Пятница, Апрель 19, 2024
Басты > Білім > Қала оқушылары Жұбанов университетімен жақын танысуда

Қала оқушылары Жұбанов университетімен жақын танысуда

2018 жылдың 17-18 қаңтар күндері Жұбанов университетінде Кәсіби бағдар беру бөлімінің ұйымдастыруымен Кәсіби бағдар беру шарасы өтті.

Оған университетіміздің тыныс-тіршілігімен, материалдық-техникалық базасымен танысу үшін жоғары оқу орнының мамандықтары жайында кеңірек мәлімет алу мақсатында Ақтөбе қаласының №4, 37, 39, 21, 10, 1, 17 мектептерінен барлығы 116 болашақ түлектері келіп, оқу ордамызда экскурсия жасады.

Оқушылар экскурсиясын «Темірқазық» студенттерге қызмет көрсету орталығынан басталды. Орталық мамандары оқушыларды жұмыстарымен таныстырып, студенттерге қандай қызметтер көрсетілетіндігі жайында баяндады. Одан кейін оқушылар «Құдайберген Жұбанов» атындағы конференц-залын, Студенттер сарайын аралады. Кәсіби бағдар беру жұмыстарын жүргізу барысында бөлім маманы Нұрзада Шильманова университет туралы оларға толық ақпарат беріп өтті. Университеттің әр факультет оқытушыларынан құралған кәсіби бағдар беру тобы да оқушылар қойған сұрақтарға жауап беріп, қызықтырған мамандықтары бойынша туындаған жауап берді. Сондай-ақ, оқушыларға университет факультеттері мен мамандықтары жайында кеңінен жазылған брошюра мен буклеттер таратылды.

Одан соң экскурсияшылар Инновациялық технологиялар паркінде орналасқан ғылыми-зерттеу орталықтарының жұмыстарымен танысып, университетте ғылыми-зерттеу жұмыстарына барлық жағдай жасалғандығының куәсі болды.

Экскурсияға келген оқушылардың бірі Кристина Фейдюкова былай дейді:

— Мен №17 жалпы білім беретін орта мектеп-гимназиясының 11-сынып оқушысымын. Мамандық таңдауда әр адам өзінің қызығушылығына, қабілетіне, бейімділігіне, қалауына сүйенуі керек деп есептеймін. Сондай-ақ, бұл — өте жауапкершілікті және маңызды іс екендігін білемін. Біз қазір сондай таңдау жасайтын жауапкершілікті кезең дейміз. Мен мұндай шараны алғаш рет көріп отырмын. Көптеген жаңа орталықтар мен кабинеттермен, аудиториялармен таныстым. Бүгін өте қызықты әсер алдым. Мен болашақ мамандығымды таңдап қойғанмын. Архитектор болуды армандаймын. Әкем Ақтөбенің сәулетіне үлес қосып жүрген маман, әкемнің жолын қусам деймін. Жұбанов университетіне бұрын ешқашан келіп көрмеппін. Бүгін қаламыздағы іргелі оқу орнының заманауи базасын көріп, кеудемде мақтаныш сезімі биледі, — деді.

Ал, №10 орта мектептің 11-сынып оқушысы Хайбуллина Аяжанның ойынша: Мамандық таңдау — тағдырыңды таңдау деген сөз. Кейінгі өмірде өкінбейтіндей, өз қабілеті мен бейімділігіне сай кәсіп түрін таңдау адам өмірінің басты міндеттері деп ойлаймын, — дейді, ол.

Мен мамандық туралы көп ойландым, қазіргі кезде маркетинг мамандығына тоқталып, алдағы уақытта сол салада оқып, қызмет етсем деген арманым бар. Мамандық таңдауыма ата-анам да септігін тигізіп, қолдау білдіруде. Сонымен қатар ғаламтор арқылы да осы сала бойынша толық мағлұмат жинақтадым. Маркетолог болсам жеке кәсіппен айналыса да аламын.