Пятница, Апрель 19, 2024
Басты > Білім > Бүгін Жұбанов университеті облыстың бірнеше ірі банктерімен кәсіби тәжірибені ұйымдастыру бойынша меморандумға қол қойды

Бүгін Жұбанов университеті облыстың бірнеше ірі банктерімен кәсіби тәжірибені ұйымдастыру бойынша меморандумға қол қойды

Бүгін Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университеті мен «Экономика және құқық» факультетінің филиалы болып табылатын «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ аймақтық филиалының базасында «Педагогикалық емес мамандықтардың студенттері мен магистранттары үшін кәсіби тәжірибені ұйымдастыру» тақырыбында облыстық әдістемелік семинар өтті.

Семинарға университет ректоры Бауыржан Ердембеков, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ АФ директоры Жеделбек Мурзагалеев, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің басшысы Қайыржан Токушев, «Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы» РМҚК Ақтөбе облысы бойынша филиалының директоры Саида Садвакасова, Ақтөбе облыстық прокуратура қызметкерлерінің ардагерлер қоғамдық бірлестігінің төрайымы Мария Таджибаева және «Forte bank» АФ АҚ, «Сбербанк» ЕБ АҚ филиалы, «Cryptozone» сандық экономика орталығы директорлары қатысты.

Әдістемелік семинардың модераторы, университеттің оқу ісі жөніндегі проректоры Бибігүл Әбенова аталмыш шараның мақсаты — өңірдің нарығына қажетті бәсекеге қабілетті жоғары кәсіби білікті мамандар даярлауда тәжірибе алмасу, өзекті мәселелердің шешімін қарастыру екендігін айта отырып, осы мақсатқа қол жеткізу үшін білім беру процесін өндіріспен байланыстырудың маңыздылығы зор екенін атап өтті.

Кіріспе сөз алған университет ректоры Бауыржан Ердембеков: «Қазіргі технологияның жылдам дамыған заманында білім берудің интеграциялық сипатталуының түпкі нәтижесі — әрбір өңірдің, еліміздің тұрақты экономикалық дамуының басты қозғаушы күштеріне айналу. Жақында ғана Президенттің Қазақстан халқына Жолдауында білім беруші орындар мен жұмыс берушілердің арасындағы байланысты нығайту мәселесі өзекті проблемалардың бірі болып көтерілді. Біздің университетіміз — көп салалы университет. Оқу орнымызда барлық саладағы педагогтарды дайындаумен қатар, экономистер, заңгерлер, техникалық мамандықтар да дайындалады. Қазіргі таңда білім беруші орталықтар мен жұмыс берушілер арасында байланыс үзіліп қалды. Диплом алғаннан соң түлектерге жұмыс орындарына дағдыланып кету қиындық туғызып жатады. Сол себепті өндірістік мекемелермен байланысты күшейтуіміз керек. Біз осындай семинарларда өзекті проблемаларды ашық айтуымыз қажет», — дей келе, семинар жұмысына сәттілік тіледі.

Келесі сөз кезегін университетпен бірлесе жұмыс жасап отырған серіктес ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің басшысы Қайыржан Токушев алды: «Мемлекеттің одан әрі дамуы үшін жоғары оқу орындары өндіріспен байланысты нығайту керек. Бүгінгі бастама өте құптарлық. Біз түлектерді мемлекеттік қызметке тартумен айналысамыз. Мемлекеттік қызметке білімді, білікті жастар қажет. Департамент пен университет арасында орнаған тығыз қарым-қатынастың арқасында бірқатар жобалар жүзеге асырылуда. Біздің мекемеде университеттің 15 түлегі жұмыс жасайды», — деді.

Семинар барысында бәсекеге қабілетті мамандар дайындау үшін жастарға қандай мүмкіндіктер берілуі керек, жан-жақтылық, адами қасиет, біліктілікті арттыру, кәсіби тәжірибені тиімді ұйымдастыру мәселелері талқыланды.

Сондақ-ақ, университет ректоры Бауыржан Ердембеков «Forte bank» АФ АҚ директоры Аслан Рамазанов, «Сбербанк» ЕБ АҚ филиалының директоры Дмитрий Еремин, «Cryptozone» сандық экономика орталығы директоры Азамат Нурушев, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің басшысы Қайыржан Токушев және «Фридом финанс» АҚ филиалының директоры Рустам Газиевпен университет арасында ынтымақтастық Меморандумға қол қойды.

Семинар нәтижесін қорытындыламас бұрын жиналғандар «Cryptozone» сандық экономика орталығының базасымен танысып, майнинг және сандық экономика бойынша шеберлік класына қатысты. Семинар қорытындысында қатысушыларға сертификат табыс етілді.