ендігі кезекте Жолдауды насихаттау бағытында облыстық ішкі саясат басқармасы атынан қоғам белсенділерінің қатысуымен іс-шаралар жоспары бекітілді, — деді.

Сонымен қатар Бұлбұл Елеусінова «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Оның айтуынша, биылғы жылы Ақтөбеде 111 мың тұрғынды қамтамасыз ететін 4200 тұрғын үйдің құрылысын салу жоспарланып отыр.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

источник